Accessibility links

Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен АҚШ мүддесі


ШЫҰ саммитіне келген Қытай төрағасы Ху Цзиньтаоны (сол жақта) Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев қарсы алып тұр. Астана, 12 маусым 2011 жыл

ШЫҰ саммитіне келген Қытай төрағасы Ху Цзиньтаоны (сол жақта) Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев қарсы алып тұр. Астана, 12 маусым 2011 жыл

National Interest журналы «Құрылғанына он жыл толатын ШЫҰ жайында не айтуға болады? Кейбіреулер «НАТО-ға қарсы құрылым» деп атайтын ШЫҰ қазір қандай деңгейде? ШЫҰ-ның АҚШ-пен қарым-қатынасы қандай?» деген сұрақтарға жауап іздейді.


National Interest («Нэйшнл интерес») журналы маусымның 10-ы күнгі санында Ақ Үйге қаратып ШЫҰ-мен тығыз байланыс орнатуға кедергі келтіріп отырған төмендегі бес түсінікке қарсы уәждерін келтіреді.

1. «ШЫҰ – АВТОКРАТИЯЛЫҚ ЕЛДЕР КЛУБЫ»

Басылымның жазуынша ШЫҰ-ның Қытай, Ресей, Өзбекстан және Тәжікстан сияқты мүшелеріне автократиялық режим деген «таңба» басылғанына біраз болды. Ал Қазақстан мен Қырғызстан бұл жағынан аймақтағы көш ілгері елдер. Соңғы сайлауда 95 пайыз «дауыс алғанына» қарамастан Қазақстан президентін АҚШ-тың мемлекеттік департаменті «Таяу Шығыстағы мемлекеттерден сабақ алуға және өзгерістер жасауға ұмтылғаны» үшін мақтап та қойды. Ал Қырғызстан басқарудың парламенттік жүйесіне көшіп, еркін парламент сайлауын өткізді.

Үндістан, Пәкістан және Иран осы жылы ұйымның толыққанды мүшесі болмақ. Ал Ауғанстан бақылаушы ел ретінде тіркелуге өтінішін білдірген. Бұл елдердің де саяси құрылымы тұтастай автократиялық емес.
Өзбекстан президенті Ислам Каримов ШЫҰ саммитінде сөйлеп отыр. Ташкент, 11 маусым 2010 жыл

АҚШ ШЫҰ-на мүше мемлекеттермен екіжақты байланыстар орнатып үлгірген. Ендігі мәселе әділетсіз тәсілдерді қолданбай, ортақ мүдде тұрғысынан әрекет ету, автократтық елдердің шамына тимей өзгерістер жасауға итермелеу деген ой айтады журнал.

2. «АҚШ БҰЛ АЙМАҚ ЕЛДЕРІМЕН ЖЕКЕ-ЖЕКЕ ӘРІПТЕСТІК ЖАСАЙ АЛАДЫ»

Екіжақты ынтымақтастықтың орны бөлек. Бірақ ғаламдық ахуал Вашингтонның ЕО, НАТО, Араб лигасы немесе Африкалық одақ сияқты аймақтық институттармен бірлесе жұмыс істеу қажеттігін алдыға тартып отыр деген пікір айтады басылым.

Осыны түсінген Вашингтон өткен жылы алғаш рет Шығыс Азия саммитіне қатысты, Африка Одағымен екіжақты жоғары деңгейлі кездесулер өткізді. 1999 жылдан бері өтпеген ЕҚЫҰ саммитін өткізуге Қазақстанмен бірлесе жұмыс істеп, АСЕАН ұйымымен байланысын күшейткенін айтады журнал.
2009 жылы Ақ үй бірінші рет ШЫҰ қаржыландырған Ауғанстандағы халықаралық конференцияға өз өкілін жіберді.

2009 жылы Ақ үй бірінші рет ШЫҰ қаржыландырған Ауғанстандағы халықаралық конференцияға өз өкілін жіберді. Оның нәтижесінде ШЫҰ-на мүше мемлекеттер НАТО және өзге де халықаралық ұйымдармен бірлесе отырып Ауғанстандағы есірткі саудасымен күштік құрылымдар және экономиканы дамыту арқылы күресуге құлшыныс танытқан.

3. «ШЫҰ – БАТЫС ПЕН НАТО-ҒА ҚАРСЫ ҰЙЫМ»

Дәл олай деу қиын. ШЫҰ 2005 жылы коалициялық күштерді Ауғанстандағы операцияларда пайдаланатын Орталық Азиядағы базаларын босату мерзімін нақтылауды сұрады. Оған таң қалатын ешнәрсе жоқ еді. Журнал мұның себебі Ауғанстандағы әскери операциялар аяқталуға жақын тұрған, бұдан өзге ШЫҰ Грузия, Украина және Қырғызстандағы «түрлі-түсті революцияларды» қолдады деп АҚШ-тан күдіктенген деген уәж айтады. Оның үстіне Вашингтон Өзбекстанның Әндіжан көтерілісін күшпен жаныштағанын да сынап кеткен. Іле-шала ШЫҰ Вашингтонға бұл аймақта әскери база ұстай алмайтынын анық білдірді. Сөйтіп 2006 жылы Өзбекстан АҚШ-тан Қарши-Ханабадтағы әуе базасын тастап шығуды талап етті.
НАТО-ның Орталық Азия мен Кавказдағы арнайы өкілі Роберт Симмонс Бішкекте. 2 ақпан 2009 жыл

«Алайда содан бері ШЫҰ мүшелері АҚШ-тың аймақтағы рөлі мен қызметін өз пайдалары үшін қолдануға болатынын түсінді» дейді журнал. Мысалы, Қырғызстан Вашингтонға егер жалға құнын көтеретін болса Манас әуежайынан жүк тасымалын арттыруға келісетінін білдірді. Ал Ресей НАТО-мен бірге Ауғанстандағы есірткіге қарсы тексеру шараларына қатысып, тағы бір көрініп қойды. Басылымның жазуынша, тіпті Бейжіңнің өзі Ауғанстанда сауда-инвестиция жобаларын жүзеге асырып отырғандықтан Батыстың аймақ қауіпсіздігіне қосқан үлесін жоғары бағалайды. Бұдан бөлек, ШЫҰ-ның Қытайдан басқа барлық мүшелері НАТО-ның «Бейбітшілік ынтымақтастығы» бағдарламасына қатысып келеді.

4. "ШЫҰ ТЕК ҚҰРҒАҚ СӨЗДЕН ТҰРАДЫ"

Бұлайша асығыс түрде қорытынды жасауға болмайды деп санайды журнал. ШЫҰ-ның БҰҰ, АСЕАН, ЕО және ЕҚЫҰ сияқты бюрократиялық тұрғыда дамып жатқаны және қызмет аясын кеңейткені маңызды фактор екенін жазады National Interest. Себебі ол ұйымның аймақтың заңды ойыншысы ретіндегі келбетін қалыптастырып, салмағын арттырады. ШЫҰ-ның 2005 жылдан бері мүше мемлекеттердегі президенттік және парламенттік сайлауларға бақылау жасайтын өз бақылаушыларының халықаралық бақылаушылармен көптеген сайлаулардың әділ немесе бұрмаланып өткеніне қатысты келіспей қалатын жайы бар. Бұл Батысты ашуландырғанымен, ШЫҰ-ның кәдімгідей саяси жетістіктерге жеткенін көрсететінін жазады басылым.
Бейжің ШЫҰ-ның бірлескен жобасын қаржыландыруға қажет 10 миллиард АҚШ долларының 8 миллиардын беретінін айтты.

Қытай экономикалық дамуда әлемдік көшбасшы болады деп болжанып отырғанымен, жалпы ШЫҰ экономикалық салада артта қалып отыр. Бейжің ұйымның бірлескен жобасын қаржыландыруға қажет 10 миллиард АҚШ долларының 8 миллиардын беретінін айтты. Қытай ұйымға кіретін мемлекеттерге әлемдік қаржы дағдарысына төтеп беру үшін миллиардтаған доллар несие және берді. Ұйым Азия даму банкімен, БҰҰ-ның Тынық мұхит және Азия бойынша Экономикалық және әлеуметтік комиссиясымен сауда, транзит және туризм саласына қатысты аймақтық келісімді дайындап, жүзеге асыру бойынша ынтымақтастық орнатып отыр.

5. АУҒАНСТАННАН ӘСКЕРІ ШЫҚҚАН СОҢ ШЫҰ АҚШ-ҚА КЕРЕКСІЗ БОЛАДЫ

National Interest-тің пікірінше, тіпті де олай емес. Олай болған жағдайда, аймақта ШЫҰ мен Ауғанстанға көршілес мемлекеттердің өздері ғана қалар еді. ШЫҰ-мен байланыс жасап, ынтымақтастық орнату АҚШ-қа әл-Қаида және Еуразия Еуразия кеңістігіндегі басқа террористік ұйымдарды бақылап отыруға мүмкіндік берген болар еді. Өйткені Wall Street Journal ұйымы сәуір айында «әл-Қаиданың» соңғы айларда Ауғанстанның Пәкістанмен шектес солтүстік-шығыс шекарасы тұсында "жаттығу лагерлерін, жасырынатын жерлер мен операциялық базалар құрып жатқанын" айтқан болатын. АҚШ ШЫҰ-ның экстремистік ұйымдардың ізіне түсу, аймақтың құқық қорғау органдары қызметкерлерін оқыту және шекара мен кедендік бақылауды күшейту сияқты атқарып жатқан жұмыстарын пайдалануға болатын еді деген ой айтады басылым.
АҚШ мемлекеттік хатшысының Оңтүстік және Орталық Азиядағы өкілі Роберт Блейк Душанбеде.

Аймақтағы тұрақсыздыққа есірткі саудасының да әсері бар. Себебі ол Талибан мен басқа да экстремистік топтардың табыс көзі болып отыр. Есірткі саудасына тосқауыл қоюда ұйымға мүше елдер Ауғанстанмен елді қалпына келтіру, ауған құқық қорғау қызметкерлерін дайындау, есірткіден сақтандыру және алдын алу шараларында ары қарай да экономикалық ынтымақтастық орнатуға келісім жасасты. Бұл саладағы әріптестік Вашингтонға бұлар жайында ақпарат алып тұруды және олардың тиімділігін арттыруды жеңілдетер еді деген ой айтады басылым.
АҚШ сонымен қатар ШЫҰ аумағында "энергетикалық клуб" құру идеясына да қолдау көрсетеді. Бұл жоба Ресей мен Орталық Азияның табиғи ресурстарына мұқтаж Қытай тарапынан туған.

АҚШ сонымен қатар ШЫҰ аумағында "энергетикалық клуб" құру идеясына да қолдау көрсетеді. Бұл жоба Ресей мен Орталық Азияның табиғи ресурстарына мұқтаж Қытай тарапынан туған. Жоспар әзірге тоқтап тұрғанымен, АҚШ-тың оған атсалысқысы бар. Ақ Үй, әсіресе, бұл жобаның коммерциялық тұрғыда жүзеге асуына көмектесе алатынын жазады басылым.

АҚШ мемлекеттік хатшысының Оңтүстік және Орта Азия бойынша өкілі Роберт Блейк наурыз айының ортасында ШЫҰ-ның өкілдерімен кездесіп, Орталық Азиядағы ахуал мен ШЫҰ туралы сөйлескен. Бірақ, бұл туралы баспасөзге бір ауыз сөз шыққан жоқ деп жазады журнал.

Блейк журналистерге АҚШ-тың ШЫҰ-ға мүше болу туралы қандай да бір шешім қабылдамағанын айтқан. Бірақ, бұрынғы мемлекеттік хатшының орынбасары Джеймс Стейнбергтің ШЫҰ-мен қарым-қатынас жасай берудің маңызды екенін айтып қалғаны бар.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG