Accessibility links

Қазақстандық нөмір бірінші миллиардер өзгеруі мүмкін


Болат Өтемұратов, Қазақстан президентінің штаттан тыс кеңесшісі

Болат Өтемұратов, Қазақстан президентінің штаттан тыс кеңесшісі

Швейцариялық Glencore («Гленкор») компаниясы акцияларын Лондон биржасына шығарса, Қазақстанда аса бай адам пайда болуы мүмкін деп жазады Daily Telegraph («Дэйли Телеграф») басылымы мамырдың 6-сы күнгі санында.


«Гленкор» өзінің 7,9 миллиард АҚШ доллары болатын табысының 40 пайызын «Қазмырыш» компаниясының серіктесі «Верный Капитал» сатып алса, Болат Өтемұратов 2 миллиард АҚШ доллары көлемінде пайда таппақ.

КӨМЕКШІ БАЙ МА, КҮЙЕУ БАЛА БАЙ МА?

Болат Өтемұратов компанияның 7 миллиард АҚШ доллары бар үлесшісіне айналуы да әбден мүмкін. Инвесторлар акцияның сатылымына қатысуға асыққандықтан «Гленкордың» 10 миллиард АҚШ доллары шамасындағы акция пакеті алғашқы күні-ақ жабылып кетті деп жазады басылым.

Дипломат әрі банкир Болат Өтемұратов Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «сенімді көмекшісі» ретінде мәлім. Ол алғаш рет «Форбс» журналы жариялаған әлемдегі бай адамдардың тізіміне 2008 жылы 1 миллиард АҚШ долларына тең байлығымен енген. Daily Telegraph басылымының жазуынша, енді Өтемұратовтың байлығы Тимур Құлыбаевтан да, лондондық ірі тау-кен корпорациясы ENRC-дің тең құрылтайшылары Александр Машкеевич, Патох Шодиев және Алимжан Ибрагимовтерден де асып түспек.

«Форбс» журналының мәліметі бойынша, ENRC корпорациясының тең құрылтайшыларының ортақ табысы – шамамен 3,7 миллиард АҚШ доллары, ал президент Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаевтың байлығы – 1,3 миллиард АҚШ доллары, «Қазақмыс» компаниясының басшысы Владимир Кимнің қазынасы – 4,7 милиард АҚШ доллары шамасында. Бұған дейін Қазақстандағы байлардың көшін бастаған Владимир Ким қазір Лондонда тұрып жатыр.

БОЛАТ ӨТЕМҰРАТОВ ҚАЛАЙ МИЛЛИАРДЕР АТАНДЫ?

Болат Өтемұратов та (Нұрсұлтан Назарбаев сияқты) теннисті жақсы көреді, ол – елдегі теннис федерациясының президенті. Болат Өтемұратов Қазақстанның Швейцариядағы елшісі қызметін атқарған. Бұдан соң елдегі ең табысты банктердің бірі – АТФ банкін құрды. 2008 жылдың аяғына дейін 3 жыл бойы президенттің іс басқарушысы болып қызмет істеді. «Өтемұратов АТФ банкіндегі акцияларын италиялық Unicredit банкіне сатқаннан бері әлемнің миллиардерлері қатарына енді» деп жазады ұлыбританиялық басылым.

АТФ банкі ресей-израиль бизнесмені Аркадий Гайдамактан Васильковское алтын кен орнын сатып алған еді. Болат Өтемұратов сол кездері Гайдамактан «Қазмырыш» АҚ акцияларын сатып алған. Ал оның баласы Әлидар Өтемұратов Васильковское кенішін 2010 жылға дейін басқарды. Қазір ол – Васильковское кенішінің орнындағы «Алтынтау» компаниясының атқарушы директоры. «Қазмырыш» «Гленкордың» акциялық сатылымы аяқталғаннан кейін «Алтынтаудың» акцияларын жекелей сатылымға шығаруды жоспарлап отыр» дейді басылым.

ӨТЕМҰРАТОВ ПЕН АЛТЫ ҮЛЕСКЕР

Daily Telegraph басылымының мәліметіне қарағанда, «Гленкор» өткен жылдың басында Васильковско кенішінде қалған 60 пайыз акция пакетін сатып, «Қазмырыштағы» үлесін 69 пайыздан 50,7 пайызға дейін азайтқан. Яғни Болат Өтемұратов қазір компанияның кем дегенде 18,3 пайыз акция пакетіне ие болып отыр.

Қазақстанның тау-кен өнеркәсібіндегі жетекші тұлғалардың бірінің айтуынша, Болат Өтемұратов – «Верный Капиталдың» негізгі акционері. «Менің білуімше, «Верный Капиталда» өзге де акционерлер бар болғанымен, оған Болат Өтемұратов бақылау жасайды» дейді ол адам. «Верный Капиталдың» басқарушы серіктесі және атқарушы директоры Тимур Исатаев АТФ банкін 2008 жылы сатылғанға дейін басқарған, ол Болат Өтемұратовтың банктегі басты серіктесі болған» деп жазады басылым.

Daily Telegraph «Гленкордың» акция пакетіне жеті адам иелік ететінін жазады. Үлескерлер арасында Болат Өтемұратовтан өзге Оңтүстік Африкада туып-өскен Иван Глайзенберг, Бадендік Даниэль Мэйт Франциско, Грецияда туған Аристотелис Мистакидис, Тор Петерсон, Алекс Борода және Стивен Кальмин бар. Бұлардың кейбірі «Гленкорда» 1980 жылдардан бері қарай түрлі қызмет атқарған, кейбірі кейіннен қосылған үлескерлер.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG