Accessibility links

Еуропалық Одақта әйелдердің орташа табысы ерлердікінен 20 пайыз кем


Дүкен алдында өтіп бара жатқан әйел. Афины, 19 ақпан 2010 жыл

Дүкен алдында өтіп бара жатқан әйел. Афины, 19 ақпан 2010 жыл

Еуропалық Одақ халықаралық 8 наурыз мерекесін салтанатты түрде атап өтіп, әйелдердің өткен ғасырдағы жетістіктеріне тағы бір назар аудармақшы. Алайда осы аймақтағы әйелдердің табысы әлі де ерлердікіне жетпейді.

Еуропалық комиссия халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында «Еуропалық одақ елдеріндегі әйелдердің табысы ерлермен салыстырғанда әлдеқайда аз» деген деректі келтірді. Мәселен, наурыздың 4-інде жарияланған баяндамада жазылғандай, Еуропалық одаққа мүше 27 мемлекетте әйелдердің табысы ерлердің орташа табысынан 17,5 пайызға аз және бұл айырмашылық соңғы 15 жыл бойы өзгерген жоқ.

Еуропалық одақтың адамның фундаменталды құқықтары бойынша комиссары Вивиан Рединг «бұл жағдай әйелдердің табысы еркектер табатын табыс деңгейіне жету үшін жылына екі ай қосымша жұмыс істеу керек дегенді білдіреді» дейді.
Украиналық әйелдер құқығын қорғаушыны наразылық шарасынан полиция әкетіп барады. Киев, 14 ақпан 2011 жыл
Баяндама наурыздың 8-інде атап өтілетін халықаралық әйелдер күнінің 100 жылдығы қарсаңында жарияланып отыр.

Вивиан Редингтің өкілі Мэтью Ньюманның ойынша, «бұл айырмашылықтың тамыры еңбек нарығындағы құрылымдық проблемада жатыр». Мэтью Ньюман: «Көптеген әйелдер жақсы табыс табуға болатын мамандықты меңгермейді. Бұл проблема ерте кезден басталады. Мәселен, әйелдер осы кезден әлеуметтік ғылымдарға бейім болады да, соңында жалақысы аз мұғалімдік қызметте қалып қояды. Олар жалақысы жоғары инженерлік іс, компьютерлік ғылымдар, басқарушылық секілді мамандықтарды игермейді» дегенді алға тартады.

Баяндама әйелдер мен еркектер табысы арасындағы сәйкессіздіктің одаққа мүше мемлекеттер арасында бір деңгейде еместігін көрсетеді. Мысалы, ең жоғарғы - 30 пайыз айырмашылық Эстонияда тіркелсе, Италия 5 пайыздық айырмашылықпен соңғы көрсеткіште тұр. Мэтью Ньюман Италиядағы айырмашылықтың салыстырмалы түрде төмен болуы ол елдегі әйелдердің басқа еуропалық мемлекеттердегі секілді жоғары біліктілікті қажет ететін кәсіптерді атқаратынына, әрі төмен жалақы төлейтін жерде жұмыс істемейтіндігіне байланысты дейді.
Қар күреп жатқан неміс әйел. Берлин, 20 желтоқсан 2010 жыл
Еуропалық комиссия бұл проблемамен күресуде қоғамды жұмылдыратынын айтады. Алайда бірқатар саясаттанушылар осы теңсіздікті төмендету үшін құқықтық тетіктерді пайдалануға шақырып отыр.

Еуропалық парламенттің әйелдер құқы жөніндегі комитетінің төрайымы Эва-Бритт Свинссонның айтуынша, Еуропалық одақтың ерлер мен әйелдерге бірдей мөлшерде жалақы төлеу туралы нұсқауы өзін-өзі ақтай алмаған. Ол Еуропалық комиссия бұл мәселені шешу үшін жаңа заңнама жасауы қажет деп санайды. Эва-Бритт Свинссон: «Жаңа заң еңбекақы төлеудегі кемсітушілікті жоя алатындай деңгейде жасалуы тиіс. Заң жобасы бізге нақты іске асатын нұсқау бере алатындай болуы қажет» дейді.

Еуропалық одақ елдеріндегі ірі компаниялардың 97 пайызының бас директорлары ерлер екендігін айтқан Эва-Бритт Свинссон бұл мәселенің жоғары табыс аясында шешілетінін ескертті. Төрайым «еуропалық одақ оның құрамына кірмейтін Норвегияның тәжірибесінен үлгі алу керек, бұл мемлекетте компаниялардың басшылық қызметінен әйелдерге арнайы квота бөлінген» дейді. 2011 жылдың басында Испания мен Франция осыған ұқсас заңнаманы ұсынған болатын, Бельгия да осындай қадамға баруды қарастырып жатыр.
Базарда сауда қылып отырған молдаван әйел
Мэтью Ньюман «Еуропалық комиссия бұл мәселені келесі жылы қайта қарастырғанға дейін еуропалық компаниялар әйелдерді қызметке көптеп тартатыны турасында өз еркімен міндеттеме алса» деген ойын жеткізді. Бұған қатысты ол: «Квота деген бірден бөлінетін нәрсе емес. Оны енгізу бірнеше кезеңнен тұрады. Әуелі жағдай қалай өзгеріп жатыр - соны байқаймыз, тек еш өзгеріс болмаған жағдайда әрекетке көшеміз» дейді.

Еуропалық одақ комиссиясы еуропалық компаниялардың директорлар кеңесіне мүше әйелдер санын 2015 жылға дейін 30 пайызға, ал 2020 жылға қарай тағы 10 пайызға арттыру мақсатын әлі де жасырып отыр. Мұндай квота жүйесі 27 комиссардың тек 9-ы ғана әйел Еуропалық комиссияның өзіне де қажет. Бірақ Еуропалық комиссияда қызмет істейтіндердің 53 пайызы - әйелдер.
XS
SM
MD
LG