Accessibility links

«Қорғас» кеденіндегі контрабандаға қатысты екінші күдікті де Абу-Дабиде ұсталды


Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Абу-Даби қаласы.

Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Абу-Даби қаласы.

Қазақстан қаржы полициясының өкілдері Біріккен Араб Әмірліктерінің құқық орындарымен бірлесіп, бүгін Абу-Даби қаласында Қазақстан азаматы Бақыт Отарбаевты ұстады деп хабарлады Қазақстан қаржы полициясының баспасөз қызметі.

Қазір Қазақстан бас прокуратурасы арқылы күдіктіні елге жеткізу мәселесі шешіліп жатыр.

Өткен айда қаржы полициясы қылмыстық топ құрып басқарған және «Қорғас» пен «Қалжат» кедендері арқылы экономикалық контрабандамен айналысқан күдікті ретінде Бақыт Отарбаевқа қылмыстық іздеу жариялаған болатын.

Бұған дейін дәл осындай айыппен іздеуде жүрген тағы бір күдікті – «Әулие Талғат» деген лақап есімі бар Қазақстан азаматы Талғат Қайырбаевты Интерпол өкілдері мамырдың 29-ы күні Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Абу-Даби қаласында ұстағаны хабарланған.

Мамыр айының басында Қазақстан қаржы полициясы лауазымды қызметкерлер мен қылмыс әлемінің өкілдерінен құрылған топтың әшкереленгені туралы мәлімдеген еді. Құқық орындарының деректері бойынша, 100 адамнан құралған топ ұзақ уақыт бойы «Қорғас» және «Қалжат» кедендері арқылы Қытайдан Қазақстанға контрабандалық тауарларды жеткізумен айналысқан.

Осы іс бойынша қаржы полициясы бірнеше лауазымды адамдарды тұтқындады. Сонымен бірге Қазақстан қаржы министрлігі кедендік бақылау комитетінің төрағасы Қозы-Көрпеш Кәрібозов қызметінен алынды.
XS
SM
MD
LG