Accessibility links

Полиция Астанадағы жарылыста қаза болғандардың бірін анықтағанын хабарлады


Жарылыс болған маңда тұрған ҰҚК абақтысының қақпасы. Астана, 24 мамыр 2011 жыл.

Жарылыс болған маңда тұрған ҰҚК абақтысының қақпасы. Астана, 24 мамыр 2011 жыл.

Қазақстан полициясы Астанада мамырдың 24-іне қараған түні болған жарылыста қаза тапқан екі адамның бірінің кім екендігі анықталғанын хабарлады.

«Олардың бірі такси жүргізушісі болған. Ол - Екібастұз қаласының тұрғыны азамат Кельплер», – деп мәлімдеді бүгін Астанада журналистерге Қазақстан ішкі істер министрлігі қылмыстық полиция комитетінің төрағасы Жанат Сүлейменов.

Сейсенбіге қараған түні Астанадағы ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеу абақтысы маңында автокөлікте болған жарылыстан соң Қазақстан полициясы оқиға орнынан екі ер адамның сүйектері мен құжаттар табылғанын хабарлады. Ол құжаттар – 1962 жылы Қырғызстанда туған, Павлодар облысы Екібастұз қаласында тұратын Кельплер Дмитрий Юрьевичтің атына берілген көлік жүргізушінің куәлігі мен аңшылық билет және 1985 жылы туған Екібастұз қаласының тағы бір тұрғыны, Қазақстан азаматы Черемухин Иван Александровичтің атына берілген төлқұжат екені айтылды.

Бірақ кейіннен Черемухиннің тірі екендігі, ол өз төлқұжатын кезінде автокөлік иесіне кепілге тастағандығы анықталғаны хабарланды.

Ал жарылыс болған жерде сүйегі табылған «екінші адамның кім екендігі әлі анықталған жоқ, оны анықтау мақсатында тергеу-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр» деп хабарлады Жанат Сүлейменов.
XS
SM
MD
LG