Accessibility links

Не себепті кейбір автократтар ұзақ билік құрады?


Муаммар Каддафи Дүниежүзілік шахмат федерациясының президенті Кирсан Илюмжановпен шахмат ойнап отыр. Триполи, 12 маусым 2011 жыл

Муаммар Каддафи Дүниежүзілік шахмат федерациясының президенті Кирсан Илюмжановпен шахмат ойнап отыр. Триполи, 12 маусым 2011 жыл

New York Times газеті маусымның 9-ы күнгі санында бірқатар диктаторлар тақтан тайдырылып жатқанда өзгелерінің орнында қала беру себебіне үңіліпті. Басылымның жазуынша өміршең автократтардың үш түрі бар.


Тарихты ақтарсақ, кейбір халықтардың озбыр билеушілерге жаппай қарсы шыққанын көреміз. Бірақ араб әлемін тұтастай шарпыған төңкерістер тарихта сирек ұшырасады.

Озбыр билеушілердің өзіне құлдық ұрған, «ниеті түзу» топтарды марапаттап отыру арқылы билікті уысында ұстайтынын айтады басылым. Ол топқа негізінен күштік құрылым өкілдері, жоғары деңгейлі шенеуніктер және билеуші отбасының мүшелері кіреді. Бұл топтың басты міндеті – режимге қарсы оппозицияны басып-жаншу. Бірақ олар бұл лас тапсырманы өтеуін артығымен өндіріп алатын жағдайда ғана орындайды. Автократттарға сондықтан сыбайластарының қарны тоқ болғаны қажет.

ДИКТАТОРЛАРДЫҢ ҮШ ТҮРІ

New York Times-тың жазуынша, диктатордың жақтаушылары халықтың наразылығын басудан бас тартса немесе қарсылас жаққа шығып кетсе, онда оған шынымен қауіп төнеді. Сол себепті жолы болғыш автократтар алдымен өзінің сыбайластарының «көңілін табады». Сыбайластардың байлыққа емін-еркін ие бола алатынына көздері жетіп тұрса, халықтың қарсылығы да қатаң басып-жанышталады деген сөз.

Ал егер сыбайласының қожайынына артқан сеніміне селкеу түссе, онда наразылық толқуынан шын қауіпке айналады. Басылым негізі диктаторлардың келесідей үш түріне сыбайластарының сатып кету қаупі жоғары екенін айтады. Олар – билікке жаңа ие болған, қаусаған кәрі және банкроттыққа ұшыраған немесе күйреп қалған диктаторлар.
71 жастағы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Эстониядағы ресми сапары кезінде сөйлеп тұр. Таллинн, 20 сәуір 2011 жыл

Жаңа пісіп-жетілген диктаторлар ақшаның көзін немесе кімнің сеніміне кірудің оңай және тиімді екенін білмейді. Осылайша, өтпелі кезең тұсында революцияшыл бизнесмендер орнықсыз жаңа режимді құлату сәтін тиімді пайдаланып қалуы мүмкін екенін айтады басылым.

Ал жасы жетіп, қартайып бара жатқан автократқа өзінен ендігі жерде артықшылықтар мен жеңілдіктер күте қоймайтын сыбайластарынан қауіп туындайды. Себебі сыбайластары оның «арғы дүниеде» жатып жарылқай алмайтынын біледі. Қаусаған автократқа сыбайластарының сенімі жоғалып, олар халық наразылығын басудың орнына оған дем беріп отырады. Филиппин, Заир мен Ирандағы диктатураның құлауына осындай жағдай себеп болған.

БАНКРОТҚА ҰШЫРАҒАН ПРЕЗИДЕНТТЕР

Зин әл-Абидин Бен Әли және Хосни Мүбәрәкке келер болсақ, олардың биліктен кетуіне жас шамасынан өзге Тунис пен Египеттің экономикалық қиындықтардан зардап шегуі түрткі болды. Елде астық пен жанар-жағармайдың бағасы өсіп, білімді адамдардың арасында жұмыссыздық жоғары деңгейге жетті. Ал АҚШ-тың Египетке беретін көмегі біршама қысқарып қалған болатын. Осы көмек қаржыдан үлес алып отырған Хосни Мүбәрәктің әскери қолдаушылары оның бұдан былай пайда бере алатынына күмән келтірді. Яғни, Хосни Мүбәрәк банкроттыққа ұшырады деген сыңайдағы ой айтады басылым.

Қаржы тапшылығы күшейген сайын, билеушілер сыбайластарының көңілінен шыға алмайды. Ал бүлік шықса, оны басуға ешкімнің құлқы болмайды. New York Times Ресей мен Франциядағы революцияларға және Шығыс Еуропадағы коммунистік режимдердің құлауына да осындай жағдай себеп болды деп санайды. Өткен жылғы мамыр айында инвесторлар алдында сөз сөйлеген Хосни Мүбәрәк билігінің де ақыры таяп қалғаны болжанған болатын.
Египеттің бұрынғы президенті Хосни Мүбәрәк. Каир, 19 қазан 2010 жыл

Басылымның айтуынша, Башар әл-Ассадтың басқаруындағы Сирияға да осындай қауіп төніп тұр. Себебі 2011 жылғы ІЖӨ шамамен 7 пайызды құрайды деп болжанып отыр, ал мұнайдан түсетін табыс азайып, жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі жоғарылап кеткен. «Ол бүгін халық толқуын күштеп ауыздықтағанымен, түптің түбінде өзі, я оның орнында басқа адамның реформа жасайтынына сенім мол», - дейді газет.

Бір елде басталған революцияның басқа елге «жұғып, таралуы» да маңызды рөл атқарады. Халық көрші елдерде билеушілердің сыбайластар қолдауынан айырыла бастағанын көрген соң, өздерінің де қимылдауға мүмкіндігі бар екенін сезінеді. Бірақ, бір мемлекеттегі төңкеріс екінші бір мемлекетте сол күйінде қайталана салмайды деп ескертеді New York Times.

Көптеген елдерде, әсіресе мұнайға бай Парсы шығанағы мемлекеттерінде қарсылық болған жоқ, немесе бола қалғанның өзінде басып тасталды. Мысалы, Бахрейнде ел бюджетінің 60 пайызы мұнай мен газдан түсетін табыспен толығады. Сондықтан ел басшылығы қарсылық шараларын күшпен таратудан аса қауіптене қоймағанын жазады басылым.

АУҚАТТЫ ДИКТАТОРҒА ДЕМОКРАТИЯНЫҢ ҚҰНЫ КӨК ТИЫН

Табиғи қазба байлықтары мол елдің автократтары сыбайластарын «риза» қылып отыра алады. Ал көшеге шыққан халықты басып-жаныштаудан бұл табыс көздеріне пәлендей қауіп төне қоймайды. Жасы сексенге таяған Зимбабве басшысы Роберт Мугабенің орнында тапжылмай отыруы мен Ливия көсемі Муаммар әл-Каддафидің оппозициямен ымыралық танытпауы осы табиғи байлықтар мен мұнайдың арқасы деп жазады New York Times.
Сирия президенті Башар әл-Ассад. Тегеран, 19 тамыз 2009 жыл

Табиғи қазба байлығы мол немесе шетелден көмек қаржы алып тұратын режимдерге сөз бостандығын, баспасөз еркіндігін шектеу, және ең бастысы халықтың топталып, жиналу құқын аяқ асты ету оңай дүние болып табылады. Керісінше, кедей мемлекеттердің басшыларына сыбайластарының қолдауына ие болу үшін салық түсімін арттырмаса, халықтық толқуларды басу қиынға соғатынын айтады басылым.

Ондай мемлекет басшыларының жағдайы қиын болатындықтан, олар өздері-ақ ерте бастан либералдық реформалар жүргізуге кіріседі. Морокко мен Сирия сияқты мемлекеттер елде наразылық танытушыларды алғашында күшпен таратқанымен, алдағы жылдары реформалар жүргізуі мүмкін. Демократиялануға түрткі болатын мұндай алғышарттар табиғи ресурстардан тапшылық көріп отырған Қытай және Йордания сияқты елдерде де бар екенін алға тартады басылым. Бұл үрдіс – автократ басшыларға жағымсыз болса да, әлемдегі езіліп-жаншылған халықтар үшін жақсы жаңалық.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG