Accessibility links


Кейде достарыммен кездесіп қалғанда, «жазуды қойдың ба?» деген сұрақ қояды. «Мен жазуды бастаған ба едім» деген ойға кетем. Бірнеше түрткен кішкентай шығармалар, бір уақыттар іштегі құлазытқан сезімнен туындаған туындылар. Сол ма? Иә. Кезінде бір қиялдардың соңында жүргенбіз. Романтикалық бір қиялдың. Бірақ бәрі өтеді, өтпелі бұл дүниеде, дүниедегі ғұмыр да.

Сонда қазір құлазытуды қойдым ба? Жоқ. Қазір бәлкім сол күндерден бетер шығармын. Білмеймін. Тек рухымның тереңдерінде жатқанды сыртқа шығарғым келмейді. Себебі олар маған ғана қатысты. Менімен байланысты уайым, қайғы, ыздырап. Басқалармен бөлісе бергім келмейді. Олар тек дұғада, сыбырда. Адресі белгілі.

Менің соңғы кездер бір байқағаным – тілім әбден қысқа екен. Ұзындыққа жетпейді, сезем. Ойымды сөйлемге төккенде жетпей қалады, себебі тілімді ұштайтын мүмкіндік жоқ. Кітап жоқ оқитын, орта жоқ ұштайтын. Бәрі тұрмыстық деңгейдегі дүкен, ырду-дырду.

Алда бір нәрсе жазсам, бір драма жазғым келеді. Өзім туралы емес, өзімнің призмамнан өткізілген бір өмір драмасы, ең әуелі өзімді, сосын басқаны толғандыратын драма жоқ емес, бар, бірақ оларды барлығы біледі. Бәлкім мен жеткізетін драма осы бәрі білетін драмалардан шығатын шығар. Басқаша бір көзқарас, тың бір леп. Маңыздысы, мағына. Мағынасыз – мағынасыз.

Тағы бір тақырып – жалғыздық. Қолға алуы қиын, жауап беру қиынның қиыны. Көптің ішінде жүріп те адам жалғыз қалады. Жоқ, жалғыздық бойдақтықта емес. Адам бала-шағалы болып жатса да жалғыздықты сезінеді. Бұл – бір өтпелі кезең емес, бұл – статус кво.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG