Accessibility links

Қаһарман қазақ қызы еді...


Сәбира Мұхамеджанова, Желтоқсан оқиғаларының құрбаны. Оқушы кезінде түсірілген сурет.

Сәбира Мұхамеджанова, Желтоқсан оқиғаларының құрбаны. Оқушы кезінде түсірілген сурет.

Биыл 20 жылдығын атап өткелі отырған тәуелсіздікке қалай қол жеткенін осы күнгі ұрпақтың бірі білсе, бірі біле бермейді. Елдіктің бір белгісі - өзінің өткен тарихына құрметпен қарап, тарихи тұлғаларды қастерлей білу.


Еліміздің егемендігінің іргесін қалауда өзінің жанын құрбан етуге дейін барған адамдар қаншама? Кезінде айтқызбағанымен су бетіне қалқып шыққан көбіктей, шындықтың да шыңырауда жатпасы хақ. Желтоқсан оқиғалары – ұлт тарихында өшпес ізі қалған оқиға. Сол кезді қазір ауызбен айтуға жеңіл болғанмен ақылмен ойлап, саналы түрде терең түсінген адамға оңай емес.

«CСРО көлемінде ұлы бетбұрыс жасап берген, сол Желтоқсан оқиғасында аязға тоңып, мұздай суға малшына қатып, итке таланып, әскердің өткір күрегіне туралған, шаштарынан сүйретіліп, керзі етікпен тепкіленген өрімдей жас қыз-жігіттерді ойласам, тіпті он, он бес жылға сотталып, ату жазасына бұйырылған жас өмірлерді еске алсам, ұйқым шайдай ашылып, жанымды қоярға жер таппаймын. Еріксізден көзім жасқа, кеудем кекке толады... «Бұл не деген әділетсіздік еді», - деген даусым ішімде шырқырайды... Желтоқсан көтерілісі – Тәуелсіздігіміздің кіндігі» - деп кезінде Халық қаһарманы марқұм Қасым Қайсенов айтып кеткен. Осы оқиға құрбандарының бірі Сәбира туралы білеміз бе?

«ОН АЛТЫ ЖАСТА БОЛАТЫН»

Мұхамеджанова Сәбира Есімбекқызы, 1970 жылғы қаңтардың 1-і Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы, Ақмектеп ауылында дүниеге келген. 1977 жылы «Ленин жолы» сегіз жылдық мектебінің 1-сыныбына оқуға қабылданған. 1984 жылдары осы мектепті «өте жақсы» деген бағамен үздік бітіріп, Өскемен педагогикалық училищесіне оқуға түседі...

1986 жылдың желтоқсанындағы оқиға Алматыда әскер күшімен басылды. Бірақ, дүмпу бірден басылмай, Жезқазған, Талдықорған, Шымкент, Қарағанды және Өскемен секілді қалаларға жайыла түсті. Дүйім қазақ жастарының қозғалысына ұласты. Сондай қаланың бірі Өскемен болатын. Барлық жоғары және орта оқу орындарының студенттері желтоқсанның жиырма бірінші жұлдызында Ленин атындағы орталық алаңға жиналып, өздерінің бейбіт мақсаттағы тілек мүдделерін жеткізбек болған. Барлығы да алаңсыз еді...

Бірақ, олар ойлағандай болған жоқ, арада жарты сағаттай уақыт өткенде құқық қорғау қызметкерлері жастарды ұрып-соға жөнелді. Айыпты деп танылған он беске тарта студент қамауға алынды. Тергеу барысында жастардың пікірі мен сөзіне құлақ түрген ешкім болмады. Тек біржақты қараланып, яғни ұлтшыл деген жала жабылып, орынсыз қорлауға жол берілді. Тергеудің соңы «ұлтшылдардың басын қосып, советтік қоғамға қарсы шығуды мақсат тұтқан» Сәбира Мұхамеджанова деп танылады. Әрине, небәрі он алты жастағы қыз мұндай жаланы көтере алған жоқ, ол өз ұлтына жасалған қиянатты көтере алмады. 1986 жылғы желтоқсанның 26-ы күні Өскемен қаласында жатақхананың бесінші қабатынан секіріп, өзін-өзі мерт етті.

Сәбира - тәуелсіздік жолындағы алғашқы құрбандардың бірі еді. Желтоқсан құрбаны Сәбира Мұхамеджановаға 2001 жылы “Тарбағатай ауданынының құрметті азаматшасы” деген атағы берілді.

СӘБИРАМ МЕНІҢ, СӘБИІМ МЕНІҢ!

«Ол қаршадайынан қар астындағы жауқазынға құмар болды. Көктемде үйде байыз таппай ауылдан көк қуалай ұзап кететін. Ғұмыры да бәйшешектей қысқа боларын қайдан білейін.
- Сәбирам менің, сәбиім менің!».

Мен сенің балғын күніңдегі пәк күлкіңді сағындым! Қызым менің, қызғалдағым менің неге тым ерте солдың?! Қарлығашым менің, қалықтап ұшпай қанаты неге, неге?

Айтыңдаршы ағайындар ау, менің қаршадай Сәбирамның қасықтай қанына әр кім зәру еді. Жұлынымды үзіп, жүрегімді жаралайтындай мен мынау меңіреу заманның мылқау заңына не істедім. Қызым бәрібір өмірден өтті деп, өзімді – өзім жұбатсам да, өзегімдегі өкініштің өртін кім өшіреді жанымның дертін кім жазады, кім! Кім?

Қызым менің, мен енді не деймін. Мына еліңнің бақытты болашағы жолындағы соңғы сөнген жұлдызы сен бол!

Көкірегімді ащы зар, кеудемді қайғы мұң кернесе де, өз құшағымнан жер ана бесігіне мәңгілікке беріп тұрып, халқымның тербеткенін көріп тәубе деймін.

Жұбанышым солғаны. Қасыңа қашан барғанша сенің өшпес шұғылаңа шуақтап, құдайыма құлшылық етіп, өзіңе жиі келіп тұрамын құлыным», - деп егіле есіне алатын марқұм анасы.

ҚОЛДАУ ТАППАҒАН ҰСЫНЫС

Бұл мәселе бұрын да қозғалған, бірақ қолдау таппаған. Осы мәселе бойынша марқұм болып кеткен Сайлаухан Шаймарданов деген ақсақал көп айтып, газеттерге жазған болатын. Өткен жылы 30 желтоқсанда облыс әкімінің орынбасары Түсіпхан Түсіпбекұлына, қала әкімінің орынбасары Нұрғазиев Асқарға облыс орталығындағы көшелердің біріне Сәбираның есімін беруге және ескерткіш тақта орнатуға «Патриоттық қозғалыс «Желтоқсан ақиқаты» Республикалық қоғамдық бірлестік және гуманитарлық колледждің» атынан ұсынысты Талғатбек Шайзаданұлы беріп қойған. Әкімшіліктен, қалалық мәдениет бөліміне кетіпті, содан әрі қарай жалғасып, мәселенің оңды шешімі шығады деген үміттеміз.

- «Гуманитарлық колледжде желтоқсан айында кездесу ұйымдастырдық, жақсы деңгейде өтті. Студент жастарға патриоттық тәлім-тәрбие болды деп ойлаймын. Себебі, бұрын соңды бұл мәселе қозғалмаған және көп айтылмаған деп, ұстаздардың ішінде кейбіреулері мойындады. Биылғы жылы өзі оқыған ауылындағы Ақмектеп мектебіне де, есімі беріліп қалады деген ойдамын. Тәуелсіздік күніне жиырма жылдан астам уақыт өтсе де, теріс пікірде жүрген адамдар бар екен.

Шын мәнісінде кезінде қатты қысым көрсетілгендіктен, білетін оқиғаға қатысы бар адамдар шындықты айта алмаған. Сәбира қаза болғанда қасында болған студентті таптық. Оның айтуы бойынша, тергеу органдары қысым көрсеткен. Бірнеше күн қатарынан күн демей, түн демей тергеген, анасын шақыртып, дәлізде отырғызып қойған. Сондағы марқұмның жағдайын, өзінен басқа ешкім білмейді. Дәл сол уақытта қандай сезімді бастан кешкенін, қандай күйде болғанын адамдар біле бермейді. Соған шыдамай өзінің өрімдей өмірін қиды.

Оның астарында маңызды себеп бар. Осы арқылы жиырма қыздың өмірін арашалап қалған. Тергеушіге «Ешкімге тиіспеңдер, оқудан шығармаңдар, барлығын мен ұйымдастырдым және мен алаңға алып шықтым» деген екен Сәбира. Мұның өзі қаһармандық қой. Жанұясына да көп қысым жасалған. Қазіргі уақытта бір әпкесі мен ағасы бар, ауылда тұрады. Жақында батыр қызымызға тақта қою мәселесі шешімін тапса, Сәбира білім алған қазіргі таңдағы Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжінің ұжымы ескерткіш қойсақ дегенді жоспарға алып отыр», - деген «Патриоттық қозғалыс «Желтоқсан ақиқаты» Республикалық қоғамдық бірлестік мүшесі Талғатбек Шайзаданұлы.

ibakova-aliya@mail.ru

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG