Accessibility links

Йемендегі қарулы қақтығыстарға байланысты Санада әуежай жабылды


Йемен президенті Әли Абдолла Салех. Сана, 25 мамыр 2011 жыл.
Йемен президенті Әли Абдолла Салех. Сана, 25 мамыр 2011 жыл.
Йеменде қауіпсіздік күштері мен үкіметке қарсы бас көтергендер арасында қарулы қақтығыстар жалғасып жатыр. Ел астанасы Сана қаласындағы негізгі әуежай жабылды.

Бейсенбіге қараған түні Сана қаласында қуатты жарылыстар естілді. Қаладағы бірнеше әкімшілік ғимаратын жергілікті тұрғындар арасында ықпалды тұлғалардың бірі Садық әл-Ахмарды жақтайтындар басып алған деген хабарлар түсті. Бұған дейін әл-Ахмар Йеменді отыз жылдан астам уақыт үздіксіз басқарып отырған президент Әли Абдолла Салехтің биліктен кетуін талап еткендерге қосылған еді.

Дүйсенбіден бері жалғасып жатқан қарулы қақтығыстарда 40-тан астам адам қаза тауып, жүздеген тұрғын Сананы тастап шығуға мәжбүр болған.

Өткен жексенбі күні Йемен президенті Әли Абдолла Салех Парсы шығанағындағы араб елдері ынтымақтастық кеңесі ұсынған билікті бейбіт жолмен тапсыру туралы келісімге қол қоюдан бас тартқан еді.
XS
SM
MD
LG