Accessibility links

Қазір әркімнің қолында жүрген қалта телефоны (ұялы телефон) ешкімді таңдандырмайды. Онымен еңкейген кәріден еңбектеген балаға шейін сөйлесіп жүр. Бір мезгілде бірнеше жерде жүрген адаммен тілдесіп, шаруаларын бітіре беретін пайдасын жұрттың бәрі біледі. Үлкендер тіптен дән риза. «Осы сөткі жоқ болғанда керек адамымызды қалай тауып жүргенбіз»,- дейді ризашылығын жасыра алмаған жұрт

Оның арқасында жатақханадан өзіңе ұнаған қызды еш қысылмастан шақыра аласың. Вахтерша апайлардың беделі түскені түскен. Тіптен бір мекемеге танысыңды іздеп, болмаса әлдебіреуге шаруаң түсіп бара қалсаң, есік алдындағы күзетші де оны іздеп қиналғысы келмейді. «Сөткісі бар ма еді сенде» деп сұрайды. Жоқ болса, сенің ол адамға керегің шамалы екендігі, күнің түсіп барғанын бірден айқын болады. Бар болса, қалта телфоныңды шығарып нөмірді іздей бастаған кезде жаңағыға сес көрсеткендей ту сыртыңмен қарайсың ғой.

Қазір достықтың бір белгісі осы телефонның нөмірі барлығы не жоқтығынан да көрінеді. Бәзбір қызметі, шені бар адам сенімен тілдескісі келмесе де, сыпайылылық сақтап, «жұмыс телефоным бар ғой, сонда хабарласасыз» дейді байқатпай сызданып. Менсінбегені де.

Бірде автобуста келе жаттым. Қасымда отырған бір жігіттің телефоны қоңыраулатты. Маған беймәлім әуен құлақты жарып жібере жаздады. Қызықтың көкесі алда екен. Тұтқаны көтерген жігіт ар жақтағы кісіге айтарын жеткізе алмай жатты ма, әлде естілмей ме, барқ-барқ етеді. Толы автобустағылардың бәрі келесі 5-10 минут ішінде жаңағы кейіпкеріміздің жартысы балағат, жартысы құмығыңқы орысша боғауызын бір кісідей естіді. Жақсы болсын, жаман болсын – әйтеуір бергі жақтағы әңгімеге толық куә болды. Телефонмен сөйлесіп отырған «сабазың» еш қысылмады. «Ұят болды-ау, жұрттың мазасын алдым, артық кеттім» деп те қымсынбады.

Қоғамдық көлікте, пойызда, кинода әлде саябақта баж ете қалған телефон дауысын естісем, «келесі әңгімені естімей-ақ, куә болмай-ақ қояын» деген күй бәріңіздің басыңыздан өткеніне шүбә жоқ. Құлақ құрғырың қытайдың 250 теңгелік түймедей радиосы емес, дауысын ағытып қоятын. Амалсыз бетің қызарып тыңдап отырасың. «Өзі ұялмаған өзгенің бетін шиедей етеді» дейді ғой мұндайда.

Ағам айтады:

– Бірде пойызда, көпшілік жайғасатын жалпы орындық вагонда келе жаттым, – дейді. – Түннің уағы, шаршағандар мызғып кеткен. Бір бозбаланың, шамасы студент қой деймін үйіне бара жатқан, телефоны қоңыраулатты . Ол көтерді де, ақырын ғана: «Әке, мен пойыздамын. Кейін өзім қоңырау шалармын, әйтпесе мында кісілер көз шырымын алып жатыр» деп тұтқаны қоя салды. Көпшіліктің мазасын алмайын дегені де. Сол вагондағылар жігіттің сыпайылығына, көргенді бала екендігіне бір кісідей тәнті болды, – дейді ағамыз аңыз қылып.

Бірде жұмыста кабинеттің есігі ашық тұрған. Дәлізде бір қызметкер қалта телефонымен сөйлесіп жүріп, ішке әй-шәй жоқ кіріп кетті. Біз оны танымаймыз. Ол да бізді білмейтін шығар. Ештеңмен шаруасы жоқ, алақ-жұлақ етіп әр нәрсеге қарайды, бірақ соны зерделеп көріп тұрғанындығына күмән бар. Ойы – сол тұтқаның ар жағындағы әңгімеде.

Езу жимай әңгімені гөйітіп жүріп, ерсілі-қарсы өтті де, сыртқа шықты. Арада сүт пісірім уақыт өткесін әңгімесін аяқтады. Мен сыртқа шығып: «Жігітім шаруаң бар ма еді?» деп сұрадым. Иығын қиқаң еткізді де қойды. Бар жауабы осы. «Не істеп қойдым?» деген көзқарас. Әпенділігін өзі біліп тұрған жоқ.

Жалпы байқамаймыз: Қалта телефонымен сөйлескенде, біріміз тұрып кетеміз, біріміз көсіліп жүріп кетеміз. Біріміз жерді тырнаймыз, біріміз тырнақтың астын, біріміз мұрынды шұқимыз. Біріміз басты сипаймыз, желкені қасимыз. Біріміз аспанға қараймыз. Біріміз естіп тұрсақ та, түсіне алмай дал болып айғайлаймыз.

Кейбір байшыгештер қойқаңдап ары бер жүріп, боқтанып, айғайлап, қарғанып сөйлеседі. Сондайда ол емес, көріп тұрған сен қысыласың, ұяласың. Өзің солай етіп тұрсаң, ойламайтын шығарсың. Дені сау адамның қылығы емес бұл, әрине. Ынта-шынтаң тұтқаның ар жағындағы адамның сөзінен болғаннан шығар.

Кейбіріміз біраз адам тұрған жерде біреу хабарласа қалса, «Байқадың ба, мені жұрт іздеп жатыр, керек адаммын деп» маңызданып қалатынымыз жасырын емес. Қайран пендешілік десеңші.

Ар жағында беделділеу біреу болса тұтқаға бәлсініп, «Бәлен Түгенич» деп, атын көпшілік естісін деп, нығарлап бастаймыз әңгімені.

Жалпы көпшілік тұрған жерде қалта телефонын алып шығып, басқа біреумен тілдескен – егер бұл аяқасты, асығыс шаруа болмаса – әдепсіздік қой.

Сонымен, сөз соңында «Сіз қалта телефоныңызбен қалай сөйлесесіз?» деп сұрағым келеді.

kharasha.kazjur.kz

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG