Accessibility links

Ақтау соты кәсіподақ белсендісін 8 тәулікке абақтыға қамады


Мұнай сорабы. (Көрнекі сурет)

Мұнай сорабы. (Көрнекі сурет)

Ақтау соты сейсенбі күні «Қаражанбасмұнай» компаниясы жұмысшылары кәсіподағының заңгері Наталья Соколованы сегіз тәулікке абақтыға қамау туралы шешім шығарды.

Бұл туралы Азаттық радиосына қазіргі кезде Маңғыстау облысында жалғасып жатқан мұнайшылар ереуіліне қатысушылардың бірі Қуаныш Сисембаев хабарлады.

Оның айтуынша, сәрсенбіге қараған түнде шешім шығарған сот Наталья Соколоваға Ақтаудағы полиция ғимараты алдында заңсыз жиын ұйымдастырған деген айып таққан.

Наталья Соколова бұған дейін де әкімшілік жауапқа тартылған еді. Атап айтқанда, мамырдың 17-сі күні «Қаражанбасмұнай» компаниясы жұмысшыларының еңбекақыны көбейту және тәуелсіз кәсіподақ құру талабымен өткізген жаппай наразылық шарасына қатысқаны үшін Соколоваға 15 ең төменгі айлық есептік көрсеткіш көлемінде (шамамен 150 АҚШ доллары) айыппұл салынған.

Қуаныш Сисембаевтың айтуынша, кәсіпорында жүздеген жұмысшының ереуілі әлі жалғасып жатыр.
XS
SM
MD
LG