Accessibility links

Марченконың ХВҚ-ға басшы болып сайлануы мүмкін бе?


Григорий Марченко, Ұлттық банк төрағасы. Алматы, 7 желтоқсан 2010 жыл

Григорий Марченко, Ұлттық банк төрағасы. Алматы, 7 желтоқсан 2010 жыл

The Wall Street Journal («Уолл Стрит Джорнал») басылымы маусымның 2-і күні Халықаралық валюта қорының келесі басшысын сайлау кезінде кімнің қандай рөл ойнайтыны туралы жазыпты.


ХВҚ-ның келесі басшысын сайлауға жарна төлеп отырған 187 ел емес, қордың атқарушы кеңесін құрайтын 24 ел қатысады. Сол себепті, Қазақстан өз бас банкирі Григорий Марченконы бұл орынға ұсынғанымен, оған дауыс бере алмайды деп жазады Wall Street Journal.

Қазақстан тіркелген сайлау аймағына оған көршілес жатқан 4 Орталық Азия елдері, сонымен қатар Польша, Сербия және Швейцария да мүше.
Бұл аймақтың атқарушы директорын Швейцария тағайындайды. Осы елдің үкіметі топтың атынан кімге қалай дауыс беруді шешеді.

Испанияны алсақ, Мадрид француз қаржы министрі Кристина Лагардты қолдайды. Алайда испан атқамінерлері өз дауысын Мексика орталық банкі басқарушысына беруі ықтимал екенін мәлімдеді. Себебі, Мексика Испания кіретін сайлау аймағының басшысы болып табылады.
Кристина Лагард, Францияның қаржы министрі өз кандидатурасын ХВҚ-ның басшылығына ұсынып тұр. Париж, 25 мамыр 2011 жыл

Wall Street Journal-дың жазуынша ХВҚ-ның 19 топқа бөлінген 163 жарна төлеуші елдің басында дәл осындай жағдай бар. Яғни бұлардың ешқайсысы жеке-жеке дауыс бере алмайды.

Ең ірі елдердің сегізі басқалармен дауыс беру мақсатымен топтастырылмаған, олардың қатарына АҚШ, Германия, Франция, Қытай және Ресей кіреді.

ХВҚ-ның атқарушы кеңесі әйел адамға зорлық қылды деген айып бойынша қамауға алынып, орнынан түскен Доминик Стросс-Канның орнына басқа адам сайламақ.

Бұл ұйымдағы сайлау жүйесінің ерекшеліктері бойынша кейбір мемлекеттер дауыс беру аймағының басшысы ретінде әжептәуір салмаққа ие болмақшы. Мысалы, африкалық Лесото мемлекеті жеке дауыс бергенде 0.04 пайыз ғана үлеске ие болса, африкалық сайлау аймағының басшысы ретінде 3.23 пайыздық үстемдік иеленеді.

Египет те дәл осы себепті 0.41 % үлесін Таяу Шығыс елдері аймағының өкілі ретінде 3.13 %-ға дейін ұлғайта алады.

Дегенмен, дамыған, алып елдердің дауыстары бәрібір салмақтырақ болайын деп тұр. ХВҚ-ның басшысын сайлау кезінде Еуропа елдерінің дауысы барлық дауыстардың 35 пайызын құрайды.

Ал АҚШ ең үлкен үлеске ие. Жалғыз өзі 17 пайыз иеленгендіктен сайлауда шешуші рөл атқаруы мүмкін. Егер оның дауысы Еуропаның таңдауымен сәйкес келсе, жоғарыда аты аталған Францияның қаржы министрі Легард ханым ХВҚ-ның келесі басшысы болмақ.
ХВҚ-ның атқарушы кеңесі жаңа басшысын таңдау процесінің ашық болуын қалайтынын айтты.
Доминик Стросс-Кан, ХВҚ-ның бұрынғы басшысы сот үстінде. Нью Йорк, 19 мамыр 2011 жыл

Сайлау аймағының әр мүшесі өкіл-елмен бірігіп ұсынған кандидатын қолдауға шақыруы әбден мүмкін.

Алайда, тарихқа үңілсек, әрқашан ірі экономикалы елдердің шешімі сайлау нәтижесіне әсер етіп келгенін көреміз.

- Шынайы шешімдер ірі индустрияландырылған елдер арасындағы кеңесте қабылданады, - дейді Принстон университетінің экономика профессоры Питер Кенен. ХВҚ-ның бас кеңесшісі болып табылатын Кенен: - Бұл процесс бейресми түрде, мәжіліс залында емес, дәліздерде жүзеге асып жатады, - деп мәлімдеген басылымға.

Доминик Стросс-Кан қызметтен кеткен соң Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық банк төрағасы Григори Марченконы осы лауазымға ұсынған еді. Бұл шешімді мамырдың 19-ы ТМД елдері қолдаған болатын.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG