Accessibility links

Қазақстан: экономикалық динамизм + саяси автократия


"Хан шатыры" сауда, ойын-сауық орталығы. Астана, 14 шілде 2010 жыл

"Хан шатыры" сауда, ойын-сауық орталығы. Астана, 14 шілде 2010 жыл

Журналист Джошуа Кучера «егер Гиннестің рекордтар кітабына «ашылу салтанатына ең көп мемлекет басшылары келген сауда үйін» тіркеу керек болса, онда Астанадағы «Хан шатырын» ойланбай ұсынуға болады» деп жазады Slate журналында.


Журналист Қазақстан туралы бірнеше бөлімнен тұратын мақалалар сериясында елдің ірі қалаларын аралап жүріп ойға түйгенін жайттарын баяндапты.

ЗОР АМБИЦИЯ БЕЛГІСІ

Ашылу салтанатына Ресей президенті Дмитрий Медведев, Йордания королі Абдолла, Түркия президенті Абдулла Гүл және Украина, Армения мен Тәжікстанның президенттері қатысқан. «Хан шатыры» сарайының ашылуы негізі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 70 жасқа толған туған күнімен түұспа-тұс келді. 20 жыл билік жүргізгенде ол «біраз қойылым» жасады. Әрі ол жеке басқа табыну культін қалыптастырып жатқанын сезіп, өзінің 70 жасқа толған туған күнін ерекше атап өтуді қаламаса да «Хан шатырының» ашылуы туған күн кеші болғаны анық» дейді Джошуа Кучера тамыздың 1-і күні жариялаған мақаласында. Сарайдың ашылуына жеті мемлекет басшыларына қоса Қазақстан парламентінің бүкіл депутаттары және дипломатиялық корпустардың өкілдері қатысқанын еске алады ол.

Қазақстанның Сібір мен Қытайдың батысы және басқа Орталық Азиядағы «стандардың» арасында орналасуы мемлекеттің үлкен күшке айналуына мүмкіншілік бермейді. Оған қоса, халқы да аз, он алты миллионға жетпейді деп ойын одан ары сабақтайды автор.

Бұл кемшіліктеріне қарамастан, Қазақстан басшылығы өзінің халқы ойлағаннан әлдеқайда «дамыған» және «заманауи» көшке ілесіп келе жатқанына шүбә келтірмейді. Мұны шетелде отырып бақылағанның да өз пайдасы бар. Қазақстанның «Хан шатыры» сарайының ашылуына шетелдік басшыларды жинауға «ұялмай» тыраштанғаны – әлемдік деңгейге ұмтылу амбициясынан туындап отыр дейді автор.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ БАСТЫ МАҚТАНЫШЫ

Мақала авторы 20 жыл бұрын Совет одағынан тәуелсіздік алған Қазақстанды Нұрсұлтан Назарбаев постсоветтік кеңістікте айтуға тұрарлықтай даму жолына түсірді деп санайды. Халықаралық валюта қорының мәліметіне қарағанда, Қазақстандағы жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 2009 жылы 9000 АҚШ долларына жуықтап, постсоветтік мемлекеттер арасында Ресей мен Балтық бойы елдерінен кейінгі орынға тұрақтаған, ал Түркіменстанның көрсеткішінен екі есеге асып түскен. Автордың ойынша, елде тәуір киініп, поп-концерттен қалмайтын, аквапаркте қыдыратын орта тап қалыптасқан.

Солай болғанымен Джошуа Кучера «қазақстандықтар билікті сынай алатын газет басып шығара алмайды және сайлауда Назарбаевтан өзге салмақты саясаткерге дауыс бере алмайды» дейді. Яғни, Қазақстан постсоветтік елдерден өзгеше даму жолына түскен. Мысалы, Балтық бойы мемлекеттері Батыстың нарықтық экономикасы мен саяси жүйесін таңдаса, қалған бірқатар мемлекеттерді жемқорлыққа батқан автократиялық билік уысында ұстап отыр.

«Ал Қазақстан Сингапурдың «азиялық құндылықтар» деп аталып кеткен үлгісі - экономикалық дамуды саяси авторитаризммен біріктіруге талпынып жатыр. Қазақстан бұл үлгі бойынша бірқатар табысқа жеткенімен, оның алдында экономикалық теңсіздік, ұлтаралық шиеленіс, азаматтық қоғам талаптарының көбеюі мен бірпартиялы жүйенің әлсіздігі сияқты қауіптер кесе-көлденең тұр» деп жазады автор.

Астананың бұл проблемаларды реттей алу-алмауы алдағы жылдарда белгілі болады. «Қазақстанның табыстары шындыққа қаншалықты жақын екендігіне көз жеткізу үшін елді бес апта араладым, сондағы түйгенім – Қазақстанның салтанат көріп, мақтан тұтатын белгілерінің бірі Астана екен» деп қорытыпты Джошуа Кучера.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG