Accessibility links

«Болашақ» қозғалысының белсенділері АҚШ консулына хат тапсырды


АҚШ-та полицейдің оғынан қаза тапқан Қазақстан азаматы Кирилл Денякин. (Сурет kruzhechka.yvision.kz блогынан алынды).

АҚШ-та полицейдің оғынан қаза тапқан Қазақстан азаматы Кирилл Денякин. (Сурет kruzhechka.yvision.kz блогынан алынды).

Бүгін АҚШ-тың Алматыдағы консулдығының алдында акция ұйымдастырған «Болашақ» республикалық қозғалысының бір топ белсендісі АҚШ-та Қазақстан азаматы Кирилл Денякинді атып өлтірген полиция қызметкерінің жазалануын талап етті.

- Біріншіден, америкалық офицер түрмеге отыруы керек. Екіншіден, оның айыбы жоқ деп ресми ақпарат таратқан азаматтар да біздің пікірімізше, тиісті жазасын алу керек, - деді АҚШ президенті Барак Обамаға жазылған ашық хатты журналистерге оқып берген «Болашақ» республикалық қозғалысы төрағасының орынбасары Дәурен Бабамұратов.

Ол бұл ашық хатқа бір айдың ішінде жауап берілмесе, онда наразылық шараларын жалғастыратындарын мәлімдеді.

Бұдан соң қозғалыстың екі өкілі кезек-кезек консулдық ғимаратына кіріп, хат тапсырды. Олардың айтуынша, АҚШ консулдығының өкілдері хатты қабылдап алған.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Қазақстан азаматы, 26 жастағы Кирилл Денякин сәуірдің 23-і күні АҚШ-тың Портсмут қаласында оққа ұшқан. Кейбір деректерге қарағанда, полиция қызметкері жас жігітті тонаушы деп ойлап қалып, қателесіп атқан.

Осыдан бес жыл бұрын «Уорк энд Тревел» бағдарламасы бойынша АҚШ-қа кеткен Кирилл Денякин университетті тәмамдаған соң сол елде қалып, Портсмуттағы «Ренессанс» қонақ үйінде аспаз болып жұмыс істеп жүрген.
XS
SM
MD
LG