Accessibility links

ЕҚЫҰ Қырғызстан мен Косоводағы миссияларын салыстырмауға шақырды


ЕҚЫҰ-ның полиция кеңесшілері миссиясының басшысы Маркус Мюллер.

ЕҚЫҰ-ның полиция кеңесшілері миссиясының басшысы Маркус Мюллер.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Қырғызстандағы миссиясын Косоводағымен салыстыруға болмайды дейді аталмыш ұйымның полиция кеңесшілері миссиясының Қырғызстандағы басшысы Маркус Мюллер. Бұл туралы Азаттық радиосының қырғыз қызметі хабарлады.

Мюллердің айтуынша, Қырғызстанға орналастырылған ЕҚЫҰ-ның 22 полиция кеңесшісінің бірнешеуі бұдан бұрын Косовода жұмыс істеген. Бірақ кейбір саяси күштер мен топтар бүкіл ЕҚЫҰ миссиясын саясиландыру мақсатында әдейі Косовомен байланыстырады деп атап көрсетті Мюллер.

Ол қырғыз парламентінің полиция кеңесшілерінің жұмысына қызығушылық танытып отырғанына өзінің қуанышты екенін жеткізді. Полиция кеңесшілерін жергілікті полиция мен қоғам өкілдері жылы қарсы алды дейді Мюллер.

Оның айтуынша, ЕҚЫҰ миссиясы Қырғызстанда бірнеше қауымдастық орталықтарын ашып, жастар және әйелдер ұйымдарымен, сонымен қатар жергілікті полиция қызметкерлерімен ынтымақтасып жатыр.

Мюллер полиция кеңесшілерінің жұмысы қырғыз полиция күштерінің реформасына оң әсер етеді деп үміттенетінін айтты. Оның хабарлауынша, миссияның мерзімі желтоқсанның 31-інде аяқталады. Аталмыш жобаны ЕҚЫҰ-ға мүше елдер қаржыландырып отыр.

Былтыр маусым айындағы этникалық өзбектер мен қырғыздар арасындағы қақтығыстардан кейін Қырғызстан мен ЕҚЫҰ "қаруланбаған полиция кеңесшілері тобына" қатысты келісім жасаған болатын. Ош пен Жалалабадтағы әлгі қақтығыстар барысында 400-ден астам адам опат болып, мыңдаған адам үйсіз қалған болатын.

ЕҚЫҰ полиция кеңесшілеріне қатысты келісім парламент мүшелері мен саясаткерлердің және қоғамның наразылығын туғызған еді. Олар ЕҚЫҰ миссиясы Сербиядағы Косово сияқты Қырғызстанда автономиялық аймақ құруға көмектесу үшін ұйымдастырылып отыр деп мәлімдеген болатын.

Швейцария азаматы Маркус Мюллер Бішкектегі ЕҚЫҰ орталығын 2003-2008 жылдары басқарған.
XS
SM
MD
LG