Accessibility links

Қаскелең оралмандардың бейресми астанасына айналып барады


Абдуали Ахмет, Ауғанстаннан келген оралман. Қаскелең, Алматы облысы, 30 мамыр 2011 жыл.
Абдуали Ахмет, Ауғанстаннан келген оралман. Қаскелең, Алматы облысы, 30 мамыр 2011 жыл.

Алматының түбіндегі аудан орталығы оралмандардың тұрмысы мен күн көрісі үшін қолайлы мекен болып шыққанға ұқсайды. Жергілікті әкімшілік өкілдері лек-легімен ағылған репатрианттарға беретін жер қалмағанын айтады.

Қазір Қарасай ауданына сырттан көшіп келуші қазақтарға шектеу қойылған. "Өйткені туыстарын сағалап келгесін жер сұрап, үй сұрап мазамызды алады. Ал Қарасай ауданында жеке меншікке беретін артық жер жоқ", - дейді аудандық әкімшілік өкілі.

Алматы облысы Қарасай ауданы ішкі саясат бөлімінің бас маманы Қордай Әлібековтің айтуынша, ауданға сырттан көшіп келген қазақтардың саны бұл күнде 100 мыңның үстінде екен.

Аудан бойынша сырттан көшіп келген қазақтардың саны 100 мыңның үстінде.

- Тек жер сұрап тіркелгендердің саны 17 мың, - дейді Әлібеков.

Оның айтуынша, Қарасай ауданы қалаға жақын болғандықтан, сырттан келушілердің саны да ерекше көп. Сол себепті де облыс әкімшілігіне "Қарасай ауданына оралмандарды алмау туралы" ұсыныс жасалған.

- Бізге көшіп келушілердің негізін Өзбекстан, Қарақалпақстаннан келгендер құрайды,- деген Қордай Әлібеков олардың дені тек саудамен айналысатындығын айтты.

Аудандық ішкі саясат бөлімін бас маманының айтуынша, бір ғана жаңа Шамалған (Шамалған стансасы) ауылында 6 мыңға жуық оралман тұрады.

САУДАГЕР ОРАЛМАН

- Олардың арғы жақтан алып келген "жүргізуші куәлігінен" басқа ешқандай мамандығы жоқ. Ондай куәлігі барлар мамандығы бойынша автобус айдап жүр. Қалғандары "Алтын Орда" мен "Барахолкада" сауда істейді, - деген Әлібеков "Осыдан бір жарым ай бұрын "Алтын Орда" маңындағы иен жерді заңсыз басып алғандардың да басым бөлігі оралмандар" дегенді сөз арасына қыстырып жіберді.

- Туысқандарын сағалап келіп тіркеуге тұрады. Квота алады. Бірақ ол ақшаға Қарасай ауданынан үй де, жер де тимейді. "Күніне кем дегенде он адамның өтінішін қараймыз. Оралмандардың шағымын қараудан жалығып кеттік" дейді аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы.

Күніне кем дегенде он адамның өтінішін қараймыз. Оралмандардың шағымын қараудан жалығып кеттік.

"Оралмандар – саудагер" деген Қордай Әлібеков жеке бизнеспен айналысып, өз бетінше шаруасын дөңгелетіп жүрген қандастар туралы ешқандай мәлімет бере алмады.

- Білмеймін. Тек өткенде бір кәсіпкер әйел келді. Ол автобус сатып алып, соның арқасында қазір айына 300 мың теңге табыс табамын деген болатын, - дейді сұхбаттасымыз.

Қарасай ауданына көшіп келген 100 мың қазақтың бірі - Абдуали Ахмад. Ол Қаскелеңнің орталық базарының артындағы дүңгіршектердің бірінде етік тігумен айналысады. Қазақстанға келгеніне 13 жылға жуықтаған. Тап басып өзі де айта алмайды.

Отбасын етік тігуден түсетін күнделікті азғана табысымен асырап отырған ол "жаз айларында аяқ киім жөндетушілердің азайып кететіндігін" айтып налыды.

- Қыста күніне он мың теңгеге дейін табыс табамын. Себебі, Қытайдың аяқ киімдері су тигеннен кейін тез ажырап, табаны түсіп қалады. Ал, жазда елдің бәрі аяқтарына "сүйретпе" іліп алады, - дейді ол.

ЕТІКШІ КОМАНДИР

Абдуали 1965 жылы Ауғанстанның Мазар Шариф қаласында дүниеге келіпті. Өз айтуынша, совет әскерлері ауған жеріне басып кірген жылы ата-анасымен бірге Иранға өтіп кеткен екен. Жасы жиырмаға толғаннан кейін жалған құжат жасатып, жұмыс іздеп Түркияға бармақ болады. Бірақ, шекарада қолға түскен оларды Иран үкіметі Ауғанстанға қайтарады.

- Бұл орыс солдаттарының ауған жерінен шығып жатқан кезі еді, - деп еске алады Абдуали Ахмет.

Оның сөзінше, Мохаммед Наджибулланың қарамағында әскери қызмет атқарған ол он жылға жуық ауған жерін "басмашылардан" тазартуға ат салысыпты.

Оралман Абдуали Ахметтің әскери билеті. 30 мамыр 2011 жыл.


- Мені ауғандар "кумандор Уәли қазақ" деп атайтын. Ілгеріде 300 әскерге басшылық жасап жүрдім, - деген Абдуали совет әскерінен қалған танкілерге иелік жасағанын айтты. Сол тұстағы ауған билігі оны осы сала бойынша алты ай оқытып шығарған.

Ол өзін әскери саланың "кәсіби маманы" санайды.

- Ауғанстанда "кумандор Уәли" деп мені бәрі қуанышпен қарсы алатын еді. Қазіргі етік тігіп отырған сәтімді ойласам, қайтып кеткім келеді. Тек әйелім мен баламның барғысы жоқ, - дейді Абдуали.

Қайын жұртының ескі баспанасын сағалап отырған Абдуалидің жеке меншігінде жері де, үйі де жоқ. "Үкімет маған тым болмаса жер берсе, шіркін!" деп армандайды оралман.

Жалпы Қарасай ауданы орталық базарының артында орналасқан оншақты дүңгіршекті түгелімен Ауғанстаннан келген қазақтар иеленген. Және бәрінің кәсібі – аяқ киім жөндеу.

XS
SM
MD
LG