Accessibility links

БОМЖдар да біреуді аяйды


Осыдан бірер жыл бұрын, Ақтауға қатынап, вахтамен жүрген кез. Қақаған қыстың ортасы. Қызылорда-Маңғыстау поезіне билет болмай қап, екі пойызға алғам. Біріншісі – Қандыағашқа дейін, екіншісі – Қандығаштан Маңғыстауға дейін.

Өзімді тап сол сәтте бұрынғы қызым лақтырып кетіп, сіркем су көтермей, лох сезініп тұр едім – асығыстан билеттің сағатына да дұрыс қарамаппын-ау. Қандыағаштың вокзалынан түскен соң, Маңғыстауға баратын пойыздың бір сағат бұрын кетіп қалғанын білдім…

Бойымдағы сабырдың қалдықтарын жиып, Ақтөбедегі ағама телефон соқтым, ол қазір мәшинемен шықса, таң ата жететіндігін айтты… «Ал таңертең тамағыңды асықпай ішіп ап, Ақтөбе-Маңғыстауға міне қоясың» деді. Сөйтіп Қандыағашта вокзалда түнегем. Қандыағаштың вокзал жағының жаманаты белгілі ғой енді.

Әйтсе де, орындыққа сөмкемді қойып, өзімнің сорлы жағдайыма мойынсұнғандықтан және қыларға шара қалмағандықтан, сол жерге отырып, сағатқа қарай бердім. Таң атып болмайды.

Көзім талып, ақыры сөмкеме жантайып қалғып бара жатсам, бір дәруіш оятады, нақ. Шошып кеттім.

– «Не керек, меліш жоқ!» дейін деп жатсам, көзіндегі мейірім жылуымен қатар, асқазанындағы портвейннің иісі бірдей ескен Семен Дәруіштің прототипі: «Братишка, ана терезенің алдына барып ұйықта, сол жер жылы» дейді.

«Рахмет, амиго...» дедім сыртымнан, «Лібә, мына түрім бомжекеңнің өзінде жанашырлық сезімін оятса, жетіскен екем» дедім ішімнен... «Қой, жатсам сол терезенің алдында» деген тәкаппар оймен, бүрісіп отыра бердім. Ысқырған үскірік аяз тасыма шейін тоңдырды, несін айтайын.

P.S. Ақыры мәшине де жетіп, ағам келіп оятып алды. Астыма жайып тастаған киімдерімді сөмкеме қайта тығып жатып, әлгі құдай жіберген амигоға риза болдым — терезенің алды шынымен жылы екен!
XS
SM
MD
LG