Accessibility links

Жастау, өмірге мастау кезімде 01 маркалы ескі-і «Жигулиім» болды. Өзі жүрсе – тоқтамайды, тоқтаса – жүрмейді. Облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде «тіліп» жүрген кезіміз. Бір күні рулі бөлініп-бөлініп сынып қалған мәшинеме Валерий деген орыс көршімізден ескі руль сұрап алып, орнына қойып, мәз болдым.

Таңертең қазіргі «Мерседеспен» тең көретін мәшинеме отырып алып, жұмысқа ызғытып келемін. Бес минөт кешіксең, бас редактор мәселеңді май шаммен қарайды. Шырайлы Шымкенттің орталық көшесімен зуылдап келе жатсам, аялдамадағы адамдар ішек- сілесі қата күледі келіп. Не мыналар, не мен жынданғанмын… Бір кісі дауыстап қалды: «Өй, мына жігіт жынды ма?» Таң қалдым. Көшедегілердің бірі бас шайқайды, бірі теріс айналып, аузын баса күледі… Жоқ, маған тоқтауға болмайды, жұмыстан кешігемін…

Салып ұрып, редакция ауласына кірсем, бас редакторымыз Әмірсейіт Әлиев ағамыз дәретханадан шығып келеді екен. Мені көріп, жымиып салды да: «Анау не?» деп сұрады. Жалт қарасам… Жалт қарасам… Жалт қарасам ше… Ия, жалт қарасам… Айта салайын ба? Бір түрлі ұялып кеттім сол кезде.

Сөйтсем, мәшинемнің төбесінде үш леген құрт тұр! Анам құрт жасап, леген-пегенімен жүрмей тұрып қалған «Жигулиімнің» төбесіне кептіру үшін қоя салған. Мен таңертең оны байқамай жүріп кеткенмін. Күздің таңертеңгі қара суығы легендерді қатырып тастаған… Өзіңіз ойлаңыз, үш леген құртпен көше бойлап келе жатсам… Кабинетке кірсем, жазушы ағам, бөлім меңгерушісі Мархабат Байғұт телефон тұтқасын ұстата беріп: «Анаң шақырып жатыр» деді. Тұтқаны алсам, шешем: «Құртым қайда? Құрты құрысын, легендерді ұмытпай алып кел!» деп тапсырма беріп жатты. Сол күні редакция жігіттері аппақ құртқа қарық болды… («Құдағи құшақтай береді» кітабымнан алынды.)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG