Accessibility links

Сот Жақсылық Досқалиевті үйқамаққа шығарды


Қазақстанның бұрынғы денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев сот залында. 19 мамыр 2011 жыл.

Қазақстанның бұрынғы денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев сот залында. 19 мамыр 2011 жыл.

Бүгін Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық мамандандырылған сотында Қазақстанның бұрынғы денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиевтің ісін қарап отырған судья Мейрам Жанғұттинов айыпкерді үйқамаққа ауыстыруды сұраған оның адвокатының өтінішін қанағаттандырды. Бұл туралы сот залынан Азаттық тілшісі хабарлады.

«Сот Досқалиевтің денсаулық жағдайын, жеке басына берілген жақсы мінездемені ескеріп, оны қамауда ұстаудың жеңілдетілген түріне, яғни үйқамаққа ауыстыруға болады деп санайды», – деді судья Мейрам Жанғұттинов.

Судьяның шешімі жария болысымен Жақсылық Досқалиев сот залындағы айыпкерге арналған оқшауланған орыннан шығып залдағы басқа орынға барып отырған.

Досқалиевке қарсы сот процесі мамырдың 19-ы күні Астанада басталды.

Қазақстан қаржы полициясы 2010 жылдың қыркүйегінде Жақсылық Досқалиевтің үстінен «қызмет бабын асыра пайдаланды» деген айып бойынша қылмыстық іс қозғаған. Кейіннен оған жемқорлыққа қатысты тағы бір айып тақты.

Жақсылық Досқалиевке қарсы 79 томнан тұратын қылмыстық істе 250 адам куәгер ретінде аталған.
XS
SM
MD
LG