Accessibility links

Биыл – Шығыс Түркістан қазақтарының ұлы қолбасшысы, қытай орыс отаршылдарының ортасында қан кешіп, күрес жүргізіп, дербес ел – Шығыс Түркістан республикасын құрушылардың бірі Оспан батырдың Қытай қызыл шапқыншыларының қолына түсіп, өлсе де бас имей6 ерлікпен қаза болғанына 60 жыл.

Осы 60 жылда не өзгермеді. Бәрі өзгерді. Жарты әлемді дірілдеткен қанды шеңгелді Совет қызыл үкіметінің тас-талқаны шығып, «шаруа мен жұмысшының үкіметін құрып, коммунизим құрамыз!» деп айғайлаған Қытай қызылдарының тұмсығы тасқа тиіп, социализм атын жамылып, өздері лағынет айтқан «капитализмнің тонын теріс кию» жолына түсті.

Алып екі қызыл ел аласұрып жатқанда, Алла көктен тілегенді жерден беріп, егеменді ел болдық.

Сол алпыс жылда аз өзгеріс болмапты-ау! Бірақ өзгермеген бір ғана нәрсе бар: ол – біздің ер бабаларымыздың ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап қалған атамекеніміздің әлі де болса қауіп пен қатерден арыла қоймауы.

Сол алпыс жылдың алдында «Отан үшін жан пида!» деп қызыл қолмен жауға шапқан жалаңтөс батыр бабаларымыз қазір қытайдың тойымсыз жемсауын мұнай мен газға, алтын мен күміске, жақұт пен асылға толтырып отырған жат қолында қалған мекен үшін күреспеді ме?

Күш пен қаруы мүлде салыстыруға келмейтін, қиын-қыстау жағдайда ереуіл атқа ер салып, егеулі найза қолға алып, миллиард қытай мен неше түмен миллион орыстан ақырып теңдік сұраған сол бабалардың рухы қандай еді?

Сондай бас имес өр рух пен нар тәуекел бүгін тәуелсіз елдің иесі болған біздің бойымыздан табыла қояр ма екен?

Арада арыстан із алпыс жыл өтсе де, Оспан батыр заманындағы шекарамыздан мың жарым шақырым алыста болған қауіп пен қатер сол қалпы тұрған жоқ па?

Сол алпыс жыл алдындағы батыр бабалардың рухы мен ерлігі бізден ада күде жоғалғанымен, сол бізге сұғын қадап, суық қолын жүгірткен сумақы жаулар күшейіп, күдіреймесе, алып аранын ашырып, астамшыл ниеті асқынбаса, кеміген емес.

Біз өткен тарихтан сабақ алып, ес жиып, етек-жеңімізді жиғанымыз сол асылымыздың бәрінен айрылып, алтынымыздың бәрін сатып болдық. Сол алпыс жыл бұрын Шығыс Түркістандағы әр сүйем жері үшін сан мыңдаған солдаты қара жер құшып, қара жер үшін қара басын бодауға берген қара қытай бұл күндері миығынан күлкі үйіріліп, еш бодаусыз, қауіп-қатерсіз есіктен төрге бір-ақ аттап, қазақ даласы байлығын теспей сорып қана қоймай, қазақтың қызын қатын, ұлын жалшы етіп, еш бөгетсіз ентелеп кіруде.

Осы егемен ел болып, еңсе көтеріп, Есіл бойынан орда тігіп, «әлемді жалт қараттық» деп азумызды айға білеген кезде, қара қазақ күрке тігер жерге ие бола алмай зар жылап жүрген мезетте, сол қара қазақты қанға бөктірген қара қытай басып алған жерін азсынғандай, тәуелсіз еліміздің жерінен сұғына неше мың гектарлап жер алып, емін-еркін өмір кешіруде.

Егер кеше ғана «Отан үшін жан пида!» деп миллиондарға қарасы күрескен Оспан батыр тіріліп келсе, не істер еді! Бәрінен де қиыны – не дер еді рухсыз, бассыз қалған біздерге?

Әттең!.. Айбынынан аспандағы ай жасырынған, «асылым – Отаным, арманым – бостандық» деп талай батыр бабалармыз өтті ғой бұл жалғаннан!

Шіркін, егер сол бабалар қайта тіріліп келсе... Шіркін, қайта тіріліп келсе, қазір «тіріміз!» деп жүрген талайлар қара жерге кіріп кетер ме еді, қайтер еді?!

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG