Accessibility links

Австрия прокуратурасы Рахат Әлиевтің ісін қолға алды


Рахат Әлиев, президент Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы. Алматы, 30 мамыр 2007 жыл

Рахат Әлиев, президент Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы. Алматы, 30 мамыр 2007 жыл

«Austrian Times» басылымы ел прокуратурасының Қазақстанның Венадағы бұрынғы елшісі Рахат Әлиевке қатысты тексеру бастағанын жазады. «Profil» журналына сұхбат берген бұрынғы елші Нұрсұлтан Назарбаевты «нағыз кісі өлтірушінің өзі» деп атапты.


«Austrian Times» («Аустриан Таймз») шілденің 12-сі күні «Федералдық әділет министрлігі шілденің 11-і күні мемлекеттік прокуратура Рахат Әлиевке қатысты тексеру бастағанын мәлімдеді» деп жазыпты. Қазақстан сыртқы істер министрінің бұрынғы орынбасары Рахат Әлиев 2007 жылы Қазақстанның президенті оны екі банк менеджерін өлтіруді ұйымдастырды деп айыптаған соң Австрияда бой тасалаған.
Рахат Әлиевке қаржы жымқыру және адам ұрлау бойынша да айып тағылуы мүмкін.

Қазақстанның Әлиевті экстрадициялау туралы екі рет жіберген сұрауын Австрия билігі мен соты «Рахат Әлиев Қазақстанда өзіне қатысты сот әділ болады деп санамайды» деген уәжбен қабылдамай тастаған.

«НАЗАРБАЕВ ОППОЗИЦИЯНЫҢ ҮНІН ӨШІРГІСІ КЕЛЕДІ»

«Бір кездері Қазақстандағы «Нұрбанктің» акция пакетінің басым көпшілігіне ие болған Рахат Әлиевке қаржы жымқыру және адам ұрлау бойынша да айып тағылуы мүмкін» дейді мемлекеттік прокуратура. Ал Рахат Әлиевтің адвокаты – Манфред Эйнетдер (Австриядағы танымал адвокаттардың бірі) соңғы іске қатысты түсінік беруден бас тартқан.

Адвокат тек өзінің қорғауындағы адамға Австрияда мұндай айыптар тағылатынын, я тағылмайтынын күту керек, себебі ол қылмыстар Қазақстанда жасалған деген сыңайда ғана пікір білдірген. Ал қаза болған «Нұрбанк» менджерлерінің әйелдері Габриэль Ланский деген Венадағы заң фирмасында қызмет істейтін адвокатты жалдаған.
Назарбаев шын мәнінде қанішер. Ол оппозицияның үнін өшіру үшін менің беделімді түсіргісі келеді.

Екі жыл бұрын Австриядан кеткен Рахат Әлиев өзіне қарсы адам өлтірді деп айып тағылудан қауіптеніп қазір қайда екенін айтудан бас тартып отыр. Өткен айда Австрияның «Profil» журналына «Скайп» онлайн-телефоны арқылы берген сұхбатында ол Қазақстан президенті жайлы былай дейді: «Назарбаев шын мәнінде қанішер. Ол оппозицияның үнін өшіру үшін менің беделімді түсіргісі келеді. Қазақстанда сіздің өзі пікіріңіз болмауы керек. Президент оппозициядағыларға не қылмыскер деп ат тағады, не болмаса өлтіріп тынады».

Қазақстанның Австриядағы бұрынғы елшісі біраз уақыт бойы Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасымен саяси бір топта болғанын жоққа шығармайды. Ал қазір оппозициялық күштерді «топтастырып отырғанын» айтады. «Назарбаев 2007 жылы заңдық актілер арқылы өмірінің соңына дейін билікте қалуға кіріскенде мен онымен БАҚ арқылы да белсенді күрес жүргізуге бел байладым» дейді Рахат Әлиев.

ҚУҒЫНДАҒЫ БҰРЫНҒЫ КҮЙЕУ БАЛАНЫҢ ЖОСПАРЫ

Рахат Әлиев Қазақстанда жақын арада демократияның жаңғыруына мүмкіндік бар екенін айтады. «Араб елдерінде болып жатқан оқиғалар Қазақстанда да болуы мүмкін. Елдегі режим адамдыққа жат және қатал» деп баға береді ол.

Австрияны не себепті уақытша паналағаны жайлы сұраққа бұрынғы күйеу бала «Мен Австрияны бұдан ары қиындықта қалдырғым келмегендіктен тастап шықтым» деген. Рахат Әлиев өзінің Қазақстанмен аса тығыз экономикалық байланыстары жоқ елді таңдағанды жөн көргенін айтыпты.

Рахат Әлиев күндердің күні Қазақстан президенттігіне сайлауға қатысу ниеті бар екенін де айтқан. «Елде өзгерістердің болуы ықтимал. Он алты миллион халықты ұдайы қой сияқты көгендеп ұстай алмайсың» депті ол сұқбатының соңында.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG