Accessibility links

Қазақстан мен Ресей жақыннан жау іздей бастады


Әділбек Жақсыбеков, Қазақстанның қорғаныс министрі (оң жақта) және Анатолий Сердюков, Ресейдің қорғаныс министрі Мәтібұлақ әскери полигонында. 24 қыркүйек 2010 жыл
Әділбек Жақсыбеков, Қазақстанның қорғаныс министрі (оң жақта) және Анатолий Сердюков, Ресейдің қорғаныс министрі Мәтібұлақ әскери полигонында. 24 қыркүйек 2010 жыл

Қорғаныс саласында ынтымақтастық орнатқан Ресей мен Қазақстан "араб көктемінен" кейін жаңаша әскери жаттығу өткізе бастады. «Шығыс-2011» әскери жаттығуы бірқатар сұрақ туғызды деп жазады Jamestown қоры маусымның 29-ы күнгі санында.


Қазақстан мен Ресей көпжақты және екіжақты бірлескен кең көлемді әскери жаттығуды жиі өткізеді. Ал маусымның 20-29 аралығында өткен «Шығыс-2011» жаттығуына 3 мың әскери қызметкер, 500 броньдалған және басқа да әскери техниканың түрлері мен 30 ұшақ қатысты.

Қазақстанның Аэро ұтқыр күштерінің оңтүстік аймақтық қолбасшылығының бөлімшелері Мәтібұлақ және Көктал полигондарында бастаған жаттығуды, Қазақстанның оңтүстік-шығысындағы «Қызылағаш» полигонында аяқтады.

"АРАБ КӨКТЕМІНІҢ" ЖАҢҒЫРЫҒЫ

Jamestown-ның сайтындағы мәлімет бойынша, 2010 жылдың желтоқсанында Мәскеуде Қазақстанның қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков ресейлік әріптесі Анатолий Сердюковпен 2011 жылға арналған ынтымақтастық жоспарына қол қойыпты. Оған сай Ресей 2011 жылы ТМД-ның әскери жаттығуын және «Центр-2011» деп аталатын операциялық-стратегиялық жаттығуды, ал Қазақстан «Шығыс-2011» жедел-тактикалық командалық-штабтық жаттығуын өткізетін болған.

Әділбек Жақсыбеков бұл жаттығу "аймақтық қауіпсіздік пен қорғанысты қамтамасыз етудегі және терроризм мен экстремизммен күресте көмек көрсетудегі ынтымақтастықты күшейтеді" деп атап өтті. Бұл жаттығудың жоспарлануына араб елдеріндегі толқулар мен батыс елдерінің Ливияға басып кіруі әсер еткен болуы мүмкін дейді Jamestown қоры. Әскери күштер қатысқан бұл жаттығудың сипаты да бұрынғыдан өзгешелеу әрі ол әдеттегі "жарылыс жасап, соққы берумен" ғана шектелетін генералдардың көңілін аулауға арналмаған. Жаттығуда әскери бөлімдердің бірлескен операцияларда өзара әрекеттесе алуынан өзге қайтіп дербес қимылдайтынына да назар аударылды.
Қазақ солдаты Мәтібұлақ полигонындағы әскери жаттығуға қатысып тұр. 13 қыркүйек 2010 жыл

«Шығыс-2011» жаттығуының ресми таңбасы оның Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының (ҰҚШҰ) аясынан тыс өтетін екіжақты жаттығу екенін көрсетеді. Дегенмен, жаттығуға Ресей жағынан қатысқан әуе-десанттық күштері мен Қазақстанның әуе ұтқыр күштері ҰҚШҰ-ның шеңберіндегі ұжымдық жедел қимылдайтын күштерге жататынын жазады қор өз сайтында. Жаттығуға қатысқан 31-әуе десанты бригадасы мен 37-аэроұтқыр күштер Талдықорғанда орналасқан. Әуе десанты күштерінің бөлімдері екі елдің де қарулы күштеріндегі дайындығы жоғары құрам болып табылады. Ресейдің орталық әскери округінен қатысатын бөлімдер Орталық Азияда әскери дағдарыс туа қалса Қазақстан қарулы күштеріне ара-тұра қолдау көрсетпек деп жазады Jamestown қоры.

«ШЫҒЫС-2011» ЖАТТЫҒУЫНЫҢ ШЫНАЙЫ МАҚСАТЫ

«Шығыс-2011» жаттығулары аясында өткен «Әуе күштері-2011» ойындарында Қазақстан мен Ресейдің әуе күштері Қазақстанның әуе кеңістігін жау жағының авиациясы бұзып кірді-міс деген жағдайда алғаш рет қанатты зымырандармен соққы беру сияқты арнайы тапсырмаларды орындауы жұмбақ болып қалды. Жаттығу барысында оны екі елдің терроризмге бірлесе қарсы тұру мүмкіндіктерін нығайту үшін өткізіліп жатыр деген сыңайда жасырып-жабудың бос сөз екені көрініп тұрды дейді Jamestown.
Ресей RS-18 құрлықаралық қанатты зымыранын сынақтан өткізу үшін Байқоңырдан атып жатыр. Көрнекі сурет. 9 қараша 2006 жыл

Жаттығу сценариіндегі әр көрініс шетелдік күштерге қарсы әскери операциялар жасауға арналған. Қазақстан қорғаныс министрлігі штаб басшылары комитетінің төрағасы Сәкен Жасұзақов қанатты зымырандар жайын былай тарқатқан: "Біз қанатты ракеталармен соқы беруді алғаш рет қолданып отырмыз. Бұған дейін мұндай міндет болған жоқ. Бұл өте маңызды, себебі әлемде соңғы кездерде болып жатқан оқиғаларға жасалған талдаулар алғашқы соққының бір жарым, екі және үш мың шақырым қашықтықтан жіберілетін әрі мүлдем ұшақ пайдаланылмайтын қанатты ракеталармен берілетінін көрсетіп отыр. Біз оларды тосып алудың (қарсы атудың) көп деңгейлі жүйесін жасадық. Талдықорғанның авиация флоты осындай қанатты зымырандарды тосып алумен шұғылданды. Қарағандыдағы авиабазадан МиГ-31 ұшағын қолдандық, ол екінші кезеңдегі тосып алуды жүзеге асырды. Балқаштан Л-39 оқу-жаттығу ұшағын қолдандық».

ҚАНАТТЫ ЗЫМЫРАН МЕН ОҒАН ҚАРСЫ ТҰРУ ЖҮЙЕСІ

Қанатты зымырандар шабуылын тойтаруға Ресейдің әскери әуе күштері қатыстырылмады. Ол міндетті Қазақстан әуе күштерінің «МиГ-31» және «Су-27» жойғыш ұшағы атқарды. «Жаттығу сценариіне әсер еткен «әлемдегі соңғы оқиғаларға» жасалған талдау АҚШ, Ұлыбритания және Францияның Ливияда Каддафи күштеріне қарсы басқыншылығынан туындап отыр дейік. Бірақ НАТО Қазақстанның шығыс аймағына басып кіреді деген долбар шындыққа сай келе ме?
Жаттығу сценариінде қанатты зымырандармен шабуыл жасайтын "ықтимал жаудың" болуы шынайы қауіп туа қалса, ҰҚШҰ-ның Талдықорғандағы базаны әскери әуе күштерінің тірегі ретінде пайдаланбақшы екенін көрсетеді.

Үлкен радиустағы қанатты зымырандар жүйесін қолдану да түсінбестік туғызады. Ал жаттығу жүргізілген жерге қарап, "ықтимал жаудың" өте жақын екенін түсінуге болады» деген ой айтады Jamestown. Бұдан өзге «С-300» немесе «С-400» зымыранға қарсы қорғаныс жүйесінің қолданылуы жайында да қандай да бір мәлімет жоқ. Болмаса Мәскеу «С-400» жүйесін Орталық және Шығыс әскери округке орналастырған болатын.

Jamestown-ның жазуынша, жаудың қанатты зымырандарын тойтару немесе стратегиялық түрде қарсы тұру үшін оны нысанаға алу мен соққы берудің жетілген жүйесі қажет. Қазақстан мен Ресейдің жаттығу кезінде таратқан мәліметтеріне қарағанда, зымыранға қарсы стратегияның орнына қанатты зымыранды МиГ-31 мен Су-27 ұшақтары арқылы тойтарумен шектелген. Сонда да, нақты міндет атқармаса да, Талдықорғанға Ресейдің стратегиялық Ту-22М3 бомбалаушы ұшақтары да жеткізіліп қойылды. Жаттығу сценариінде қанатты зымырандармен шабуыл жасайтын "ықтимал жаудың" болуы шынайы қауіп туа қалса, ҰҚШҰ-ның Талдықорғандағы базаны әскери әуе күштерінің тірегі ретінде пайдаланбақшы екенін көрсетеді деп қорытындылайды Jamestown қоры.
XS
SM
MD
LG