Accessibility links

Кәрім Мәсімов: Оралға бөлінген жәрдем қаржы жайлы ақпарат ашық болуы керек


Батыс Қазақстан облысындағы тасқын. 11 сәуір 2011 жыл.

Батыс Қазақстан облысындағы тасқын. 11 сәуір 2011 жыл.

Қазақстан үкіметінің жетекшісі Кәрім Мәсімов Батыс Қазақстан облысындағы табиғи апат салдарын жою үшін бөлінген ақшаның қалай жұмсалғаны туралы ақпараттың ашық болуын қамтамасыз етуді талап етті.

"Біз республикалық бюджеттен бөлген қаржының, ұлттық компаниялар берген ақшаның ашықтығына байланысты ешқандай сұрақ тумас үшін ол туралы ақпарат қоғамға, баршаға жария әрі түсінікті болуы керек" деді ол сәрсенбі күні кешке Орал қаласында жергілікті билік органдары өкілдерінің қатысуымен өткен жиында.

Сәуір айының басында Батыс Қазақстан облысының бірқатар аудандары мен облыс орталығы Орал қаласындағы тұрғын үйлерді тасқын су басты. Үкімет табиғи апат салдарын жою үшін жиыны жеті миллиард теңгеге жуық қаржы бөлгенін хабарлады.

Сонымен бірге тасқыннан зардап шеккен аймаққа компаниялар мен кәсіпорындардан жәрдем ақша жиналатын арнайы есеп-шот ашылған еді.
XS
SM
MD
LG