Accessibility links

Жұмабай Шаяхметов НКВД қызметкерінен бірінші хатшыға айналды


1946-1954 жылдарғы Қазақстан компартиясының бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметов. Сурет Мадат Аққозинның «Вернуть из забвения» кітабынан алынды.
1946-1954 жылдарғы Қазақстан компартиясының бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметов. Сурет Мадат Аққозинның «Вернуть из забвения» кітабынан алынды.

65 жыл бұрын Жұмабай Шаяхметов республиканың бірінші хатшысы қызметіне тағайындалды. Соғыстан кейінгі қысталаң кезеңнің саяси жетекшісі кейінірек тың игеру науқанына қарсы шыққаны үшін орнынан алынды.


Жұмабай Шаяхметовтың саяси-қоғамдық қызметін зерттеушілер ең әуелі оның «Қазақстанның қазақтан шыққан тұңғыш басшысы» болғанына ерекше назар аударады.

НКВД - ХАТШЫ

1924 жылы жүргізілген Орта Азия республикаларын межелеу шараларына байланысты Түркістан АССР құрамындағы қазақтар мекендеген жерлер Қазақ АССР құрамына қосылып, негізінен қазіргі Қазақстан аумағы белгіленген соң республиканың бірінші басшылығы расында да қазақ коммунистерінің қолына тимей келген болатын.

«Межелеуге» дейінгі Қазақ АССР тізгінін ұстаған Халық комиссарлар советінің төрағасы Сәкен Сейфуллин мен Түркістан АССР орталық атқару комитетінің төрағасы Тұрар Рысқұлов 1924 жылы қызметтерінен босатылды. Олардың өкілеттігі кейінгі халық комиссарлар советі төрағаларының өкілеттігінен жоғары еді. Екеуін де СССР НКВД-сы (СССР Ішкі істер халық комиссариаты) 1937 жылы тұтқындап, 1938 жылы «халық жаулары» ретінде атып жіберді.
Жұмабай Шаяхметов жауапты қызметтер атқарған кезеңде, яғни 1927-1938 жылдардағы сталиндік саяси қуғын-сүргінді белсене жүзеге асырып, мыңдаған жазықсыз адамдардың өмірін қиған НКВД мейлінше қатігез жазалаушы орган ретінде танылды.


1936 жылы Солтүстік Қазақстан облыстық НКВД бастығының орынбасарлығына тағайындалып, 1937 жылы желтоқсанда ВЧК-ОГПУ-НКВД органдарының құрылғанына 20 жылдығына орай марапатталған, 1938 жылы маусымда Алматы облыстық басқармасының орынбасары лауазымына бекітілген Жұмабай Шаяхметов 1938 жылы шілде айында Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің үшінші хатшысы болып сайланды.

Жұмабай Шаяхметов жауапты қызметтер атқарған кезеңде, яғни 1927-1938 жылдардағы сталиндік саяси қуғын-сүргінді белсене жүзеге асырып, мыңдаған жазықсыз адамдардың өмірін қиған НКВД мейлінше қатігез жазалаушы орган ретінде танылды. Кезінде НКВД органдарында қызмет етіп, кейін жоғары билікке қол жеткізген адамдарға қатысты күдікті көзқарас та осы кезден бастап қалыптасып, әлі күнге жалғасып келеді.

Мәселен, зерттеуші Тұрсын Жұртбай «Мағжанды тіміскілеткен не тұтқындаған, Ахмет Байтұрсыновтың ісіне де қатысы бар тергеушілердің бірі – Қазақстанның бірінші басшысы, екіншісі – қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары, үшіншісі – ішкі істер министрі, төртіншісі – төбе би болды» дегенді алға тартады.

Алайда қазақтан шыққан тұңғыш басшысы жайындағы көптеген естеліктер мен зерттеу еңбектерде ол көбіне жағымды жақтан ғана баяндалады.
Қазақтан шыққан тұңғыш басшысы жайындағы көптеген естеліктер мен зерттеу еңбектерде ол көбіне жағымды жақтан ғана баяндалады.


Кейбір зерттеушілер Жұмабай Шаяхметов НКВД-ның, яғни милицияның ішкі қауіпсіздік жүйесінде емес, ішкі тәртіпті күзету бөлімінде жұмыс істегенін жазады.

«Николай Ежов орнынан алынып, орнына Лаврентий Берия келген соң және одан кейін (1950-жылдардың соңында) НКВД-ның өз ішінде жүрген жазалау шараларынан аман қалуы – Жұмабай Шаяхметовтің тазалығының белгісі. Егер ол саяси қуғын-сүргінге кінәлілердің бірі болса, Н.Хрущев оны ескерусіз қалдырмайтыны анық еді» деушілер де кездеседі.

«САЯСАТКЕР БІРЕУ – ҚАЛҒАНЫМЫЗ ТІРЕУ»

1938 жылы Қазақстан Компартиясының бірінші хатшылығына сайланған Николай Скворцов та, үшінші хатшылыққа сайланған Жұмабай Шаяхметов те азамат соғысындағы ақ пен қызылдың айқасына түспеген, революциядан кейінгі идеялық тартыстарға араласпаған, советтік идеологиядан ауа жайылмайтын сталиндік номенклатураның типтік қызметкерлері болды.

20-жылдар мен 30-жылдардағы билік басындағылардан кейінгі үшінші буынның өкілдері болып саналатын олар жеке басының саяси амбициясын мейлінше тұмшалап, «саясаткер – біреу, қалғанымыз – тіреу» дейтін советтік шенеуніктердің әлі күнге жалғасып келе жатқан қасаң тұрпатының негізін салды.
Жұмабай Шаяхметовтің сайлануы советтік ұлт саясатының тағы бір шарты – ұлт республикаларына жергілікті кадрларды тағайындау мәселесін шешті. Ал оның аталған бес шартқа сай келгені кейінгі қызметінен де көрінді.


«Первые лица Казахстана в сталинскую эпоху» деп аталатын зерттеу авторлары Л.С. Ахметова, В.К. Григорьевлар 1938 жылы шілденің ортасында Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшылығына кәсіби экономист Николай Скворцовтың сайлануына бес жағдай себеп болғанын айтады.

Олар: өз міндетін асыра орындаған жаппай қуғын-сүргінді аяқтап, елдегі саяси өмірді арнасына түсіру; Еуропа мен Қиыр Шығыстағы саяси шиеленістерге байланысты Қазақстанмен шектесетін Қытайдың Шыңжаң өлкесінен төнетін қауіптің алдын алу; екінші бесжылдық жоспарын орындап, экономиканы көтеру; Қазақ ССР Жоғарғы Советінің сайлауын өткізіп, соған сәйкес басқару органдарын құру; 1938 жылы жарық көрген «БКП (б) тарихының қысқаша курсын» советтік саяси жүйенің идеологиясы ретінде елдің басты бағдарына айналдыру.

Осы ретте Жұмабай Шаяхметовтің сайлануы советтік ұлт саясатының тағы бір шарты – ұлт республикаларына жергілікті кадрларды тағайындау мәселесін шешті. Ал оның аталған бес шартқа сай келгені кейінгі қызметінен де көрінді.

«СТАЛИННЕН СҰРАП АЛДЫ»

1939 жылы маусымда Жұмабай Шаяхметов Қазақстан компартиясының екінші хатшылығына сайланып, оған республикадағы мемлекеттік және партиялық аппарат жұмыстары жүктелді. Сол жылы Николай Скворцовтың ұсынысымен қазақ графикасы кириллицаға ауыстырылды. Әуелі араб, 1929 жылдан латын графикасын қолданып келе жатқан қазақ қоғамы кириллицамен қайта сауат ашуға мәжбүр болды.

Жұмабай Шаяхметовтің ұйымдастырушылық қабілеті Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары айрықша көрінді. Ауыл шаруашылығын майдан қажеттіліктеріне сәйкестендіріп қайта құру, әскери-мобилизациялық жұмыстарды ұйымдастыру, тылға эвакуацияланған кәсіпорындар мен бейбіт тұрғындарды орналастыру, соғыс уақытындағы білім мен мәдениет мәселелерімен шұғылданды.
Жұмабай Шаяхметовтің ұйымдастырушылық қабілеті Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары айрықша көрінді.


1942 жылы Жұмабай Шаяхметовтің майдан мен тылдың рухын көтеру жөніндегі үндеуінен соң Жамбыл Жабаевтың әйгілі «Ленинградтық өрендерім» атты өлеңі жария болды.

1943 жылы әскерге жарамды азаматтар мейлінше азайып, 1931-1933 жылдардағы ашаршылықтан кейін онсыз қатары селдіреген қазақ халқының демографиялық ахуалы апатты жағдайға тап болды.

Жұмабай Шаяхметов Сталиннің алдына осы мәселені қоя отырып, 1944 жылы әскерге шақырылған қазақтарды майданға емес, Теміртаудағы түсті металлургия зауыты мен өзге де өнеркәсіптік кәсіпорындардағы қара жұмысқа жіберуін сұрады. Соғыс уақытына қарамастан Жұмабай Шаяхметовтің ұсынысымен Қазақстанда бірнеше жоғары оқу орындары (оның ішінде Алматы қалалық қыздар педагогикалық институты да бар) ашылды.

«СОҒЫСТАН СОҢҒЫ СҮРГІН»

Жұмабай Шаяхметов 1946 жылы Қазақстан Компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы болып сайланып, соғыстан соңғы республика шаруашылығын қалпына келтіруге елеулі үлес қосты.

Атап өтерлік жайт, осы кезеңде Совет өкіметінің Қытай аумағындағы ықпал әрекеттері барынша күшейіп, Шығыс Түркістандағы азаттық қозғалысты жаншуға белсене араласты. 1941-1943 жылдары Алматыда саяси тәжірибеден өткен адамдар мен Қазақстан арқылы жіберілген қару-жарақ Оспан батыр бастаған ұлт-азаттық қозғалысты тұншықтыруға атсалысты.

Жұмабай Шаяхметовтің билігі кезінде бірқатар қазақ ғалымдары мен шығармашылық адамдары сүргінге түсті. «Звезда» және «Ленинград» журналдарындағы идеологиялық мәселелер туралы "орталықтың" атышулы қаулыларынан кейін 1947 жылғы қаңтардың 21-і Қазақстан компартиясы орталық комитетінің «ҚазССР Ғылым академиясы тіл және әдебиет институтының жұмысындағы өрескел саяси қателіктер туралы» қаулы қабылдады.
1950 жылдардың алғашқы жартысында ұлтшыл деген айып тағылып, ұзақ мерзімге сотталып кеткен адамдарды Жұмабай Шаяхметов қорғап қала алмады.


Қаулыда «Ер Сайын, «Қобыланды», «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу», «Қыз Жібек», «Айман – Шолпан», «Едіге» сияқты революцияға дейінгі қазақ ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетінің туындылары түгелге дерлік халыққа қарсы, реакциялық шығармалар ретінде көрсетілді.

Кенесары Қасымов бастаған ұлт-азаттық қозғалысты зерттеуде жоғарыда аталған «БКП (б) тарихының қысқаша курсындағы» идеологиядан «ауытқып кеткен» Ермұқан Бекмахановтың өрескел қателіктері туралы 1947 жылы бастап айта бастады. 1951 жылы «Правда» газетінде айыптау мақала жариялаған Қазақстан тарихшылары Бекмахановты қудалауға себеп болды.

Кейбір естеліктер мен зерттеуші ғалымдардың еңбектерінде Жұмабай Шаяхметовтің осы айыптау мақаланың жариялануына қарсы болғаны, кейін Мұхтар Әуезовті, Қаныш Сәтбаевты қорғап қалуға тырысқаны туралы айтылады. Бірақ идеология мәселелері бойынша Қазақстан компартиясының пленумында жасаған баяндамасы мен «Большевик Казахстана» (№10, 1951) журналына жарияланған мақаласында бұл ғалымдарды, өзге де ғылыми еңбектерді өзі де аямай сынап шыққан еді.

1950 жылдардың алғашқы жартысында ұлтшыл деген айып тағылып, ұзақ мерзімге сотталып кеткен адамдарды Жұмабай Шаяхметов қорғап қала алмады.

«ФУРМАНОВ НЕГЕ ӨЗГЕРМЕЙДІ?»

Сталин өлгеннен кейін СССР билігінің тізгінін ұстаған Никита Хрущев 1954 жылы Жұмабай Шаяхметовті қызметінен не үшін алғаны туралы өз мемуарында былай деп жазады:
Хрущев: "Шаяхметов [тың игеру] мүмкіндіктерін төмендетіп көрсетті және «жыртуға жарамды жерлер аз, тіпті жоққа тән, барының өзі түгел жыртылып қойды, ал қалған жерлерден пәлендей нәтиже күтудің қажеті шамалы, олар негізінен мал жайылымдары, сондықтан біз мал шаруашылығын дамытамыз» деген пікірін дәлелдеп бақты"


«Мен Қазақстанда қанша жердің жыртылатынын, қаншасының игеруге жарамсыздығын, қанша астық жинайтынын, жыртылуға жарамды жерлердің мүмкіндігін ежіктеп сұрадым. Ол мүмкіндіктерін төмендетіп көрсетті және «жыртуға жарамды жерлер аз, тіпті жоққа тән, барының өзі түгел жыртылып қойды, ал қалған жерлерден пәлендей нәтиже күтудің қажеті шамалы, олар негізінен мал жайылымдары, сондықтан біз мал шаруашылығын дамытамыз» деген пікірін дәлелдеп бақты.

Содан соң Қазақстан облыстық партия комитеттерінің хатшыларымен сөйлестім. Олар Шаяхметовке қарағанда көбірек білетін болып шықты: тың жерлерді игерудің мүмкіндіктері туралы құлшына айтып берді».

«Вернуть из забвения» деп аталатын зерттеу еңбектің авторы Мадат Аққозин кезінде Жұмабай Шаяхметов тұрған Құрманғазы мен Фурманов көшелерінің қиылысындағы үйде осы қоғам қайраткеріне арналған ескерткіш тақта тұрғанын айта келе, «Фурманов көшесінің аты неге өзгермейді, Жұмабай Шаяхметовтың атын берсе қайтеді?» деп тиісті орындарға жасаған ұсынысының ескерілмей қалғанын айтады.
XS
SM
MD
LG