Accessibility links

Арабтың да діні жоқ! Кәрістің де, немістің де. Алланың ғана діні бар. Ол – Ислам. Өмірінің соңғы мезетінде, 100 мыңнан астам сахабаға өсиет айтқан ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (алейхи уассалату уассалам) “Арабтың араб еместен, араб еместің арабтан еш артықшылығы да, кемшілігі де жоқ! Олардың арасындағы айырмашылық, тек олардың жүректеріндегі иманда” деген болатын.

Соңғы кезде бір білгіштер “Қазаққа өз дінімен жүру керек” дейтінді шығарды. Сонда өздері не айтып отырғандарын өздері білмейді. Құдды бір Қазақ өзі ойдан дін шығарып, кітап жазып, пайғамбар туып алғандай сөйлейді. Құраны, хадисі, тіпті сөйлеп отырған қазақша сөздерінің көбісі өзі арабтан келгенін білсе де білмегенсиді. Мысалға келтіруден талмайтын Абай мен Шәкәрім де бетін Құбылаға (Арабстанға) бұрып, тілін кәлимаға арабша келтіргенімен хабары жоқ. Май ішкендей көңілдері кілкісе де ақиқаты сол, Ислам Араб жазирасына түсті. Бәлкім Исламның арабқа қатысының бар болғаны сол шығар. Өйткені көзі қарақты әлем жұртшылығы Исламның тек арабтарға емес, ағылшын мен жапондыққа да, күллі адам баласына түскенін әлдеқашан біледі. Аллаһ Тағала бізге “Қазақ өзінің, Кәріс өзінің, Неміс өзінің, Американдық өзінің Исламын жасап алсын” деген жоқ! Біздегі талас-қырқысты Бразилияға ауыстырар болсақ, “Арабтың дінін қойыңдар, Бразилиялық атамыздың дінімен мұсылман боп жүрелік” деген, ешқашан бітпейтін дау-дамай шығады.

Онымен қоймай, дәл осы әңгімені айтсаң, “Араб болуға айналыпсың ғой?” деп шошиды. Алайда, өзі күнде отбасымен отырып түріктің не кәрістің киносын көріп (бразилия мен аргентиналық кинодағыларды осыдан он жыл бұрын жаттап алған), Құдайдай сыйлаған құдасына орыстың арағын беріп, қызына “ата-бабасынан мирас боп қалған” мини-юбка кигізіп, әйелінің шашын сырлап, өзі “Сүйінбай бабасынан” келген джинсы киіп отырғанымен шаруасы жоқ. Сөйте тұра “дәстүр, ата-бабамның діні” дегенде дес бермейді. Кәлимасын білгені ештеңе емес, өзі “сыйлайтын” Құранында жазылғанмен түк шаруасы шамалы. Керек десең мойындамайды. Сөйтсе, ниеті “таза”. Олай болса күн сайын аяғы іскенше намаз оқыған ата-бабасының ниеті таза болмаған ба?

Намаз бен ораза ол үшін молданың жұмысы тәрізді. Сыртынан “уаххабшы” деп өсектейтін сол молдаға ағайын-тумасы өлсе, қыр-соңынан қалмай жүріп күні түседі. Қайтсін енді, өлігіне жаназа намазын оқытар қауқары жоқ, сауатсыз. Ол өлген адамы да кезінде сөйткен. “Ниетім таза, тозағыңды өлген соң көріп алармын!” деп кеткен адам. Әттең, өлгелі жатқанда олай сөйлей алмады. Өлген соң өзін арабшалап арулап, арабша намаз оқып, арабша жерлеп, соңынан арабша “Мүлік” сүресін оқитынын бір-ақ білді. Бірақ ол кезде “Мені арабша жерлемеңдер!” деп айта алмайды. Керісінше, арабша Құран оқи түссе екен, артымнан біреу келіп дұғасын арнаса екен деді. Алайда ол баласына арабша Құран үйретпеген еді, намаз оқуды көрсетпеген еді, өлілердің басына барып дұға етуді айтпаған еді.

Осы күні біреулер біреулерді “уаххабшы” дейді. Сондағы “Уаххабшы” дегенінің не екенін өзі де білмейді. Мәселе, менің уаххабшы не уаххабшы еместігімде емес. Мәселе әр нәрсені өз орнымен атауда. Арақ ішкеннің барлығына алқаш дей алмайтынымыз секілді, сақал қойған мен намаз оқығанның барлығын өзінің надандығын жасыру үшін “уаххабшы” атай салу, нағыз ақымақтың ісі деп білем. Енді біреулер басқа біреулерді “Сопы” дейді. Сопыларды иттің етінен жек көреді. Сөйте тұра, сопылықтың мәнісіне көз жүгіртіп қарамайды да. Орта жолмен жүретін жан бар ма өзі? Сопы да емес, уаххаб та емес, мұсылман неге болмасқа?

timurrr.co.cc

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG