Accessibility links

Қашаған мұнайын игеру кешіксе, қазақ үкіметінің қалтасы қағылады


Атырау мұнай өңдеу зауыты. 13 маусым 2006 жыл. (Көрнекі сурет)
Атырау мұнай өңдеу зауыты. 13 маусым 2006 жыл. (Көрнекі сурет)

Foreign Policy Қазақстанның мұнайлы батыс өңіріндегі қауіп-қатер жете бағаланбай отырғанын жазады. Ал Daily Telegraph басылымы Қашаған мұнайын игерудің екі жылға кешігетінін айтады.


Қазақстан Совет одағы кезінде атом қаруын сынайтын «лаборатория» қызметін атқарды дейді Foreign Policy журналы мамырдың 24-і күнгі санында. Бірақ Қазақстан өткен жиырма жылда ядролық қаруынан бас тартып, 1994 жылы «Сапфир жобасы» миссиясы бойынша байытылған уранын Теннеси штатының Ок-Ридж аймағына жөнелтті.

КАСПИЙДІҢ МҰНАЙ КЕНІШТЕРІН КІМ ҚОРҒАЙДЫ?

«Соңғы уақыттарда әлі күнге дейін ашық жатқан плутоний қоймалары немесе жақсы байытылған уран террористердің немесе контрабандамен айналысушылардың қолына түспеуі үшін АҚШ полигонды пилотсыз басқарылатын ұшақтар арқылы бақылай бастады» деген деректі келтіреді журнал.

АҚШ-тың полигон аумағын бақылап жүргені жайлы дерек біраз жұртты таңғалтты. Бірақ Каспий теңізі айналасындағы мемлекеттер – Қазақстан, Әзірбайжан және Түркіменстанның біраз жылдан бері террористерді, қылмыстық топтарді кәдімгідей еліктіріп отырғаны да белгілі жайт.

Қазақстанның ескі ядролық жабдықтары мен қоймалары көптен бері қорғаулы екенін, әзірше сырт көздің сұғына ілінбей келе жатқан айтады басылым. Ал «Бритиш Петролеум», «Шеврон», «ЭксонМобил» және басқа да компаниялар күніне 1.5 миллион баррельден аса мұнай өндіретін Әзірбайжандағы Азери мен Чираг, Қазақстандағы Теңіз мұнай кеніштерін кім қорғайды?» деп сауал қойыпты Foreign Policy.

Бұл мемлекеттерге терроризм қаупі төне қоймаған болатын. Оның бір себебі – Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказда, әсіресе Қазақстанда асқынған радикализм көрінісі жоқ еді, сондықтан одан келетін қауіп те аз болатын. Алайда өткен аптада Қазақстанның мұнайлы аймағы Ақтөбе қаласында бір адамның өзін-өзі жарып жіберуі мұндай қауіпті оятты.

Foreign Policy аймақтағы қауіп-қатер салдары жете бағаланбай отырған сияқты дейді. «Егер жоғарыда аталған үш мұнай кеніштерінің біріне шабуыл жасалатын болса, әлемдегі мұнай бағасы құбылып кетеді. Әлемдегі мұнай өндіріп жатқан жаңа кеніштердің кейбірі Каспий теңізінде орналасқан. «Шеврон» компаниясы Теңіз мұнай кенішін өте жоғары бағалайды, себебі компания өткен жылғы табысының 19 пайызын осы кеніштен өндірген. Пилотсыз ұшақтар енді бұл кеніштерді де қорғайтын бола ма?» деп сұрақ қояды басылым.

ҚАЗАҚ ҮКІМЕТІ МЕН КОНСОРЦИУМ ЖОБА ҚҰНЫНА КЕЛІСЕ АЛМАДЫ

Daily Telegraph басылымы мамырдың 24-і күнгі санында «Қашаған мұнай кен орнынан өнім өндірудің негізгі кезеңі екі жылға кешігетін болды» деп жазады. Басылымның жазуынша, Голландияның корольдік «Shell» компаниясы осы айдың аяғында құны 50 миллиард АҚШ долларына тең
Каспий теңізі қайраңы. Қашаған кенішіндегі Д аралы. 2009 жыл.

Қашаған кен орнын игеру жобасын аяқсыз қалдырып, еліне қайтатын болды.

Компанияның мұндай қадамға баруына қазақ үкіметінің кенішті дамытудың маңызды екінші кезеңінің құнын арзандату жобасын кері қайтарғандығы себеп болған. «Бұл жоба іске асқанда, күніне 1 миллион баррельден артық мұнай өндіруге болатын еді» деп жазады ағылшындық басылым.

Кенішті игеру жұмыстарын жүргізіп жатқан «Солтүстік Каспий Оперейтинг Компании» консорциумындағы оффшорлық жұмыстарды басқару осы «Shell» компаниясына жүктелген. «Компания Қашаған кен орнынан кететін болса, жобаны жүзеге асыру кемінде екі жылға кейінге ысырылады» деп мәлімдеді консорциум.

«Shell» басқаратын консорциумға италияның ENI, француздың Total, ExxonMobill, АҚШ-тың ConocoPhillips, Жапонияның Inpex компаниялары және «Қазмұнайгаз» компаниясы кіретінін келтіреді басылым.

ЖОБАНЫ КЕЙІНГЕ ЫСЫРУ – ҚАЗАҚСТАН БЮДЖЕТІНЕ ШЫҒЫН

Мұнай индустриясындағы кеңесші ұйым Wood Mackenzie жасаған баяндамаға сәйкес, компания жобадан бас тарту туралы шешімді сәуір айында қабылдаған. Ұйымның баяндамасында кенішті игерудің екі жылға кешіктірілуі Қазақстан жағына өте көп мөлшерде шығын келтіретіні айтылған. Қазақ үкіметі екі жылғы үзіліс кесірінен жобаның 79,8 миллиард АҚШ долларына бағаланған құнының 8,5 миллиардын қысқартады деп болжанып отыр.

Қашаған жобасының құнын төмендету бойынша жұмыс істеп жатқан топ консорциумға тағы бір үлгіні дайындап, осы жылдың аяғында Қазақстанның мұнай және газ министрлігіне қайта ұсынбақшы деп жазады Daily Telegraph.
XS
SM
MD
LG