Accessibility links

Кішіпейілдік жағымпаздықтың белгісі ме?


Қазақ блогері Гастарбайтер. Алматы, 2010 жыл.

Қазақ блогері Гастарбайтер. Алматы, 2010 жыл.


Нарықтық заманда әлденені біреуге ақша беріп жасатып, адамдарға потребляттық көзқарас қалыптастырып алған жоқпыз ба осы?

Біреуге өтініш айтып отырып, ол құдды маған қарыз сияқты дікеңдеп, «Менің пәленшемді келіп жөндеп бер» деп айтуға қанша жерден дөрекі болсам да, тәрбием жібермейді. Мүмкін оңтүстіктің лыпылдақ варианты дерсіңдер. Өзім де біреудің әй жоқ, шәй жоқ түн ішінде амандық сұрамастан қара басының шаруасын айта жөнелгенін жақтырмаймын. Тіпті басынан сөз асырмайтын намысқой жапон халқының өзі де қонаққа иіліп, кішіпейілдігін көрсетеді емес пе? Жапондардың бұл тірлігі батыс әлемі үшін таңсық, экзотика іспеттес болса да, өздері үшін қанына сіңген мәдениет.

Демек сыпайылық танытып сәлемдескен соң, амандық сұрасу, кішірейіп төрге шақыру үнемі қорыққандығыңның не жағымпаздықтың белгісі емес болғаны да.

Жөн сұрасып, адамның жағдайын білу қарапайым этикет емес пе?

Қазақта «бұйымтай» деген ұғым бар. Кісі бір шаруамен келгенде босағадан шаруасын айтпайды. Алдымен үйдегі атмосфераны біліп, өтінішіңнің қашалықты орынды екенін білу үшін (мысалы, әкесінің жаназасын кеше берген адамды сыра ішіп, бильярд ойнауға шақырамын деп ренжітіп алмау үшін) керек. Үй иесі амандасып, мал-жанды біліскен соң, «Бұйымтайыңды айт!» дейді екен. Сонда өтінішпен келген адам өз шаруасын айтады.

Қалалық болам деп, бәлкім, бәріміз әміркендік іскерлік, шалттық пен пунктуалдылыққа талпынатын шығармыз. Бірақ мен де шетелдік компаниялардың еденін аз тоздырған жоқпын, байқағаным: тіпті шетелдіктердің өзі де өз жағдайын айтпас бұрын, қожайынның хал-жағдайын біліп алады.

Өмірден кішіліктің мысалын келтіретін болсам, алдымен әкем ойыма келеді. Әкемнің мамандығы – хирург. Біреуге операция жасап, ол жазылып кетсе, оны бәзбіреулер секілді бәлсініп, «өмірін сақтап қалдым» деп қаужап, міндет қоймайтын. Емдеген ауруларын көрген сайын, «Аманбысыз, асқазан қалай? Ештеңе мазалап жүрген жоқ па? Лайым, біздің бөлімге түспей-ақ қойыңыз» деген сияқты шынайы тілегін аямайтын.

Менің әкем ия бастық емес, ия атағы шыққан әнші, сазгер, ақын да емес. Қызба мінезі болса да, көзі тірісінде достарына деген ықыласын, әрқашан сәлемі түзу, көңілі ашық таныс-тамырға деген ізгі бауырмалдығын көріп өстік. Ол кісі біреуден көмек сұрайтын болса, алдымен жағдайын біліп, оны үйге тамаққа шақыратын. Немесе өтініш білдірмес бұрын, «Бізден не көмек керек?» деп сұрайтын. Алматыда оқып, қаржылық қарым-қатынасқа етім бітіп, «дүниеде бәрін ақша шешеді» деген пікірді ләйлахадай жадыма сіңірдім. Тіпті «Әкем неге дәрігер болғанша, бизнесмен болып ақша таппады екен? Неге қайдағы бір лузерлерге сонша құрмет көрсетеді?» деп ойлайтынмын. Әкем неге дүние жинамады деп кейде қынжылатынымды да мойындаймын. Тіпті кішкентайымнан дәрігер болуға дайындалып жүрсем де, мектеп бітіргенде ағылшын тілін таңдап, аудармашы болуыма да сол дәрігерлердің жалақысының аздығы себеп болғанын мойындаймын.

Қайран әкем дүниеден озған кезде келген адам үйдің айналасы түгіл көшенің ішіне сыймады. Қазақстанның бірнеше қалаларында болдым. Әр қалада оны жанындай жақсы көріп, қатты сыйлаған адамдарға кезігемін. Өзім танымайтын адамдар мені тауып алып, әкемді есіне алып, «Ахаңның әруағы үшін» деп, қолдан келген көмегін бергісі келеді.

Сонда әкем тіршілік, тірліктің бәрін қойып адамға көңіл бөлетінін дұрыс түсінбеген екенмін. Сонау 90-жылдары, мемлекеттік қызметкерлер нанға бірде жарып, бірде жарымай жүргенде сырттан қонақ келе қалса, «үйде әйел жоқ, балалар сабақта» деп сылтауратпай, шәйнегін ысытып, барымен дастарханын жайып қарсы алатын.

Әкемнің бажасы келіп, жылын берген кезде «Әкең дүние емес, дос жинаған адам» деп күңіренгені есімде. Расымен де адам өмірінің құны оның жеткен қаржылық жетістігіне емес екен-ау. Кішіпейілдік жетпейді бізге.

Қазір өзім әке болдым. Айанадай қызым бар. Егер бір себеппен өле қалсам, менің жиған дүнием оған тамақ болмайды. Кез-келген нәрсе таусылады. Таусылмайтын – тек пейіл.

kozqaras.wordpress.com

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG