Accessibility links

«Нұрланған авторитаризм» мен «бұрынғы күйеу баланың» вашингтондық лоббистері


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен оның бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев. Астана, 2001 жыл. Сурет Рахат Әлиевтің "Өкіл қайын ата" кітабынан алынды.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен оның бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев. Астана, 2001 жыл. Сурет Рахат Әлиевтің "Өкіл қайын ата" кітабынан алынды.

New York Times газеті Нұрсұлтан Назарбаев пен оның бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиевтің арасындағы жанжалдың жаңа кезеңі туралы жазады.


New York Times («Нью Йорк Таймс») газетінің мамырдың 30-ында жарық көрген мақаласы бойынша, бұдан төрт жыл бұрын Қазақстанның сыртқы істер министрі АҚШ-тың Қазақстандағы елшісін Астанаға шақырған. Ондағы әңгіме арқауы – ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен оның күйеу баласы Рахат Әлиевтің арасындағы отбасылық араздықтың шегіне жеткенін ескерту болды.

Қазақстан билігі Рахат Әлиевті белгілі банк басшыларын ұрлап әкетті деп айыптады. Ал Рахат Әлиев болса Нұрсұлтан Назарбаевқа «елді советтік кезеңге қайта әкеле жатыр» деп айып тақты. Ол өзінің бұрынғы қайын атасын «өмірлік президент» деп атады.

«ОТБАСЫ ҚОЙЫЛЫМЫНЫҢ» ЖАҢА ОЙЫНШЫЛАРЫ

АҚШ елшісін шақыру Вашингтонда әлі күнге созылып келе жатқан кезектен тыс ықпал ету кампаниясы мен қоғамдық "күрестің" бастамасы болған еді. Бұл күресті АҚШ Мемлекеттік департаментінің қызметкері "қанды кек" деп атапты.
Жанжалға араласқан лоббистер Конгрестің отыздан аса мүшесіне не қазақ билігін айыпты деп тануды, я болмаса саяси партия құруға көмектесуді сұраған.

Миллиардтаған долларлық «ұтыс» тігілген Нұрсұлтан Назарбаев отбасының «қойылымына» біраз адам атсалысуға құлшыныс білдірген. Оның ішінде ұжымдық заңгерлерден тұратын топ, капитолийлік ықпал етуші лоббистер, АҚШ-тың Қазақстандағы бұрынғы елшісі және Конгресс мүшесінің әпкесі де бар деген дерек келтіреді басылым. Жанжалға араласқан лоббистер Конгрестің отыздан аса мүшесіне не қазақ билігін айыпты деп тануды, я болмаса саяси партия құруға көмектесуді сұраған (тіпті бір конгрессмен президент Назарбаевты Нобель сыйлығына ұсынған).

Газеттің жазуынша, қазақ үкіметі ақысын берген соң, вашингтондық зерттеу институты Қазақстан турасында жағымды материалдар дайындаған. Осы кезеңде Конгрестің аты-жөні беймәлім мүшелерін заңсыз қаржыландыру жайында айыптаулар мен қарсы пікірлер де көбейіп кетті. Шым-шытырық жанжал Астана мен Вашингтонның өзара қарым-қатынасына қалай әсер еткенін көрсетті деп атап өтеді басылым. Себебі Қазақстан АҚШ-қа Каспий аймағынан мұнай жеткізуші бірден-бір мемлекет және АҚШ-тың Ауғанстанға әскерін кіргізетін дәліз қызметін атқарады.

ОБАМА ӘКІМШІЛІГІ НАЗАРБАЕВТЫҢ ТІЛЕГІН ҚАБЫЛ АЛДЫ

Басындағы жағдайын Вашингтонға баяндаған Рахат Әлиев АҚШ-қа еш қауіптенбей өтудің түрлі жолдарын іздеп, 2 миллиард АҚШ долларына тең қаржысын қалпына келтіруге көмектесуді сұрады. «Қазақстан президенті болса, АҚШ-тың бұл іске араласпауын және оның екі ел арасындағы ынтымақтастыққа әсер етпегенін қалады. Обама әкімшілігі Қазақстан басшысының қалауын орындады» дейді New York Times.

Дипломатиялық құпия жолдар арқылы АҚШ-тың Қазақстандағы бұрынғы елшісі өзін бұл іске тартылып кетуден сақтай алды. Мысалы, осы жылдың басына дейін АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі болған Ричард Хоугланд: «Екі жақ – қазақ билігі және Рахат Әлиев те бізді өздерінің мақсатына бұра пайдалану жолдарын қарастырып жатыр» деп жазады 2009 жылдың ақпан айында. Бұны WikiLeaks сайтының құпия істерге қарсы тобының АҚШ мемлекеттік департаментіндегі түрлі арналары арқылы алған мәліметтері растайды.
Өз елінде ықпалынан айырылған Рахат Әлиев бұрынғы қайын атасының АҚШ-тағы өзінің беделіне өте-мөте мән беретінін біліп, Вашингтонға арызданып барды.

Басылымның жазуынша, бұрын коммунистік партияның хатшысы болған Нұрсұлтан Назарбаев жиырма жылдан бері Орталық Азияның қарқынды түрде дамып келе жатқан мемлекетін басқарып келеді. Дегенмен, адам құқықтары жөніндегі белсенділер оның саяси бәсекелестері мен қарсыластарын қудалайтынын көптен бері сынап жүр. Ал 48 жастағы Рахат Әлиев салық полициясының бастығы, сыртқы істер министрінің орынбасары және ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары болып қызмет істеген.

Алайда сыншылар «Рахат Әлиев өз ықпалын қаржы табу мақсатында жекелеген компанияларды қорқытып-үркіту амалдарын қолданды» деп санайды. Қазір Еуропа мемлекеттерінің бірінде жасырынып жүрген оны Қазақстан мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды деген айыппен сыртынан соттады. Рахат Әлиевтің әйелі Дариға Назарбаева 2007 жылдың маусым айында онымен ажырасты. Оның иелігіндегі және отбасына тиесілі бизнес құрылымдары мен кәсіпорындар мемлекетің қарамағына алынды. Басылым: «Өз елінде ықпалынан айырылған Рахат Әлиев бұрынғы қайын атасының АҚШ-тағы өзінің беделіне өте-мөте мән беретінін біліп, Вашингтонға арызданып барды» деп жазады.

ӘЛИЕВТІҢ ӘРЕКЕТІ

2008 жылдың басында Рахат Әлиев вашингтондық шағын лоббистік топ - RJI Government Strategies-ті жалдайды. Ол топтың құрамына вирджиниялық демократ Ник Рахоллдың әпкесі Тания Рахолл және калифорниялық республикашыл конгресмен Даррелл Исса кіреді. Екі конгрессмен президент Нұрсұлтан Назарбаевпен энергетикалық мәселелерді талқылау үшін Қазақстанға келеді. New York Times Қазақстанға жүрерінің алдында RJI тобының мүшелері Даррелл Иссамен кездескенін айтады. RJI тобының конгресменге берген хатында Дэвинси Хурани есімді адам Қазақстанның мұнай компанияларындағы активтерінің Рахат Әлиевтің ісіне қатысты тартып алынғанына алаңдайтынын білдірген.
Даррелл Иссаның Қазақстан президентін Нобель сыйлығына ұсынуын көптеген құқық қорғаушылар мазаққа айналдырып жіберді.

Бұған дейінгі сапарында Қазақстан президентімен байланыс орнатқан Даррелл Исса Хуранидің аянышты халін қаперге алуға келіседі. Отбасылық жанжалға араласып кетсе де, конгресмен Даррелл Исса Нұрсұлтан Назарбаевпен әлі де жақын байланыста еді. Ал оның сол жылғы жазда Қазақстан президентін Нобель сыйлығына ұсынуын көптеген құқық қорғаушылар мазаққа айналдырып жіберді дейді басылым.
Таня Рахолл Рахат Әлиевтің атынан, кейін 2010 жылға дейін Хуранидің атынан әрекет етіп, Конгрестің жиырмадан аса мүшесімен байланыс орнатады. Олардың арасында калифорниялық демократ, конгресмен, кейін өкілдер палатасы сыртқы істер комитетінің төрағасы болған Говард Берман да болады. Ол басқарған комитет мемлекеттік департаментпен жоғарыдағы мәселені талқылаған.

Таня Рахолл екінші жоспарды да көздей жүреді. 2008 жылдың шілде айында бастығына жазған хатында ол: «Саяси режимді бір састырып алу керек» дейді. Ол өкілдер палатасының мүшелерін Қазақстан билігіне адам құқықтарын аяққа таптап отыр деп сын тағуға көндіріпті. New York Times-тың жазуынша, оның өтінішімен Конгрестің тыңдауларында кем дегенде бес рет мәлімдеме жасалған. Оның бірінде «Рахат Әлиев Қазақстан билігінің құрбаны болып отыр» деп көрсетілген. Рахат Әлиевтің өзі АҚШ-тың әділет министрлігіне Назарбаевтың Қазақстанда мұнай бұрғылауға мүдделі америкалық мұнай компанияларының өкілдерінен пара алғанын дәлелдей алатын құжаттарды ұсынады. Бұл қазақ билігін қобалжытады.
Үкіметіңіздің Рахат Әлиевпен қандай да бір ресми байланысы жоқ екендігін айтыңызшы. Себебі біз оның сіздерге арызданғанын білеміз.

Бұл жайында басылым Қазақстанның сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев 2009 жылдың тамызында елші Ричард Хоугландқа қарата: "Сіз маған тағы бір мәрте сіздің үкіметіңіздің Рахат Әлиевпен қандай да бір ресми байланысы жоқ екендігін айтыңызшы. Себебі біз оның сіздерге арызданғанын білеміз» дегенін алға тартады. Елші өз кезегінде министрді дипломатиялық әдеппен: «Біздің онымен (Рахат Әлиев) қандай да бір байланыс орнатқымыз келмейді және оның Вашингтонда болғанын көргіміз келмейді. Себебі біз мұның екіжақты қарым-қатынастарға кері әсер ететінін түсінеміз» деп сендірген.

ҚАЙЫН АТАНЫҢ ҚАРЫМТАСЫ

Ал Вашингтонда Қазақстан билігі өз беделін күшейтуге барын салды. Қазақстан елшілігінің қызметкерлері өткен үш жылда құны 3.7 миллион АҚШ долларына тең жаңа үш келісім-шартқа қол қойды. Ресми өкілдер мұның Рахат Әлиевтің ісімен ешқандай байланысы жоқ дегенімен, келісім-шарттар лоббистік сипатта болғанын айтады басылым.

Дегенмен үкіметтік лоббистер мен кеңесшілер Рахат Әлиевтің тобы тарапынан айтылатын сындарға үнемі қарсы жауап беріп келеді. Құрамына АҚШ-тың Қазақстандағы бұрынғы елшісі Элизабет Джонс кіретін APCO Worldwide деп аталатын лоббистік және пиар жасаумен айналысатын фирма 2008 жылы Рахат Әлиевтің Нұрсұлтан Назарбаевты «өлгенше президент болуға ұмтылып отыр» деген айыбын жоққа шығарды.
Мен мұны нұрланған авторитаризм деп атаймын.

Лоббистік мәліметтер 2008 жылы APCO Worldwide тобы лоббистерінің Даррелл Иссаның көмекшісі бастаған Конгрестің жеті мүшесімен немесе олардың қызметкерлерімен кездескенінен кейін іле-шала "Қазақстан достары" форумының құрылғанын айтады. Policy Impact Communications деп аталатын Вашингтондық шағын топ кейін, 2009 жылдың соңында бұған «Орталық Азия кеңесі» деп аталатын балама топтың құрылуына көмектескен.

Қазақстан Джон Хопкинс атындағы университеттің жанындағы институттарға және Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығына үш жылда 350 мыңнан аса АҚШ долларын құйған. Бұл қаржы негізінен Қазақстан туралы жақсы пікір қалыптастыру үшін берілді дейді New York Times. Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының Жаңа демократиялар институтының директоры Маргарита Асенова: «Мен мұны нұрланған авторитаризм деп атаймын» деген пікір білдіреді.

КЕЗЕКТІ «ШАБУЫЛ»

Жанжалдың ендігі алаңы Вашингтондағы АҚШ-тың округтік соты болмақ. Өткен жылдың соңында бұл сотқа Рахат Әлиевтің жақыны америкалық екі консалтингтік фирмадан 2 миллиард АҚШ долларына бара-бар шығынды өтеуге арыз берген. Арызда Қазақстан үкіметі конгресс мүшелеріне олардың Рахат Әлиевтің жағына немесе оның жақындары - Хурани мен оның ағасы Иссамның жағына шығып кетпес үшін ақша беріп отырғандығы айтылған. Хурани мен Иссамның мұнай компанияларындағы активтері тартып алынған болатын, ал Хурани болса Рахат Әлиевтің қарындасына үйленген.

Егер бұл ұйғарым рас болса, Қазақстан билігінің әрекеті федералдық заңға қайшы келмек. Бірақ консалтингтік фирманың атынан әрекет ететін Қазақстан елшілігі мен адвокаттар «Рахат Әлиевтің сотқа жіберген айғағы - қазақстандық елші жазды делінетін хат - жалған болып табылады» деген ұстанымда. Қазақстан жағы бұл Әлиев пен оның сатып алған адвокаттары ұйымдастырған іс дейді.

Ал айыпталушы жақтың адвокаты Мортон Таубман: «Рахат Әлиев ұзақ уақыттан бері Қазақстан президентін аяқтан шалуға тырысып келеді. Бұл тек соның кезекті қадамы ғана» деген ой айтады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG