Accessibility links

Балқаш түрмесіндегі жарылыс болған ғимараттан 14 адамның мәйіті табылды


Балқаш қаласындағы АК-159/21 колониясындағы жарылыс салдарынан қаза тапқан 14 адамның мәйіті аршып алынды.

Бұл турасында сейсенбі күні Азаттық тілшісіне түрме бастығының тәрбие жөніндегі орынбасары Мереке Орынбаев айтты.

"Кеше түнге қалып қойған соң бүгін аршу жұмыстары жалғасып жатыр. Жарылыста өндіріс аймағындағы бояу-механикалық цехының бір шеті құлады,-"деді ол.

Орынбаев "оқиға кезінде кепілге алынғандар - сотталғандар, олар операция кезінде аман-есен босап шықты" дейді. Ол жарылыста қаза тапқан адамның бірінің діни ұйымға қатысын жоққа шығарған жоқ.

Айтуынша, қазір түрмедегі жағдай тұрақты. "Түрмедегілердің туыстары уайымдамасын,-"дейді Орынбаев.

Дүйсенбі күні Балқаш түрмесіне басып кірген «Арлан тобының» арнайы операциясы кезінде сотталғандар «оттегі баллоны тәріздес зат» қолданып өздерін жарып жіберген еді.

Шілденің 11-іне қараған түні түрмедегілердің бір тобы қашып шығуға әрекеттенгені хабарланды. Түнгі атыста қылмыстық-атқару жүйесінің екі қызметкері мен ішкі әскер бақылауының сақшысына оқ тиеді. Бұдан бөлек екі қызметкерге пышақ тиген. Сақшы қаза тапты.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG