Accessibility links

Мұнайшыларды қолдап акция өткізгендерді полиция ұстады


Акцияға шыққан Арман Ожаубаевты полиция ұстады. Aлматы. 17 тамыз 2011 жыл.

Акцияға шыққан Арман Ожаубаевты полиция ұстады. Aлматы. 17 тамыз 2011 жыл.

Сәрсенбі күні "Нұр Отан" партиясының Алматыдағы филиалы алдында ереуілдеген мұнайшылар белсенділерін қолдап акция өткізген үш адам ұсталды.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, Қазақстан социалистік қозғалысы "Қаражанбасмұнайгаз" компаниясы кәсіподағының 6 жылға сотталған заңгері Наталья Соколованы және "Өзенмұнайгаз" өндірістік филиалының кәсіподақ белсендісі, сотталып жатқан Ақжанат Әминовті қолдап, акция өткізді.

Соколованы азат ету және жергілікті мұнайшылардың мұнай өндірісіне қатысты талап жазылған плакат ұстаған акция өткізушілер филиал ғимараты алдынан өтпек болған кезде полиция оларды ұстап әкетті. Акцияға шыққандар үстеріне мұнайшылар талабы жазылған жейде киіп, мойындарына шынжыр тағып алған.

Акцияда ұсталған Жанна Байтелова, Арман Ожаубаев және Дмитрий Тихонов Алмалы аудандық ішкі істер бөліміне апарылды. Жанна Байтелованың айтуынша, олар бүгін әкімшілік жауапқа тартылуы мүмкін. Алдын-ала мәліметтерге қарағанда, ұсталғандар заңсыз жиын өткізгендері үшін айыпталып отыр.
XS
SM
MD
LG