Accessibility links

Өзбекстандағы ұмытылып бара жатқан көтеріліс


Өзбекстан билігі қарудың күшімен басқан Әндіжандағы наразылық шеруінде құрбан болғандарға құран бағыштау. 14 мамыр 2005 жыл.
Өзбекстан билігі қарудың күшімен басқан Әндіжандағы наразылық шеруінде құрбан болғандарға құран бағыштау. 14 мамыр 2005 жыл.

Мартин Лютер Кингтің «Болмашы ғана әділетсіздік бүкіл әділеттілікке қауіп төндіреді» деген сөзі бар. Сол сөзден рухтанып, Тунис пен Египеттегі әділетсіз билікке қарсы тұрған халық толқулары бүкіл Таяу Шығыстағы режимдердің шаңырағын шайқалтты.

Алайда мұсылман әлемінің басқа бір бөлігінде одан да зор әділетсіздіктерге назар аударылмайтындықтан, оған қарсы тұру немесе түбірімен жою мүмкін болмай отыр.

ЖӨРГЕГІНДЕ ТҰНШЫҚТЫРЫЛҒАН ТОЛҚУ

2005 жылы Өзбекстанның Әндіжан аймағында болған қырғынның елеусіз қалуы – әлемдегі кейбір қатаң режимдердің Еуропа одағы мен АҚШ-тың үнсіз қолдауымен халқын басып-жаныштап күн кеше беретінін көрсетіп отыр. Тіпті 2005 жылы 13 мамырда Әндіжанда қанды қырғын болған кезде оған Батыс үкіметтері мен ақпарат құралдары ерекше назар аудармады. Өзі ақтап алған екі соғыспен, өз уайымы және болашақ жоспарларымен басы қатып отырған Батыстың саяси және медиа құралдарының Орталық Азиядағы бұл қырғынға көңіл бөліп, күш жұмсауға «уақыты болмады».

Халық Ислам Каримов режимінен нан сұрап, жұмыс пен сапалы білім беруді талап ету үшін жиналған Бабыр алаңында «Әл-Жазира» сынды спутниктік ақпарат арналарының да бір де бір тілшісі болған жоқ. Ал өзбек үкіметі елге
Халық наразылығын қару күшімен басқан соң Әндіжан көшелерін өзбек әскері бақылауға алды. 17 мамыр 2005 жыл.
келетін немесе елден шығатын ақпаратқа тосқауыл қойып, оқиғаны бұрмалап көрсетті.

Өзбек билігінің құрбан болғандарды дереу жерлеп, аққан қанды жылдам «сүртіп», оқиғаны сынағандардың аузын жауып тастағандықтан өзбек әскерилері қырған жүздеген бейкүнә жанның жан айқайын, адам құқын қорғау ұйымдарының тәуелсіз зерттеу жүргізуге шақырған дауысын еститін құлақ болмады.

1989 жылы Қытайдағы Тяньаньмэнь алаңында болған оқиға сияқты 2005 жылы Әндіжанда да ондаған жылдарға созылған әділетсіздікке қарсы шыққан халық толқуы жөргегінде тұншықтырылды. Тек Тяньаньмэнь оқиғасынан бір ерекшелігі – әншейінде Өзбекстанды сынайтын батыстық сыншылар жыл сайын Әндіжан оқиғасы болған қаралы күнде ләм-мим деп ауыз ашқан емес. Себебі танкіге қасқайып қарсы тұрған өзбек жігітін көрсететін ешқандай бейне көрініс немесе сурет сақталмаған. Қырғыннан қалғаны – құрбан болғандар мен хабарсыз кеткендердің ұзын-сонар тізімі ғана. Демек, 2005 жылы Әндіжанда қаза болған мыңнан аса адамның тағдыры жабулы күйі қала береді деген сөз.

Әндіжандағы қырғынға батыстық ақпарат құралдарының соңғы беттерінен ғана орын тиген еді. Ал Тунис, Египет, Ливия және басқа да елдердегі осыған ұқсас – Өзбекстандағымен салыстырғанда, әлдеқайда бейбіт – оқиғалар бүкіл әлемге толассыз таратылып, мәселе халықаралық қатынастар деңгейінде көтеріліп жатты.

БАТЫСҚА МАҢЫЗДЫСЫ ХАЛЫҚТЫҢ ТОЛҚУЫ ЕМЕС, ТАШКЕНТТІҢ ҚАС-ҚАБАҒЫ

Батыс баспасөзі Тяньаньмэнь алаңындағы қырғынға Қытайдың қатал саясатының жарқын мысалы ретінде баға берді. Араб әлеміндегі толқулар да жан-жақты қамтылып жатыр. «Көп адам құрбан болған Әндіжан қырғынына Батыс баспасөзі не себепті назар аудара қоймады?» деген заңды сұрақ туындайды.

Батыс баспасөзінде Орталық Азия елдері сөз болғанда, негізінен мұнай мен Бораттың төңірегінде ғана әңгіме өрбиді. Ал Өзбекстан – Батыстың «терроризммен соғыстағы» маңызды одақтасы, сондай-ақ Ресей мен Оңтүстік Азия нарығындағы Үндістан, Пәкістан және Ауғанстан сияқты елдердің арасында жатқан аймақтағы транзитті әрі табиғи газ өндіретін ірі мемлекет.

Өзбекстан 1990-жылдардың соңынан бері Каримов режимін құлатып,
Жергілікті тұрғындар билік күшпен басқан наразылық шеруінде қаза болған адамның денесін алып келе жатыр. Әндіжан, 14 мамыр 2005 жыл.
шариғат заңдарымен өмір сүретін мемлекет орнатуды көздейтін Өзбекстан ислам қозғалысымен (ӨИҚ) күрес жүргізіп келеді. Ол қозғалыс біраз уақыттан бері қозғалыс Ауғанстаннан пана тапқан (қазір Пәкістанның солтүстік-батысындағы шекаралық провинцияда, «Талибан» мен «Әл-Қаида» ұйымдарының арасында сәтті сағатын күтіп жатыр).

Ауғанстанда тұрақсыздық орнаса, оның қаупі Өзбекстанды да айналып өтпейтіні тарихтан белгілі. Сондықтан Ташкент НАТО-ның соғыс өрті шарпыған Ауғанстандағы іс-қимылына қолдау көрсетіп келеді. Қазір неміс жасағы Өзбекстанның Ауғанстанмен шекарасындағы базаға орналасып жатыр. Ташкент батыс мемлекеттерінің «Талибанды» құрту қадамын да қуаттайды.

АҚШ Әндіжандағы қанды қырғын кезінде Өзбекстанның оңтүстігіндегі Карши-Ханабад қаласында әскери әуе базасын пайдаланып жатқан еді. Бұл база арқылы Ауғанстандағы соғыс қимылдарына оңай енуге болады. Вашингтонның осы аймақтағы Ресей және Қытай ықпалымен күресу пиғылымен астасып жатқан бұл жағдай – «АҚШ не себепті Каримов билігін ымыраға шақыруда аса сақтық танытып отыр?» деген сұрақтың жауабы сияқты. Вашингтонның Әндіжандағы оқиғаны болмашы түрде ғана сынауының өзі АҚШ-тың аймақтағы ықпалын әлсіретер еді, стратегиялық маңызы бар әуе базасынан айырар еді.

ТИРАНМЕН КҮРЕСУДЕН ГӨРІ ТЕРРОРИЗММЕН КҮРЕСУ ОҢАЙ

Батыс мемлекеттерінің көмірсутегі ресурстарына бай әрі стратегиялық маңызы зор елмен жақсы қарым-қатынас орнатуы көп жағдайда өз идеалдарын өзгеге жығып беруге мәжбүр етеді. Батыс үшін Орталық Азиядағы одақтастары мен Сауд Арабиясындағы сенімді серіктерінің қатаң саясатын сынаудың салдары (мүмкін, үнсіз қолдау) – «терроризммен
Үкімет әскері мен жергілікті тұрғындар арасындағы қақтығыстан соң қалған бүлінген автокөліктер арасымен өтіп келе жатқан әйел. Әндіжан, 14 мамыр 2005 жыл.
күрестің» ұзаққа созылуымен бетпе-бет келгенмен бірдей. Негізі, бейбіт тұрғынды аяусыз қырған террористердің қыр соңына түсіп, сотқа тарту – ақылға қонымды сияқты көрінеді. «Ал бейбіт халықты жаппай қырған одақтастармен қандай қарым-қатынас құрған жөн?» деген сұрақ бәрінен маңызды. Егер Батыс бұл әділетсіздікке төзе беретін болса, оларға барлық жерде әділетсіздік орнау қаупі төнеді.

Ресми Ташкент «2005 жылы Бабыр алаңында тек 187 адам ғана, онда да көтеріліске айдап салған лаңкестер мен үкімет әскерлері өлді» дегенді әлі күнге дейін айтып келеді. Өзбек үкіметі әлі де дипломатиялық кездесулер өткізіп, заң қабылдап, халықаралық конференцияларға қатысып жүр.

Батыс елдерінің жетекшілері «өз азаматтарын аяусыз қырды» деп Иран мен Ливияны үнемі айыптайды. Батыстың бұл екі елге таққан айыбы – орынды және қажет. Бірақ Батыстың Әндіжан оқиғасына қатысты үнсіздік танытуынан Өзбекстан басшылығы ешнәрсе жоғалтпайды. Себебі өзбек билігіне не өз тағын, не халқын құрбан етуге тура келгенде, халықты қырғынға ұшырату жолын таңдады.

Егер Таяу Шығысты толқытқан революциялар Өзбекстанда да елдің қайта бас көтеруіне түрткі болса, өзбек билігінің бейбіт халықты тағы да қырғанына Батыстың қалай қарайтынын бақылау қызықтырақ болмақ.

(Дана Абиазид – Стамбулда тұратын тарихшы әрі журналист. Автордың мақаладағы пікірлері Азат Еуропа/Азаттық радиосының ұстанымымен сәйкес келмеуі мүмкін).
XS
SM
MD
LG