Accessibility links

Ошта өзбек мектептерін қырғыз тіліне көшіру туралы ұсыныс айтылды


Ош маңындағы Папан ауылында өртеніп кеткен мектеп оқушылары кенеп шатыр астында сабақта отыр.

Ош маңындағы Папан ауылында өртеніп кеткен мектеп оқушылары кенеп шатыр астында сабақта отыр.

Қырғызстанның Ош аймағындағы этникалық өзбек қауымдастығының белсенділері сондағы өзбек мектептеріндегі оқытуды біртіндеп қырғыз тіліне көшіру туралы ұсыныс айтты.

Ош қалалық кеңесінің депутаты, этникалық өзбек Аманулло Иминов өзбек мектептерінде қырғыз тілінде оқыту бағдарламасын енгізуді және жоғары оқу орындарында мемлекеттік тілдің үлесін ұлғайтуды қолдайды. Ол бұл ұсыныс қалалық кеңестік келесі сессиясында қаралатынын хабарлады.

Өзбек драматургі әрі журналисі Еркін Байназаровтың пікірінше, мұндай бастаманың пайда болғанына біраз уақыт өткен. Байназаров пен оның пікірін жақтайтын 50 шақты белсенді қазір тұрғындармен кездесіп, өзбек тілінде тек «ана тілі» және «әдебиет» пәнін қалдыруды, ал қалған сабақтарды қырғыз тілінде оқытуды енгізу жөнінде ұсыныс айтып жүр.

Тәуелсіз сарапшы Әбдімомун Мамараимов оқыту ісін өзбек тілінен қырғыз тіліне көшіру этникалық ахуалды ушықтырып жіберуі мүмкін деген пікір айтады. Оның сөзінше, кейбір ата-аналар мұны кемсіту деп қабылдауы мүмкін.

Ата-аналардың бастамасымен, Қашғар ауылындағы мектепте 2009 жылдан бастап барлық пәндерді біртіндеп қырғыз тілінде оқытуға көшіру қолға алынған. Мұның бір себебі – өзбек тіліндегі оқулықтардың тапшылығы деп хабарлады мектеп директоры Қадыржан Юнусов.

«Ар-Намыс» партиясының мүшесі Әнуар Артықов бұндай бастама 2010 жылы маусымда болған қырғыздар мен өзбектер арасындағы қақтығыстан соң қоғамдағы бірлесуге ықпал етуі мүмкін деп топшылайды.

Қырғызстанның оңтүстігінде былтырғы қақтығыстар салдарынан жүздеген адам қаза болып, мыңдаған тұрғын баспанасыз қалды.
XS
SM
MD
LG