Accessibility links

Батыс елдері Ливияға қатысты шара қолдану мәселесін талқылап жатыр


Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмерон парламентте мәлімдеме жасап тұр. Лондон, 18 наурыз 2011 жыл.

Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмерон парламентте мәлімдеме жасап тұр. Лондон, 18 наурыз 2011 жыл.

Батыс елдері мен НАТО Ливияға қатысты халықаралық қарарды жүзеге асыру үшін бүгін төтенше жиын өткізді.

Бейсенбі күні БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Ливияның әуе кеңістігі арқылы ұшуға шектеу енгізу туралы қарарды мақұлдады.

Қауіпсіздік кеңесінің 10 мүшесі қарарды қолдап дауыс беріп, бесеуі – Бразилия, Үндістан, Германия, Ресей және Қытай қалыс қалды. Әйткенмен Ресей мен Қытай Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшелері ретінде өздерінің вето қою құқығын бұл жолы қолданған жоқ.

Франция мен Ұлыбритания әзірлеп ұсынған қарарда Ливия азаматтарын Муаммар Каддафи күштерінің әуеден соққы беруінен қорғау үшін оккупациядан басқа "қажетті шаралардың барлығы" жасалатындығы айтылған.

Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмерон жұма күні парламентте сөйлеген сөзінде Лондон өз ролін атқарады деп мәлімдеді.

- Ұлыбритания әскери және бақылаушы ұшақтарын орналастырады. Мұны жасау үшін дайындықтар басталды. Қажетті шараларды қолға алу үшін алдағы уақытта ұшақтар авиабазаларға жіберіледі, - деді Кэмерон.

Халықаралық әскери әрекетке Франция да қатысады деп хабарланған еді.

Кэмеронның айтуынша, сенбі күні Франция Ливияға қарсы әрекетті талқылау үшін жоғары лауазымды халықаралық саясаткерлермен, оның ішінде Таяу Шығыс өкілдерімен келіссөз өткізбек.

Бейсенбі күні Ливия басшылығы елде болып жатқан жағдайға шетелдік әскери күш араласатын болса, онда Жерорта теңізі аймағындағы әскери және азаматтық нысандарға шабуыл жасау туралы бұйрық беретінін ескертіп мәлімдеме жасады. Хабарларға қарағанда, Каддафидің күштері бүгін Мисрата қаласын бомбылаған. Олар оппозициялық көтерілісшілердің бақылауындағы Бенгази қаласына шабуыл жасауды да көздеп отыр.
XS
SM
MD
LG