Accessibility links

Ашық хат иелері Сәрсенбайұлының ісі бойынша Назарбаевтың түсінік беруін талап етті


Солдан оңға: Рахат Әлиев пен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ақорда, Астана, 2001 ж. Рахат Әлиевтің «Өкіл қайын ата» кітабындағы сурет.
Солдан оңға: Рахат Әлиев пен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ақорда, Астана, 2001 ж. Рахат Әлиевтің «Өкіл қайын ата» кітабындағы сурет.
Бір топ оппозиция белсенділері Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтан оның бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиевтің өз блогында белгілі оппозиция қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның екі көмекшісінің өлімі жөнінде жариялаған мәлімдемесіне қатысты түсінік беруін талап етіп, ашық хат жолдады. Оған қастандық құрбаны болған әлгі үш адамның туған-туыстары да қол қойған.

«2011 жылы мамырдың 23-і күні Рахат Әлиев қазақстандық белгілі саясаткер, бұрынғы ақпарат министрі және қауіпсіздік кеңесінің бұрынғы хатшысы Алтынбек Сәрсенбайұлы мен тағы екі азаматты өлтіруді ұйымдастырған деп сізге тіке айып тақты. Біз, Қазақстан Республикасының азаматтары, сізден 2006 жылы ақпанның 13-і күні Алтынбек Сәрсенбайұлын, Василий Журавлевті және Бауыржан Байбосынды ұрлау және өлтіруді ұйымдастыруға қатысыңыздың болмағандығы туралы ресми мәлімдеме талап етеміз», – делінген бүгін «Республика» газетінде жарияланған ашық хатта.

Басылымның бүгінгі санында осы адамдардың Австрияның әділет министрлігіне жазған ашық хаты да жарияланған. Онда хат авторлары министрден Алтынбек Сәрсенбайұлын, Василий Журавлевті және Бауыржан Байбосынды ұрлау және өлтіру оқиғасы бойынша Клагенфурт қаласы прокуратурасының қылмыстық іс қозғағаны туралы Рахат Әлиевтің жасаған мәлімдемесін растауын болмаса жоққа шығаруын сұраған.

Қазақ соты Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның екі көмекшісінің қазасы бойынша Қазақстан парламенті сенатының бұрынғы жетекшісі Ержан Өтембаевты айыпты деп тауып 20 жылға соттаған болатын. Бірақ қастандықпен өлтірілген саясаткердің жақтастары бұл қылмысқы тапсырыс бергендер әлі жазасын алған жоқ деп санайды.
XS
SM
MD
LG