Accessibility links

Павлодарда тұрғындарды пәтерлерінен шығару кезінде бір адам қаза тапты


Павлодарда борышкер тұрғындарды пәтерлерінен шығару кезінде Марат Нұркенов қарсылық танытып, үйдің төбесінен секіріп кетті. Павлодар, 24 мамыр 2011 жыл. (Сурет http://respublika-kaz.info сайтынан алынды).
Павлодарда борышкер тұрғындарды пәтерлерінен шығару кезінде Марат Нұркенов қарсылық танытып, үйдің төбесінен секіріп кетті. Павлодар, 24 мамыр 2011 жыл. (Сурет http://respublika-kaz.info сайтынан алынды).

Бүгін Павлодарда пәтерлерінен шығаруға қарсылық танытқан тұрғын, банк клиенттерінің бірінің ұлы, 38 жастағы Марат Нұркенов мерт болды. «Халыққа баспана қалдырайық» қоғамдық бірлестігі белсенділерінің айтуынша, ол банктің ипотека бойынша борышкерлерін пәтерлерінен шығаруына қарсылық танытып, 10 қабатты тұрғын үйдің төбесінен секіріп кеткен.

«Республика» газетінің жазуынша, оқиға 24 мамыр күні түскі сағат 13 шамасында Бірінші мамыр көшесінде болған. Нұркеновтер әулетінің 15 адамы осы көшедегі 4 бөлмелі пәтерде тұрған. «БТА Ипотека» 600 мың теңге (шамамен 4200 АҚШ доллары) қарыздарын төлемеген бұл отбасыны пәтерден шығармақ болған. Биыл наурыз айында бұл пәтер саудаға түсіп, 20 мың долларға сатылып кеткен екен.

Павлодарда ипотека бойынша борышкерлерді пәтерлерінен шығару мәселесі кешеден бері шиеленісіп тұр. «Халыққа баспана қалдырайық» қоғамдық бірлестігі белсенділері сот орындаушыларына қарсылық танытып, өздерін-өздері өртеулері мүмкін екендігін де ескертті.

Павлодарда бүгін түске дейін «Халыққа баспана қалдырайық» қоғамдық бірлестігі жергілікті ұйымының жетекшісі Елена Семенова тұтқындалды. Ол жақтастарымен бірге келіп, «БТА ипотека» компаниясының бастамасы бойынша көпбалалы екі отбасыны пәтерлерінен шығаруға кіріскен сот орындаушыларын тоқтатпақ болған. «Бірақ сот орындаушылары оған қарамай бір пәтерге бұзып кірді, Елена Семенованы тұтқындады» деп хабарлайды белсенділер.

«Халыққа баспана қалдырайық» қоғамдық бірлестігі Павлодардағы Марат Нұркеновтің өліміне байланысты түстен кейін Алматыдағы «БТА ипотека» компаниясының алдында акция өткізетіндерін жариялады.
XS
SM
MD
LG