Accessibility links

Астана ұйғыр азаматын Қытайға тапсырғанын растады


Аршидин Исраилге халықаралық қорғау берілгенін растайтын БҰҰ құжатының фотокөшірмесі.

Аршидин Исраилге халықаралық қорғау берілгенін растайтын БҰҰ құжатының фотокөшірмесі.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі ұйғыр азаматы Аршидин Исраилдың Қытайға экстрадицияланғандығын растады.

"Аршидин Исраил мамырдың 30-да Қытайға экстрадицияланды. Қытай жағы Аршидин Исраилге ең қатаң жазалау шарасы қолданылмайтынын жазбаша түрде айтты", - деді Қазақстан сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Ілияс Омаров сейсенбіде "Интерфакс-Қазақстан" агенттігіне.

Халықаралық құқық қорғаушы ұйым "Фридом хаус" Қазақстанның Исраилды экстрадициялау жөніндегі шешімін сынап, Қытай елінде оны азаптауы мүмкін деген мәлімдеме жасаған болатын.

Қытай жағы Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданында болған қанды қақтығысқа байланысты сұратқан 39 жастағы Аршидин Исраил 2009 жылы Қазақстанға саяси баспана іздеп келген болатын. Оған босқын мәртебесін бермеу туралы сот шешімі сәуір айында күшіне енген еді.

2009 жылы шілденің 5-і күні Үрімжіде болған жаппай қақтығыстар салдарынан, ресми деректер бойынша, 200-дей адам қаза тауып, мыңға жуық адам жараланған. Қазір 1400-дей адам, негізінен ұйғырлар, тұтқында отыр. Олардың арасындағы әйелдер мен балалар да бар. Қытай өкіметі ол тұтқындарға «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырып, соған қатысты» деген айып тағып отыр. Шыңжаңдағы қанды қақтығысты қараған Қытай соты 22 адамды өлім жазасына кесті.
XS
SM
MD
LG