Accessibility links

Қазақстан АҚШ-тың «терроризм қаупі бар елдер» тізіміне еніп кетіпті


Көрнекі сурет. Рональд Рейган әуежайындағы тексеру. Эрлингтон, 29 желтоқсан 2009 жыл

Көрнекі сурет. Рональд Рейган әуежайындағы тексеру. Эрлингтон, 29 желтоқсан 2009 жыл

EurasiaView басылымының журналисі Джошуа Кучера өз блогында Қазақстан мен Түркіменстан АҚШ иммиграциялық қызметінің ерекше тізіміне ілінгенін жазады.


Тізімге кірген елдердің азаматтары бұдан былай АҚШ-қа сапар шеккен жағдайда олардың террористік ұйымдарға қатысы бар-жоғы ерекше тексерілетін болады. «Террористік ұйымдар мен олардың мүшелеріне көмек, қолдау көрсету, қорғау сияқты әрекеттер байқалатын елдердің» тізіміндегі елдердің қандай принцип бойынша сұрыпталғаны анық емес.

"ҚАЙ ЕЛДЕ МҰСЫЛМАН КӨП БОЛСА, СОЛ ЕЛДЕН ҚАУІП БАР МА?"

Тізім шамасы «қай елде мұсылман көп болса, сол елде террористік қауіп те бар» деген ұстаным бойынша түзілген секілді» деп жазады автор шілденің 19-ы күні өз блогында.

Бірақ солай болғанның өзінде тізім ерекше қызығушылық тудырады. Мысалы, оған Қырғызстан және Әзірбайжан сияқты пост-советтік мұсылман мемлекеттері, я болмаса тұрғындарының біразы мұсылмандар болып табылатын Қытай мен Ресей секілді елдер кірмеген.

Әзірбайжанға тілектес АҚШ-тың Azeris Network деп аталатын ұйымы түркітілдес елдерге жақтасып, тізімге назар аударуға шақырады. «АҚШ ұлттық қауіпсіздік департаментінің иммиграциялық және кедендік полициясының тізіміне Қазақстан мен Түркіменстан сияқты елдердің қалай еніп кеткені түсініксіз. Бұл мемлекеттердің немесе олардың азаматтарының террористік ұйымдар мен олардың мүшелеріне қолдау көрсеткенін ешкім естімеген. АҚШ мемлекеттік департаменті жасаған шет елдердің террористік ұйымдарының бұрынғы, я қазіргі тізіміне Қазақстан да, Түркіменстан да ілінбеген болатын» дейді Azeris Network ұйымы.

"ТІЗІМ ЕКІ ЕЛДІҢ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСЫНА КӨЛЕҢКЕ ТҮСІРЕДІ"

Azeris Network ұйымы «аталған тізімге біраз террорист пен террористік ұйымдарға болысып, қолдау көрсетіп жүрген Армения не себепті кірмей қалды?» деген сұрақ қояды. Ал автор Қазақстан мен Түркіменстан азаматтарының неліктен Әзірбайжан мен Қырғызстан азаматтарынан гөрі «қауіпті болып отырғанына» үңіле түседі. «Тізімді жасаған АҚШ-тың ішкі қауіпсіздік министрлігі оған түсінік бермеді. Тізімге Өзбекстан мен Тәжікстан да енгізіліпті, бірақ ол мемлекеттерден біраз «террорист» шыққан ғой» дейді автор.

Бұл тізімге енуде тұрған ештеңе жоқ. Тек егер әлгі тізімдегі елдің азаматтары қандай да бір себеппен АҚШ-тың иммиграциялық мекемесінің есебінде тұрған болса ғана ерекше тексеруден өтеді. Сонда да болса мұның АҚШ-тың Қазақстан мен Түркіменстан үкіметімен және халқымен қарым-қатынасына көлеңке түсіретін қадам екенін айтады автор.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG