Accessibility links

Ақтауда мұнайшылар облыстық әкімдік алдында пикет өткізіп жатыр


«Қаражанбасмұнай» жұмысшыларының наразылығы. 2011 жылдың мамыры. (Сурет Ольга Ярославскаянікі)
«Қаражанбасмұнай» жұмысшыларының наразылығы. 2011 жылдың мамыры. (Сурет Ольга Ярославскаянікі)
Ақтауда «Қаражанбасмұнай» компаниясының жүздеген жұмысшылары туыстарымен бірге Маңғыстау облыстық әкімдігінің ғимараты алдында пикет өткізіп жатыр. Бұл туралы Азаттық радиосына пикетке қатысушылардың бірі Қуаныш Сисембаев хабарлады.

Оның айтуынша, мұнайшылар жергілікті билік орындарына «Қаражанбасмұнай» компаниясы жұмысшылары кәсіподағының белсендісі Наталья Соколованы қамаудан босату туралы талап қойған. Заңсыз жиын өткізіп, әкімшілік құқық бұзған деген айып бойынша сот шешімімен 8 тәулікке абақтыға қамалған Соколованың әкімшілік жаза мерзімі маусымның 1-і күні аяқталғанымен, ол әлі бостандыққа шыққан жоқ. Оның жұбайы Василий Чепурной мен бұрынғы адвокаты Серікқали Мусиннің айтуынша, Наталья Соколоваға қылмыстық кодекстің 164-бабы бойынша «әлеуметтік жанжал тудырған» деген айып тағылуы мүмкін.

Қаражанбас мұнай кенішінің жұмысшылары еңбекақы көлемін ұлғайтып, жалақыға үстеме және жұмыстың зияндылығы үшін қосымша ақша төлеу туралы талап қойып отыр. Олар сондай-ақ кәсіпорын басшылығынан тәуелсіз кәсіподақ жұмысына араласуды доғарып, кәсіподақ белсенділерін қудаламауды талап етті.

Ереуілге қатысқан оннан аса адам жұмыстан шығарылды. «Қаражанбасмұнай» компаниясы басшылығы мұнайшылар белсенділері мамырдың 17-сінен, яғни ереуіл басталған күннен бастап жұмыстан қалуы себепті жұмыстан шығарылды деп түсіндіреді.

Бүгін Астанада журналистердің сұрағына берген жауабында Қазақстанның еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова Маңғыстауда ереуілдеп жатқан «Қаражанбасмұнай» жұмысшыларының талабы «негізсіз әрі заңға сәйкес емес» деп мәлімдеді.
XS
SM
MD
LG