Accessibility links

Советтік балғын шақтан қалған комплекстер…


Мен сабақты алтыншы сыныпқа дейін орташа оқыдым. Қазақтар бас ал десе шаш алады. Баяғы Сәбет Өкіметі орыстардың билігінде болса да, қазақтар орыстардан бетер асырып тұрып бағынатын соның ережелеріне.

Орыс мектебінде ең басты назар білімге бөлініп жатқанда, бізде ең басты назар балаларды «авторитарлы Сталиндік режиммен басып» ұстауға бағытталған болатын.

Бәрімізді үшінші сыныпқа дейін тақырбас қып қоятын. Әкем хат жазып, «баламның басындағы биттерге дәрігер ретінде өзім жауап берем» деп, индивидуалдығыма сәл де болса үлес қосты. Бесінші сыныпқа дейін шеренгамен шагайттап, жақсы оқитындарды алдына отырғызып, үшке оқитындарды кемсітіп, қатты алалайтын.

Талай рет сабақтан қалып, бұрышқа теріс қарап, «кітапты жаттамайынша үйіңе қайтпайсың» дейтін.

Ол мектепте білімнен көрі дисциплинаға асыра мән берілетін.

Жартылай қазақша, жартылай орысша мектепке ауысқанымда сәл де болса еркіндік сезе бастадым. Сабаққа зер салып оқи бастадым. Бірақ бәрібір барлық сабақтан мықты болған емеспін. Арасында қашып кетіп, «банковайттап» көше аралап, үйге сабақ бітті-ау деген уақытта қайтатынмын.

Сүйікті пәндерім математика мен тілдер болатын. Кейін сүйікті пәндеріме биология мен салауатты өмір салтына баулу пәні қосылды (жас мұғалимаға ғашық едім).

Бұл мектепте барлық пәндерді жақсы білмегенмен, мені мұғалімдер «Үздіктер» қатарына қосты. Сүйреді, еркеліктерімді кешірді.

Үйде менің білім алуыма әкем орасан зор еңбек сіңірді. Ол маған түрлі санаға пайдалы ойыншықтар алып беріп, 4 жасымда әріп танып, шахмат ойнауды үйретті. Төртінші сыныптағы әпкем жаттап жүрген «Ленин и печник» өлеңін мәнерлеп оқығанын тыңдап жүріп, жаттап алдым. Әпкем менен бес жас үлкен болды, мен өзімнің оқулықтарымнан бұрын, оның оқулықтарын қызық көретінмін. Менің оқулықтарымда үшбұрыштар, дөңгелектер, әріптерді салып үйретіп жатқанда, оның оқулықтарында Октябрь революциясы, Ұлы Отан соғысы туралы қырғын қызық ақпаратар мен суреттер болатын.


Мектепте тамыздың аяғында бәрімізге кітап тарататын, кейбір оқушыларға кітап жетіспей қалатын. Менің Алматыда министрліктің кітап шығару бөлімінде көкем болатын. Сол маған әр оқулықтан екі-үш данаға дейін салып беріп жіберетін. Бір кітапты бастап, қызық емес деп тастай салған емеспін. Бүге-шігесіне дейін, авторын, кіріспесін, шыққан жылын – бәрін оқып шығатынмын.

Мен жетінші сыныпта болғанда, кітапханамда – ағамнан қалғаны бар, апамнан қалғаны бар – 11-сыныпқа дейінгі бүкіл кітаптар болатын. Әкемнің медициналық кітаптары да маған бала кезден қызық болатын.

Сол кезде түсіне аламын-ау деген оқулықтардың бәрін әдеби шығарма ұқсатып оқып шығатынмын. Түсінбегеніме әпкем мен ағам көмек берді. Анамды тек денсаулығым мазалайтын. Аурушаң болдым, талай жерде аяғыма тік тұрып кетуіме дәрігер Анам көмектесті.

Осы адамдардың арқасында жоғарғы сыныпта мектебімде «Жыл оқушысы» атандым.

Уобшым, асқан талант болған жоқ менде, тек орысша айтқанда «қызығушылық» ғана болды және шыдамды болдым. Және жүрген жерінен маған қызық кітап алып келуді парыз көрген әкем, ағам, әпкем болды.

Менің болмашы жетістігіме әкем қатты қуанып, басына көтеріп өсірді. Бірдеңе бастасам, ең алдымен «өзіңе ұнай ма?» дейтін. Ешқашан «сен бүйт, мынаны оқы, мына оқуға түспе» деген емес.

Әкем қойшының баласы болса да, өзі жетпіс жеті өнерлі кісі еді. Домбыра, да гитара да ойнайды. Бокстан да разряды бар, елуді еңселеп жүрсе де, жұдырығы ауыр болатын. Тарих пен шежіреден де мықты кісі, кез-келген тәуекелден қорықпайтын болатын. Өзі атеист бола тұра, діни кітаптардың біразын тауысқан, имамға барып әңгіме-дүкен құрып, пікірталасып та алатын. Және, ең бастысы, хирург ретінде жергілікті ел сыйлайтын.

Әкемнің жаны жаннатта болсын. Ал қалған туғандарыма Құдай ұзақ бақытты өмір берсін.

Мен бұл әлемде қорқатын нәрселерімнің бірі – әкемдей нағыз ер бола алмай қаламын ба деп үрейленемін.

http://kozqaras.wordpress.com
XS
SM
MD
LG