Accessibility links

АҚШ: "Әл-Қаида" ұйымы АҚШ-та жаңа террорлық шабуылдар жасамақ болған


АҚШ президенті Барак Обама 2001 жылы 11 қыркүйектегі шабуылдан қаза болғандардың рухына тағзым етіп тұр. Ньй-Йорк, 5 мамыр 2011 жыл.

АҚШ президенті Барак Обама 2001 жылы 11 қыркүйектегі шабуылдан қаза болғандардың рухына тағзым етіп тұр. Ньй-Йорк, 5 мамыр 2011 жыл.

"Әл-Қаида" террорлық ұйымы АҚШ-тың темір жолында бірнеше жарылыс жасамақшы болған және оны 2001 жылы қыркүйектің 11-інде жасалған террорлық шабуылдың он жылдығына орайластыруды жоспарлаған. Бұл туралы "әл-Қаида" жетекшісі Усама бин Ладеннің Пәкістанда тұрған үйінен табылған деректерден мәлім болды деп хабарлады АҚШ арнайы қызметі өкілдері.

Хабарламада "әл-Қаида" ұйымы мұндай шабуылдарды былтыр ақпан айында әзірлегені айтылған, алайда әзірше ондай дайындықтар жалғасып жатқаны туралы деректер жоқ.

Мамырдың 1-і күні АҚШ-тың арнайы әскери тобы Пәкістанда "әл-Қаида" жетекшісі Усама бин Ладенді өлтіргені туралы АҚШ президенті Барак Обама хабарлаған еді. Американың батыстағы одақтастары бин Ладеннің қазасы туралы жаңалықты оң қабылдап, бірақ оның өлімімен бірге "әл-Қаида" жоғалып кетпеуі мүмкін деп ескертті.

Бейсенбі күні АҚШ президенті Барак Обама Нью-Йорктегі бұрын Дүниежүзілік сауда орталығының қос мұнарасы тұрған жердегі "Граунд зиро" ескерткішіне гүл қойып, 2001 жылы 11 қыркүйектегі шабуыл құрбандарының туған-туыстарымен кездесті.

АҚШ-та 2001 жылы қыркүйектің 11-і күні «әл-Қаида» ұйымы мүшелері басып алған екі жолаушы ұшағы Нью-Йорктегі Дүниежүзілік сауда орталығына келіп соғылып, екі мұнараны да қиратқан болатын. "Әл-Қаида" сондай-ақ Пентагон мен Пенсильванияға да шабуыл жасаған. Бұл террорлық шабуылдардан 3 мыңдай адамның өмірі қиылды.
XS
SM
MD
LG