Accessibility links

Жұмысынан айырылған полицейлер Стингке хат жазды


Ұлыбритания әншісі Стинг

Ұлыбритания әншісі Стинг

Ақтөбедегі полицияның бұрынғы екі қызметкері әйгілі британдық әнші Стингке хат жолдап, өздерінің жұмыстан айырылуына байланысты шағымданды деп хабарлайды "Интерфакс-Қазақстан" агенттігі.

Ішкі істер министрлігінің бұрынғы қызметкерлері Ғалия Мұхамбетова мен Күмісбек Қанымбеков 2010 жылы өздерінің жұмыстан "заңсыз" босатылғандарын айтқан.

"Әділдікке жетуімізге көмектесесіз деп үміттенемін. Себебі дәл өзіңіз президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевқа маған жасалған қорлық туралы айта аласыз деп сенемін. Үндеуім президентке жетпегендіктен проблемам шешілмей, мені қайтадан жұмысқа алмай жатыр", - делінген бұрынғы полицейлердің хатында.

Олар бұл хатын бүгін Ақтөбеде журналистердің көзінше "Қазпоштаның" жәшігіне салды.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Стинг Қазақстанның мұнай-газ саласындағы жұмысшылар ереуіліне қолдау ретінде Астанада 4 шілдеге белгіленген концертінен бас тартқан болатын. Әнші қазақстандық жұмысшылардың басындағы жағдай туралы «Амнести Интернешнл» құқық қорғау ұйымының өкілдерінен естіп-білген соң осындай шешімге келгенін айтқан.
XS
SM
MD
LG