Accessibility links

Бүгін ақпарат агенттіктерінен мынадай ақпарат естідім: “Жамбыл облысының әкімі оқушыларға мектеппен қоштасу кешін өткізуге тыйым салыпты”. Әкімнің не дегенін білесіздер ме:

“Биыл өткен жылдағыдай оқушылар мас күйде қала көшелерін лимузинмен кезіп жүрмейді. Бұған қоса, оларға қоштасу кешін ойын-сауық мекемелерінде ішімдік ішіп, тойлауға да рұқсат бермейміз. Оқушыларсыз-ақ ресторандардың маскүнемдері өз алдына жетеді”

Өз басым, әкімнің әрекетін құптаймын. Қазір бұрынғыдай мұндай кештер “скромный” өтпейді. Оқушылар әсіресе, қыздар көйлек киюде жарысатын бопты. “Кімдікі әдемі”, “кімдікі қымбат”. Қазір олар кәдімгі барахолканың өзін жақтырмайтын көрінеді. Бір-бірін қайталамас үшін “строго” салондарға барады, қымбат-қымбат көйлек тіккізеді. Ал байғұс ата-аналар болса, әйтеуір “өзгеден кем қалмасын” деп қызының не ұлының сұрағанын қарыз алса да тауып беруге тырысады. Жақында ғана естідім, биыл бір Алматының мектебінде мұндай кешке ата-аналар 100 мыңнан (теңге) жинап жатыр екен. Енді ойлап көріңіз, жалпы республикада орташа жалақы көлемі 55-60 мың деп естігем. Сонда 100 мың теңгені ата-ана қайдан тауып береді? Қарызға бере алатын таныс болса, ол да жақсы мұндай жағдайда. Бұл тым асыра сілтеушілік, құр ақша шашу деп есептеймін.

Мұндай кештер өтпесін демеймін, өтсін, бірақ ата-аналардың да әлеуметтік жағдайы ескерілуі тиіс. Жастарға ерік берсең, аспандағы айды сұрайды. Олардың құндылықтары мүлде басқа. Солай екен деп те оларды кінәлауға тағы да болмайды. Менімше, бұл мәселені шешу үшін бәлкім, министрлік бір ортақ қаржы мөлшерін белгілеу керек шығар. Мысалы, “қалалық ата-аналар бәленбайдан жинасын”, “ауылдағылар бәленбайдан жинасын” дегендей.

Кей кезде заман не боп бара жатыр деп ойлайсың. Жақында ғана ауылға барғанда әпкем бастауышты бітіретін жиеніме “көйлек керек” деп жүгіріп жүр. Сөйтсе, төртінші сынып бітірген оқушыларда кәдімгідей үлкен бал өтеді екен. Тағы да ата-аналар ақша жинап жатыр: үш мыңнан. “Бұрындары бізде жай ғана сынып сағаты бола салушы еді ғой” деп таңқалдым. Мұның артында “сынып жетекшісіне сыйлық”, “директорға сыйлық” деген сияқты түрлі “жоралғылар” бар. Тағы да салмақ ата-аналарға түседі.

Осындай нәрселерді кім ойлап табады, түсінбеймін. Неге адамдар соншалықты тойшыл-ысырапшыл боп барады? Біз өзгердік пе, әлде заман өзгерді ме?

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG