Accessibility links

Клинтон Еуропа елдерінің өкілдерімен Ливиядағы жағдайды талқылайды


АҚШ мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон бүгін Женевада Еуропа елдерінің өкілдерімен кездесіп, Ливиядағы жағдайға байланысты халықаралық қауымдастықтың іс-әрекетін үйлестіру жайын талқылайды.

Сонымен бірге ол бүгін Женевада басталатын БҰҰ-ның адам құқығы жөніндегі кеңесінің отырысында сөз сөйлейді. Кеңес мүшелері Муамар Каддафи басқаратын режимді өз құрамынан шығаруды ұсынып отыр.

БҰҰ босқындар жөніндегі мекемесінің жексенбі күні таратқан хабарламасында, соңғы бір аптада Ливиядан көршілес Тунис пен Египетке ауып барған жүз мыңға жуық адамның көпшілігі шетелдік азаматтар екендігі айтылған.

Жексенбі күні БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Ливия жетекшісі Муаммар Каддафидің режиміне қарсы санкцияны бірауыздан мақұлдады. Каддафи мен оның туыс-жақындарының шетелге шығуына тыйым салынып, есеп-шоттары жабылды. Ливияға қару-жарақ эмбаргосы енгізілді.

Сонымен қоса Қауіпсіздік кеңесінің қарары халықаралық қылмыстық сотты Ливия үкіметінің шерушілерді басып-жаншуы мен бейбіт халықтың өліміне жауаптыларын тергеуге шақырады.
XS
SM
MD
LG