Accessibility links

Соғыс батыры Мәжит Жүнісовтің Прагадағы зиратын қалай таптық

  • Әбдіғани ЖИЕНБАЙ

Қалмұқан Исабай (оң жақ), Әбдіғани Жиенбай (ортада) және Ержан Қарабек (сол жақта) Совет одағының батыры Мәжит Жүнісовтың қабірінің басында. Прага, Ольшанка зираты. Мамыр 2005 жыл

Қалмұқан Исабай (оң жақ), Әбдіғани Жиенбай (ортада) және Ержан Қарабек (сол жақта) Совет одағының батыры Мәжит Жүнісовтың қабірінің басында. Прага, Ольшанка зираты. Мамыр 2005 жыл

Алтын Прагадағы «Олшанка» зираты. Бұл қорымда АҚШ, Франция, бұрынғы Чехославакияның Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қаза тапқан боздақтары мәңгілік ұйқыда жатыр. Мәжит батырдың басында құран оқып отырмыз...


Бұл зиратта жатқан 435 совет солдаты мен офицерінің 372-сінің аты-жөні анық. Совет одағы батырының алтауы – офицер, біреуі – генерал. Олардың арасында батыр Мәжит Жүнісов жатыр.

ІЗДЕУСІЗ БАТЫР

2005 жылы сәуірдің 14-інде «Жас Алаш» газетінде соғыс ардагері, белгілі жазушы Қалмұқан Исабайдың «Қазақ қазақты неге іздемейді?» деген көлемді мақаласы жарық көрді. Онда ақсақал жазушы: «Еуропа жерінде жатқан қазақ жауынгерлерін мемлекет орындары, не болмаса зиялы қауым өкілдері неге іздемейді, ер азаматтарды еске алу, есепке алу елімізге сын емес пе?» деп мәселе көтерді. Талай құнды деректі тізе отырып, Қалмұқан Исабай аға Чехия астанасы Прагада жатқан Совет одағының Батыры Мәжит Жүнісовтің басында «60 жылдың ішінде бірде-бір қазақ болмапты» деп жазады.
Мәжит Жүнісовтың "Ресейдегі қазақтар" кітабынан алынған суреті. Мәскеу, 2008 жыл

Бұл ой «Азаттық» радиосының қызметкерлері – бізге де қозғау салды. Ол кезде мен «Азаттық» радиосында істейтінмін. «Тоқсанға аяқ басқан қарт жауынгер Еуропада мәңгі қалған қаруластарына жете алмай отырғанда Прагада отырып біз неге қозғалмаймыз» деп ойландық. Сөйтіп «Азаттық» радиосының басшылығы алға деген соң әріптесім Ержан Қарабек екеуміз журналистік зерттеуге кірістік.

Алдымен Чехиядағы қазақ елшілігіне хабарласқанымызда, еш дерек табылмады. Ресей елшілігі болса Чехиядағы совет сарбаздарының зираттары жөніндегі мәліметтерді жүйелеуді енді ғана қолға алыпты. Алдағы кезде «Боздақтар кітабы» жарық көрмек деді баспасөз хатшысы.

БАТЫРДЫҢ МОЛАСЫ

«Енді жаяу жүріп іздемесек болмас» деп шештік. Бір ғана Праганың өзінде ондаған зират бар. 1 мамыр мерекесін пайдаланып, іздеуді «Олшанка» зиратынан бастадық.

Екі ғасырлық тарихы бар бұл зираттың көлемі – ат шаптырым. Айналайын чехтар-ай, еуропалық мәдениет иесі емес пе: зираттары демалатын саябақ секілді. Әйнектелген айна тақтайшада зираттағы молалардың орналасу схемасы көрсетілген. Оның бас жақ бөлігінде Совет Одағының жеті батырының есімдері тұр. Біреуі батыр Мәжит Жүнісов болып шықты.
Мәжит Жүнісовтың басына қойылған әуелгі құлпытас. Мамыр, 2005 жыл

«Сүйінші, Әбеке, батырды таптық» деп, Ержан алдымнан шықты. Сол күнде-ақ «Азаттық» радиосынан ол жөнінде тікелей хабар тарады. Табан астында Прагада тұратын түркімен жазушысы, әріптесім Худайберді Халлыны және аналар атынан зайыбым, жастар атынан қызымызды шақырып, батыр Мәжитке және жат жұрт – Совет Одағы үшін құрбан болғандар рухына арнап құран оқыдық.

Сонымен сол күннен бастап телефонда тыным болмады. Әуелі Қалмұқан ағамызға сүйінші хабарды жеткіздік.

Алматыдан Кенжебек Нұрқасен, Астанадан Төлеутай Тұрарұлы хабарласып, тыңдаушылардың қуанышын жеткізіп жатты. Батыс Қазақстан облысынан батырдың туған бауыры Оразғали Жүнісовті таптық. Елдегі радио, телеарналар бізден сұхбат алып жатты.

Мамырдың 5-інде журналист Саясат Бейісбай «Дала мен Қала» және «Егемен Қазақстан» газеттерінде «Қазақ қазақты іздейді!» деген жан тебірентерлік мақалалар жариялады.

ЖЕҢІС КҮНІ ҚАЗА ТАПҚАН

Моладағы құлпытаста советтік бес жұлдыз астында «Старшина Герой Советского Союза Джунусов Межит 1919 – 9.5.1945 г.» деп зер қаріптермен таңбаланыпты. Батыр Мәжит 1945 жылдың 9 мамырында Совет Одағы Жеңіс күнін тойлап жатқанда Прага үшін шайқаста мерт болғаны ғой. Днепр өзенінен 1943 жылы қақаған қысында, оқ жаңбыры астында өтіп батыр атанған Мәжит 26 жасында шейіт болған.

Мәжит Жүнісов Екінші Украина майданында 303-атқыштар дивизиясының құрамында Украина, Молдавия мен Чехословакияны азат етуге қатысты. 1943 жылы Днепр өзенінен өткен кезде көрсеткен батырлығы үшін Мәжит Жүнісов батыр атағына лайық деп танылды. Ол кезде совет әскері Днепрден асып, неміс фашистерін Батысқа қарай қуа түскен еді.

Батыр Мәжиттің арқасында Прагадағы зираттардан қатардағы жауынгер Байжан Нұржановты да таптық. 1915 жылы туған Байжан жеңістен кейін 50 күн өткен соң Прага үшін жан берген.
Тұрабек Жүнісов (сол жақтан бірінші), атасы Мәжит Жүнісовтың қабірі алдында. Прага, 9 мамыр 2010 жыл

Ол қаралы тізім «рядовой Сапарбаев Мустафа... – 9.5.1945», «рядовой Шарипов Курбан 1924 – 5.8.1945 г.» болып жалғасып кете береді.

Шығыс Еуропаның ондаған елінде Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қаза тапқан мыңдаған белгілі-белгісіз қазақ сарбаздары жатыр. Мұндай сарбаздардың тағдырына арнап Қазақ теледидары былтыр деректі фильм шығарды, ол фильмде Мәжит Жүнісовтің зиратын қалай тапқанымыз да кеңінен баяндалады.

Жеңістің 65 жылдығына орай былтыр Прагаға Мәжит Жүнісовтың немере інісі Тұрарбек Жүнісов барып қайтты. Тұрарбек – Мәжит батырдың ең кіші інісі Оразғали Жүнісовтің баласы. Мәжит ағамыздың үш бауыры, екі әпкесі болыпты. Кішкентай кезінде ата-анасынан көз жазып қалған Мәжит Айтқали және Ғаббас есімді бауырларымен бірге балалар үйінде тәрбиеленеді.

Тұрарбек Жүнісов Прагаға Жаңақазан ауылынан бір уыс топырақ ала барыпты. Жаңақазан – Мәжит Жүнісовтің туған жері.

Батырдың туған ауылы Жаңақазандағы орта мектепке батырдың Мәжит Жүнісовтің есімі берілген, Жаңақазанда мүсіні орнатылды. 2006 жылы Орал қаласындағы орталық көшелердің бірі Мәжит Жүнісовтің атымен аталатын болды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG