Accessibility links

Өзбекстанда "тыңшы" деп айыпталған Тәжікстан азаматы 12 жылға сотталды


Cаидқұл Ашуров.

Cаидқұл Ашуров.

Өзбекстан әскери соты Тәжікстан азаматы Саидқұл Ашуровты тыңшылық жасады деп айыптап, 12 жылға соттады. Сотталушының туысы Облоқұл Ризоевтың айтуынша, сот жабық жағдайда өткен.

Ашуров биылғы 5 наурызда "мемлекеттік құпия туралы заңды бұзғаны үшін" қамауға алынды. "Ол Заравшан қаласында 50 пайыз акциясы британдықтарға тиесілі «Амантайтау Голдфилдс» біріккен кәсіпорнында технолог болып жұмыс істеді" дейді туысы.

Ризоев оның Оңтүстік Африкада жұмыс істегенін айтады. Айтылған компанияның 50 пайызына ие британдық Oxus Gold компаниясының адвокаты Роберт Амстердам "Ашуров заңсыз ұсталды, құқығы тапталды" дейді.

Oxus Gold компаниясының заңгер-кеңесшісі, өзбекстандық құқыққорғаушы Сухроб Исмаилов билік Ашуровтың жеке компьютеріндегі және оның флэш-дискісінде сақталған ақпаратты құпия ақпарат ретінде қабылдады дегенді айтты. Оның айтуынша, бұл ақпараттың ешқандай құпиялылығы жоқ, оны компанияның веб-сайтынан еркін алуға болады.

"Тек 2009 жылғы алтын тасымалына байланысты құжат қана құпия деп бағалануы мүмкін. Алайда оның қазір ешқандай құны жоқ",-дейді Сухроб Исмаилов.

Ол Ашуровтың Oxus Gold компаниясы мен өзбек билігі арасындағы даудың немесе Өзбекстан мен Тәжікстан арасында соңғы жылдары күшейіп кеткен "тыңшылық ойынның" құрбаны болуы мүмкін деген жорамалын айтады.Oxus Gold компаниясы мен өзбек билігі «Амантайтау Голдфилдс» компаниясын бақылауға келісе алмай келеді.
XS
SM
MD
LG