Accessibility links

Әдетте адамның мінез-құлқының дербес қалыптасуына оның шыққан тегі мен алған тәрбиесі көп ықпал етеді

Ал жергілікті әрі ұлттық менталитет ортаға, қоғамдық санаға біршама тәуелді болса керек. Адамдармен араласа жүріп оның сөзі мен іс-әрекеті не болмаса әлденеге деген көзқарасын байқау арқылы қай өңірдің азаматы екенін білуге де болады. Ал сол екі өңірдің адамдарының кейде «бастары бір қазанға сыймай» қалып жататыны да рас. Сіз мұның себебін қалай түсіндіретін едіңіз? Бұл олардың арасындағы қарама-қайшы түсініктен бе, әлде оның қандайда бір себептері бар ма?

Дәріс арасындағы кезекті үзіліс. Бір-екі курстасыммен болған әңгіме барысында қытайлықтар туралы сөз қозғалды… Әңгіменің өзегі – Қытайдың оңтүстігі мен солтүстігіндегі адамдардың жалпы айырмашылығы жайында еді. Оңтүстіктің адамы десе болды әйтеуір осындағылардың (солтүстіктегілердің) оларға көңілі толмай тұрады. Ашықтан-ашық болмаса де. оларды іштей жақтырмай тұратыны байқалып қалады.

– Оңтүстіктегі адамдардың сендерден айырмашылығы не сонда?

– Олардың бойлары біраз аласалау, бет терілері нәзік әрі ақшыл, оқымысты, пысықай болып келеді…

– Бұл өзі қалыпты, табиғи дүние ғой. Оған несіне ашулануға болады?

– Олар сауда жасауға жақын әрі пайда ойлағыш келеді. Пайда жолында адамды алдап түсіру олар үшін қиын емес. Сол қылықтары біраз шамымызға тиеді. Оның үстіне біз отбасымызды тастап алысқа сапар шеге бермейміз. Ал олар қай жерде табыс көзі бар, басқасын қойып сонда ұзағынан жүруге дейін бар. Әрі өз мақсаты жолында бойындағы «өнерін» барынша салады. Ал мұндағы «мақсат» дегенді тек жақсы жағынан қарауға болмайды.

– Солай деңдер… Оңтүстік-солтүстігін білмейді екенмін, негізі біз жақта Қытай десе болды, көбісі бақа-шаян жегіштер деп ойлайды…

– Олар нақ сол оңтүстіктегілер ғой. Көзіне не көрінеді соны жей береді. Тышқан жеуден де тартынбайды. Түсінбейбін, қалай дәті барып жейді сондай дүниелерді.

Қытайдың солтүстік-шығысында тұратын қытайлық айтқан сөздерінің жаны бар негізінде. Жақында өзім де Қытайдың оңтүстігінде болып қайттым. Жоғарыда айтылғандардың расымен де көбісі шындыққа жанасады екен. Қыздары әдемі, ерлері біраз нәзіктеу, әлсіз көрінді көзіме. Тілдеріндегі айырмашылық та едәуір алшақтау. Жергілікті диалектіден бұрын, сөздің тондары, айтылу ырғағы да басқаша. Оны түсіну бізге емес, орталықтағы қытайлардың (жалпы қытай қолданатын ортақ тілді адамдардың) өзіне де қиын. Алайда Қытайдың қарыштап дамып жатқанының бір себебін сол пысық, еңбекқорлығының арқасы деуге де болатын шығар.

Жоғарыдағы пікірді айтқан Зия Бин біраз ер мінезді адам. Соларды сөз еткенімізде, «Әйелдер сияқты ұзын ғып өсіріп алған шаштарынан ұстап тұрып біраз тепкіге алар ма еді, шіркін!» деп, әзілдеп болса да ішіндегі қарсылығын білдіріп, тісін қайрап алды. Алайда бірді-екілі адамның пікірі бүкіл бір аймақтың түсінігін қалыптастыра алмасы анық.

Осы тақтыпты сөз еткен соң, интернеттегі www.baidu.com іздеу жүйесіне бас сұғып, қытайлықтардың өзі бұл мәселе жөнінде қандай көзқараста екенін білдім. Мына бір жазбада былай делінген:

«Қытайдың оңтүстігі мен солтүстігіндегі адамдардың айырмасы неде? Психологиялық тұрғыда, мінез-құлық, дене пішіні, бет әлпеті, тұрмыс ерекшеліктері, киіну, т.б. жақтарын жекелей әрі тереңірек зерттей келіп сөз етер болсақ, екі өңірдің адамдарының бір-бірінен айырмашылықтары неде деп ойлайсыздар? Бос сөз айтып қажеті жоқ. Нақ басып жауап берудің қиын екенін білемін. Сонда да болсын ара-жігін айтуға біраз тырысыңыздар. Қай қырынан алып айтсаңыздар да өз еріктеріңізде. Сіздерге рахмет! Айтпақшы қосымша сұрай кетейін: егер солтүстіктің адамы оңтүстікке келер болса жәбір көруі мүмкін бе?» деп сұрақ қояды қытай азаматы.

(Ең тұщымды жауап) географиялық ерекшелік пен ондағы климат оңтүстік адамдары мен солтүстік адамдары арасындағы бір-біріне ұқсамайтын айырмашылықты тудырды. Яғни осылайша оларда мінез-құлық, іс-әрекет, ойлау тәсілдерінің өзіндік парқы қалыптасты.

Оңтүстік адамдарынада (бұдан әрі – О.а) біраз табиғилық басым болса, ал солтүстікте тұратындарда (бұдан әрі – С.а) қоғамдық сипат, қоғамдық қасиеттер басымдау; О.а. ашық келеді, ал С.а біраз момын, жуас, қарапайымдау (простодушный); О.а. қулау, С.а. тік мінезді (прямодушный) болады; О.а. «қозы құрсақ», ал С.а. «ашқұрсақ»;

С.а. сондай-ақ төбелесқұмар. Жалпы айтқанда жақсы емес, жаман жағына тән… Десек те, бұның кейде артықшылығы да жоқ емес. Ал О.а. жақсылықпен қоса жамандықты да «тастамай қатар алып жүреді». Кейде барлық іс бір ұрсыспен оңай-ақ шешіліп жатады. Ал кейде керісінше… Сол себептен кек сақтап қалады да ол бірте-бірте көптеген қарама-қайшылықтар тудырады. Сөйтіп мәселе ушыққан күйі шешілмесе болмайтын күнге дейін жетеді. Алайда өкініштісі ол кезде екі жақтың одан шеккен зардабы «асқынып» кетуі мүмкін. С.а. олай емес. Кикілжіңде әйтеуір пышақ жұмсамаса болғаны. «Орындықпен» ұрып-ақ біреудің басын жарып, қанын сорғалата алады. Барлық мәселе көп жағдайда осылай шешіледі. Одан әлгіні емханаға апарып жарасын таңып болған соң «екі бауыр» бірге тамақтанып, жартыларын бөліп ішіп, жүрегіндегі «ыстық лебіздерін» айтады. Содан кейін-ақ, олар жақын достар болып кете береді…

С.а. кісілік, адамгершілік, адалдық сезімдерін жиі айтқанды жақсы көреді. Адалдықты қашан да бірінші орынға қояды. Ал дұрыс-қатесі – кейінгі мәселе. «Менің бауырымның көңіліне қаяу салған кім болса да ол үшін өзім «тұрып» беремін! Негізінен, бауырым, сенікі мейлі қаншалықты қате болса да, бәрібір оның сазайын тарттырамын! Бауырымның алдында қателігін мойындатып, кешірімін алып, бауырымның кір шалған көңілін қалпына келтіремін!..» Бұл С.а.-ның мәдениет деңгейінің жоғары еместігінің белгісі болады. Ал О.а керісінше ылғи ақ-қара, дұрыс-бұрысын айырумен түсіндіреді. Сөйтіп олардың көзқарасында адалдықтың салмағы біраз жеңілдеп қалады. Себебі әр нәрсені заң-тәртіппен шешіп, оған бойұсынуды әдет қылған.

О.а.-ның миы «қатты жұмыс істейді». Бұл бәлкім олардың нарықты одан да әрі қарай дамыта түсуі турасындағы түсінігінен болар?! Олар мұның себебін бәсеке, жұмыс, ақшамен түсіндіреді…

Оңтүстіктің қыздары (әйелдері) тыныш, мінезі салқын, адамды «баурағыш» болады. Біршама көкіректігі де бар. Олар расымен де қызу әрі көңілді ортаның отын тез сөндіре алады. Ал солтүстіктің қыздары (әйелдері) шалқып-тасып кеткенді тізгіндеп, уысына ұстай да, қажет болса оны босата да алады. Көңілді, мерейлі, ашық мінезді, әрі жұмырлау келеді.

О.а. мен С.а. әртүрлі ортада әртүрлі мәдениетке ие болған. Осылайша екі аймақтың өзіне ғана тән адамдардың табиғаты қалыптасты. Негізі аймақтың мәдениетін талқыға салып жіктегенді ұнатпаймын. Өзім оңтүстіктің адамымын. Бірақ солтүстікте оқығанмын. Жұмысым оңтүстікте. Әріптестерімнің арасында солтүстіктен келгендер көп. Сіз оңтүстікке келуден еш алаңдамаңыз. Сізді солтүстіктен келіпті деп ешкім сөкпейді.

P.S. Қай мемлекетте болмасын сол елдегі әр аймақ адамдарының кейбір жағдайларда бірін-бірі түсінбеуі, не болмаса қалыптасып қалған жергілікті менталитетке қарай адамдардың мінезі мен түсінігінің әрқилы болып келетіні табиғилыққа жақын сияқты. Сіз жоғарыда баяндалған қытайлардың көзқарасы мен біздің елде қандайда бір ұқсастық бар деп ойлайсыз ба? Қандай?

ertai.dosym.kz/

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG