Accessibility links

Орталық Азиядағы ең ірі экономикалық жобаның жалғыз жауы - жемқорлық


Қазақстаннан Қытайға тартылатын мұнай құбырының ашылу салтанаты. Алматы облысы, 9 шілде 2008 жыл. Көрнекі сурет

Қазақстаннан Қытайға тартылатын мұнай құбырының ашылу салтанаты. Алматы облысы, 9 шілде 2008 жыл. Көрнекі сурет

EurasiaView қазақ-қытай шекарасында аймақтағы ең ірі экономикалық жоба – еркін сауда аймағының салынатыны жайында жазады. Ал Central Asia Newswire Астананың Ислам конференциясы ұйымына төрағалық жасауынан мол пайда табатынын жеткізіпті.


EurasiaView мамырдың 31-і күнгі санында Астана миллиардтаған қаржыны құрайтын жаңа жоба Қорғас кеденінің төңірегіндегі шөлейт даланы экономикалық даму тетігіне айналдырады деген үміті бар екенін айтады Ал Қытай шекараның арғы бетіне сауда аймағына қызмет көрсететін 200 мың тұрғыны бар қала салмақшы екен.

ОРТАЛЫҚ АЗИЯНЫҢ БАРЫСЫ "ГОЛЛАНД АУРУЫНА" ШАЛДЫҚҚЫСЫ КЕЛМЕЙДІ

Бұл шекаралық сауда аймағының қазақстандық бөлігі – Қорғас кеден бекетінде жұмыс әлдеқашаннан қызу жүріп жатыр. Шекараның екі жағындағы ел үшін еркін сауда аймағын құру жоспары тек кәсіпкерлерді ғана емес, сонымен қатар үлкен сауда орталықтарынан тауар алуға құмар қалталы туристерді де қызықтырып отыр дейді EurasiaView. Жоба ауқымының үлкендігі соншалық Қорғас шекаралық ықтымақтастық халықаралық орталығы 2018 жылы бір-ақ салынып бітпекші.
Еркін экономикалық аймақтың Қазақстандық бөлігі 185 гектар аумақты қамтыса, қытайлық бөлігі 343 гектарды құрайды.


Басылымның айтуынша, Жоңғар Алатауы тауларының теріскейінде орналасқан еркін экономикалық аймақ Астананың индустриалдық стратегиясының орталығы болып есептеледі. «Орталық Азияның барысына» айналуды мақсат тұтып отырған Қазақстан үшін өңдеуші өнеркәсіп пен сауда саласын дамыту негізгі бағыт болып табылады. Егер бұл ойдағыдай жүзеге асса, еркін экономикалық аймақ Қазақстанды «голландиялық ауруға» шалдығудан сақтап қалатынын айтады EurasiaView. «Голландиялық ауруға» ұшыраған мемлекеттің экономикасы көмірсутегі ресурстарының экспортына шамадан тыс тәуелді болып қалады да, экономиканың өзге салалары дамымайды.

Еркін экономикалық аймақтың Қазақстандық бөлігі 185 гектар аумақты қамтыса, қытайлық бөлігі 343 гектарды құрайды. EurasiaView бұған дейін де (7-ақпан, 2011 жыл) аталған аймақта халықаралық бизнес орталықтары, сауда аймағы, жүк терминалдары, әуежай, туристік орталық, спорт ғимараттары, оның ішінде футбол алаңы, 5 мың адамға арналған бес жұлдызды жеті қонақ үй, сондай-ақ көрме орталықтары бар мәдени аймақ, өнер галереясы мен этнографиялық парк салынатынын жазған болатын.

САУДА АЙМАҒЫНЫҢ МҮМКІНДІКТЕРІ МЕН АРТЫҚШЫЛЫҚТАРЫ

Дәл қазіргі түріне қарап Сарыесік-Атырау шөліндегі бұл шаңдауыт аймаққа саудагерлер мен туристер ағылып келеді деп елестету қиын. Бірақ, Астана мен Бейжің бұл жерге келушілерді өзгеше жолмен қызықтырып отыр.

Басылым мысал ретінде бес жүз футбол алаңындай аумақты алып жататын төбесі жабық сауда аймағына келген кез-келген елдің азаматына 30 күн бойы визасыз емін-еркін жүруге рұқсат берілетінін келтіре кетіпті.
Жобаны ұйымдастырушылар Қазақстан мен Қытайды былай қойып, Орталық Азияның өзге мемлекеттерінен де бизнес иелерін тартуды ойластырып отыр. «Бұл мақсатта еркін сауда аймағы бәсекеге қабілетті жеңілдіктер жасамақшы. Бірақ ол жеңілдіктер жайында әлі егжей-тегжейлі ойластырылған жоқ» дейді жобаға қатысты ресми тұлғалар.
Сауда аймағына келген кез-келген елдің азаматына 30 күн бойы визасыз емін-еркін жүруге рұқсат беріледі.


«Еркін сауда аймағы Қазақстанның сауда орталығы - Алматы және Қытайдың Шыңжаң провинциясының бас қаласы - Үрімжінің кәсіпкерлері үшін ыңғайлы аймақта орналасқан. Бұл екі қала да Орталық Азияның экономикалық қазаны іспеттес» деп сипаттайды басылым. Қазір Қорғас пен Алматының арасында тікелей темір жол желісі тартылып жатыр. Бұған қоса, Қытай жағының көмектесуімен Алматы мен Астананы жалғайтын жылдам пойызға арналған темір жол желісінің де құрылысы жүріп жатыр. Бұл желі арқылы болашақта Астанада орналасқан кәсіпкерлер сауда аймағына тез жете алады.

EurasiaView Қазақстан жағы сауда аймағына Дүниежүзілік банктің көмегімен салынып жатқан жапсарлас Батыс Еуропа – Батыс Қытай магистралінің де пайдасы тиеді деп үміттеніп отырғанын жазады. Тұтастай алғанда, еркін сауда аймағында салынып жатқан инфрақұрылымдық кешендер мен өзге де құрылыс жұмыстары Қазақстанда 89 мың адамға жұмыс тауып береді екен.

САУДА АЙМАҒЫНА ТАЯУ 200 МЫҢ ТҰРҒЫНЫ БАР ҚАЛА САЛЫНБАҚ

Қазіргі уақытта Қазақстан мен Қытай арасындағы Қорғас кеден бекетіне қатысты қайшылықтар бар екенін атап өтеді басылым. Соның бірі – екі ел арасындағы жүк-көлік өткізу рәсімі бұрынғыдай еркін сауда аймағынан тыс жерде атқарылады. Қазақстан жағында Қорғастан отыз шақырым жердегі Жаркент қаласына баратын қара жолды алыс қашықтыққа жүретін көліктердің тізбегі жауып тастайтынын айтады EurasiaView. Жоба құрылысының қазақстандық бөлігіне жауапты Ұлан Жазылбек: «Еркін сауда аймағының Қазақстанға қатысты тұсы бұрын игерілмеген, тың жерде салынып жатыр. Мемлекет бұл жерге 2.6 миллиард АҚШ долларына тең қаржы салып отыр, алда бұл сома жекелеген инвесторлар тарту арқылы төрт есеге артуы мүмкін» деген мәлімет беріпті басылымға.
EurasiaView Қорғас кеден бекетінің дамуына көлеңкесін түсіріп тұрған бір ғана жайт - сыбайлас жемқорлық мәселесі екенін ескерте кетеді.


Ал Қытай тарапының біраз мәселенің басын қайырып қойғанын айтады EurasiaView. Мысалы, шекарадан шыққан көлік Құлжа қаласына дейін бір сағат жол жүретін болса, логистикалық мәселелер де жылдам реттеледі екен. Бұның бәрі еркін сауда аймағын құруды жеңілдететін көрінеді. Қытайдың жоспарында алдағы уақытта сауда аймағына қызмет көрсететін 200 мың тұрғыны бар жаңа қала салу ісі де кіреді. Бейжіңнің бұл жоспары Қазақстанда бірқатар алаңдаушылық туғызып, қытай экспансиясы ретінде қабылданды. Басылым астаналық билік өкілдерінің «Қытаймен ынтымақтастық инвестиция тартып, дамуға жол ашады» деген түсіндірме арқылы қоғамның наразылығын басуға тырысқанын келтіреді.

EurasiaView Қорғас кеден бекетінің дамуына көлеңкесін түсіріп тұрған бір ғана жайт - сыбайлас жемқорлық мәселесі екенін ескерте кетеді. Мамыр айында құқық қорғау органдары кеден бекетінде контрабандалық қызметпен айналысып келген ұйымдасқан қылмыстық топты ұстады. Сыншылар еркін сауда аймағының парақорлыққа жол бермейтіндігіне күмәнмен қараса да, ресми билік бұл мәселені оң шешетінін айтыпты.

«ТӨРАҒАЛЫҚТАН ТҮК ТАРТСАҢ ДА ПАЙДА»

«Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалық ету Қазақстанға миллиондаған долларлық инвестиция түсіреді» деп жазыпты Central Asia Newswire басылымы маусымның 1-і күнгі нөмірінде. Қазақстан маусым айының соңында ұйым төрағалығын Тәжікстаннан қабылдап алады.

Малайзияның Amanah Raya банкінің корпоративтік қаржы департаментінің басшысы Абу Ханиф төрағалық Қазақстанның исламдық облигациясы саласына 500-ден 600 миллион шамасында шетел инвестициясын тартады деген сенім білдірген. Малайзиялық банк өзінің 2011 жылдың аяғында Қазақстанда ислам банкін ашуды жоспарлап отырғанын айтыпты.

Абу Ханиф: «Қазақстанның сукук нарығы (ислам облигациясы) Астананың Дүниежүзілік Ислам конференциясы ұйымына төрағалық етуінің арқасында 1 миллиард АҚШ долларына дейін инвестиция тарта алады. Бұл экономика үшін кәдімгідей табыс» деген пікір білдірген.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG