Accessibility links

Мен көшпендінің ұрпағымын


Қазақ блогері Асқар Базарбай (Гастарбайтер). Алматы, 2010 жыл.
Қазақ блогері Асқар Базарбай (Гастарбайтер). Алматы, 2010 жыл.
Өзімде «Ойбай, көшпенділік дегенді біреу кемсіту үшін айтты» деген паранойям жоқ. Бұндай паранойясы бар адамдар көбіне «Ойбай, қазақтар көк көзді, еуропа пішіндес болған - бізді моңғолдар құртқан» дейтіндерден шығады. «Құртса, онда сенде моңғолдың қаны басым ғой. Демек сенің еуропалыққа қатысың шамалы ғой!» десең, кәдімгідей намыстанады.

«Шыңғысхан біздің асқан мәдениетті құртты» деп өзін сұмдық мәдениетті санағысы келетіндерге Шыңғысханмен туыстық қатынасы бар екенін медициналық жолмен дәлелдесе, «Өй, енесті, мен Чингизидпін, қайта сендерге мәдениет әкелген біздер!» деп әуені өзгеруі мүмкін.
Күлкілі нәрсе ғой, ә? Жарайды, бұған алаң болмайын.

Кітапты біраз ысырып қойып, Қазақстанды аралап шығайықшы. Поезбен ғана емес, тас жол салынбаған бұрыш-бұрыштарын. Түкпір-түкпірін. Әлі де киіз үйін арқалап көшіп жүргендерді көріп қалуыңыз мүмкін. Қазір олар бір-бір үйлеп көшіп жүрсе, бұрында бүкіл ауыл болып көшеді екен.

Өлләхи, тап шыным - менің атам айтып отыратын көштерін, киіз үйлерін суреттеп; кейін жерден кепе қазып алып, терезенің орнына қойдың қарнын тартып қойып, тұра беретінін. «Ол кезде ешкімнен рұқсат сұрамайсың, малдың шөбі бітсе, шөбі көптеу, жақындау жерге барып, қазып ала саламыз тамымызды» деп. Кейін 1945-55-жылдары атам ауылдық жерде қыштан үй соғатын. Бүкіл балаларын жинап үй соғады. Үш үй соқса, әжептәуір пұл алады. Сол пұлға үй сатып алды. Оған дейін кәдімгі көшпенділік өмір болған. Басқаны қайдам, менің ата-бабам көшпенді болды. Өзбектер секілді жүзім егіп, Түркістан базарында шыт сатып күнелткен жоқ - мал соңында болды. Онда да біреудің малын бақты.

Иә, былайша айтқанда, мен (елдің айтуынша, көпті көрген ақсақалдардың айтуынша) қаратабан, жарлы дәруіштердің ұрпағымын.

Бірақ қазіргі арақ ішіп, бұтына тышып, қалдық жеген дәруіш емес. Еңбекқор, небір қиын табиғи жағдайларда қара жұмыс жасап шыныққан шалдың тұяғымын.

Ол біз сияқты талтайып, "маған үкімет/ата-анам пәтер қашан береді" деп жатқан жоқ. Белді сыбанып алып, қыштан кесек басып, оны сатады. 5 жасар, 8 жасар және 12 жасар балаларын да жұмысқа салады. Небір бейнетті көрген кісі. Бәлкім, содан болар, 92 жас жасап, 1987 жылы қайтыс болды.

Арал жақтағы разьездер - 81, Тербенбес, Бөген, Сексеуіл.

Сексеуіл деген станцияға келіп тұра бастағанда, олар қалаға келгендей әсерде болған. Ал Сексеуіл ол кезде кішкентай ғана станса маңындағы ауыл ғой қазіргімен салыстырғанда.

Айтпағым, еліміздің шұрайлы жерлерінде отырықшылық нышандары болғанымен, Еуропадағыдай емес. Барлығы салыстырмалы ғой. Еуропаға қарағанда біз көшпендіміз. Сығандарды да кемсіту арқылы өзімізді олардан жоғары санап, мерейімізді асқақтатудың жөні жоқ.

Сығандар - тексіз, тайпасыз емес. Олардың да тегі, тайпасы, мәдениеті мен өр рухы бар халық. Әр ұлт, әр этностың өзінің қызықты ерекшелігі болады. Сығандарды басқа ұлттардан, француз, герман халықтарынан мәдениеті жағынан кем санамаймын.

Сығандар өте қызық халық. Егер олар жәй ғана қаңғыбас тобыр болса, романтик Шәмші ағамыз солардың көшіне ілесіп кетпес пе еді? Бәлкім қанындағы көшпенділік оянып кетсе керек ағамызда? Кім білсін.

Иә, басқаны қайдам. Қазіргі намысқой тарихшылар кітаптарды өзгерте берсін. Бірақ менің ата-бабам де факто көшпенді болған… Мен нағыз номадпын. Сол үшін мен намыстанбаймын да, оны асыра мақтан тұтпаймын да. Бұл - жай ғана біздің өткен шағымыз.

Неден бастау алғаның емес, қайда бара жатқаның маңызды.
XS
SM
MD
LG