Accessibility links

«Байқоңырда жергілікті жастар мен ресейлік полиция қақтығысты» деген хабар тарады


Ресейлік "Протон-М" Байқоңырдан ұшып барады. 2 қыркүйек 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

Ресейлік "Протон-М" Байқоңырдан ұшып барады. 2 қыркүйек 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

Байқоңырда жергілікті жасөспірімдер мен ресейлік полиция арасында қақтығыс болғаны туралы ақпарат тарады.

Есімін атаудан бас тартқан Байқоңыр тұрғынының айтуынша, бар мәселе маусымның 3-і күнгі төбелестен басталған. Таңғы сағат төрттер шамасында «Арбат» және «Центр» аудандарының елу шақты баласы жиналып, өзара төбелескен.

Бірнеше күннен кейін яғни, маусымның 7-сі күні бұл оқиға тағы да қайталанады. Бірақ бұл жолы алдыңғыға қарағанда төбелеске әлдеқайда көп адам жиналып, тіпті оны басуға полицияның да шамасы жетпеген.

«Полициядан да көп жасөспірімдер олардың көліктеріне тас пен бөтелкені атқылап, ақырында полиция кетуге мәжбүр болды» деп жазады куәлардың бірінің сөзін келтірген «Интерфакс» агенттігі.

Ал Байқоңыр кешеніндегі Ресейдің ішкі істер басқармасының бастығы Олег Слепенчук Қазақстандағы ақпарат құралдарының «түймедей нәрсені түйедей» қып көрсетіп отырғанын айтады. Оның айтуынша, қала күні (яғни маусымның 3-і күні) қалада ешқандай тәртіпсіздік тіркелмей, тыныш өткен.

Ол жасөспірімдер мен полиция арасында қақтығыс болғанын да жоққа шығарады.

- Шын мәнінде жасөспірімдердің өз араларында жанжал туындап, шамамен 25 шақты адам есеп айырыспақ болған. Кейін олар жақтастарын ертіп әкеліп төбелеспекші болған кезде Байқоңыр кешеніндегі Ресей полициясы «бөгет жасады», - деді Олег Слепенчук Азаттық радиосына маусымның 10-ы күні.

Оның айтуынша, осыдан кейін бұл жасөспірімдер ішкі істер департаментіне жеткізіліп, онда шамалы заңнамалық түсіндірме жұмыстары жүргізілген. «Ешкім зардап шеккен жоқ, тіпті көлік те бүлінген жоқ» дейді ол.

- Қазір қалада жағдай тыныш. Сол кезде де тыныш болған, - деді Олег Слепенчук.
XS
SM
MD
LG