Accessibility links

Қазақстан 29 өзбек босқынын экстрадициялады


Полицейлер өзбек босқындарының әйелдерін прокуратура ғимаратына жібермей тұр. Алматы, 9 маусым 2011 ж.
Полицейлер өзбек босқындарының әйелдерін прокуратура ғимаратына жібермей тұр. Алматы, 9 маусым 2011 ж.
Бүгін Қазақстан билігі былтырғы маусым айынан бері қамауда болған 29 өзбек мұсылман-босқынын Өзбекстанға экстрадициялады. Бұл туралы Азаттық тілшісіне Алматы қаласы прокурорының орынбасары Тәшкенбай Әубәкіров хабарлады.

Қазақстан заң орындары бұл босқындарды Өзбекстан билігінің сұрауы бойынша Алматыда тұтқындаған еді. Қазақ көші-қон мекемесі оларға босқын мәртебесін беруден бас тартқан соң, мұсылман-босқындар сотқа шағым түсірген болатын. Алайда бұлардың ісін бірнеше ай бойы қараған Алматы соты қамаудағылардың өтінішін қанағаттандырмай тастады.

Адам құқығын қорғаушылар мұсылман-босқындарды Өзбекстанда азаптау күтіп тұрғанын айтып, оларды өзбек билігінің қолына бермеуге шақырып Қазақстан билігіне бірнеше рет үндеу жасады.

Бүгін түстен кейін Алматы прокуратурасының ғимараты алдында пикет өткізген 12 өзбек босқынының әйелдері өз күйеулерінің Өзбекстанға экстрадицияланғаны туралы ақпаратты растауды немесе жоққа шығаруды талап етті деп хабарлайды оқиға орнынан Азаттық тілшісі.

Қазақстаннан Өзбекстанға экстрадицияланған өзбек босқындарын қорғау комитетінің дерегінше, Алматы қаласы прокурорының орынбасары Тәшкенбай Әубәкіровке жолығуға барған 12 әйелдің төртеуін (Хусния Гуламова, Адолат Муминова, Гулнора Кодирова, Феруза Норкобиловаларды) полиция ұстап алып, беймәлім жаққа алып кеткен.

Соңғы ақпарат бойынша, полиция ол әйелдерді босатқан. Өзбек босқындарының жұбайлары енді БҰҰ-ның Босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссиариат басқармасы ғимаратына бара жатыр.
XS
SM
MD
LG